Мәдениет және ақпарат министрлігі және Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен қазір Астанада әнші, актер, ақын, драматург Қанат Жүніс шығармашылығының «Қолтаңба» атты онкүндігі өтіп жатыр. Мәселен, ертең 19 қазан күні Ә.Мәмбетов атындағы мемлекеттік драма және комедия театрында автордың «Алаш жолы» атты драмасы қойылады.
Автор шығармашы-лығының онкүндігі «Сәкен» фильм-концертінің премьерасымен ашылды. «Керуен» сауда орталығындағы «Kinopark» кинозалында көрсетілген Қ.Жүністің бұл туындысы Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық музыкалық драма театры, тағы басқа өнер шаңырақтары әртістерінің қатысуымен, ел азаматтарының демеушілігінің арқасында түсіріліпті.
Тұңғыш фильм-концерт елордадағы Сейфуллин мұражайында ілулі тұрған ақын портретінің тірі Сәкенге айналуынан басталып кетеді. Ақырын ғана қос есікті айқара ашқанда ар жағынан ақбоз атпен ән салып өтіп бара жатқан ақын бейнесі көрінеді де, жайлап қана «Сыр сандық» суреттеріне ала жөнеледі. Кіндік қаны тамған Ортаудағы Сейфолланың Қарашілігінде бала ақынның қиялын тербеген Сандықтастан түлеп, Оқжетпестің қиясына самғаған картиналар тізбегі Сәкен әндерімен көмкеріліп, қайраткер өміріне қатысты маңызды ақпараттармен әдіптеледі. Фильм-концертте деректі және көркем киноның элементтері бар. С.Сейфуллиннің «Тау ішінде», Біздің жақта», «Көкшетау», «Ақсақ киік» әндерімен қоса, бұған дейін тек ақын түлеп-ұшқан топырақта ғана шырқалып келген «Бабаларыма» әнін Қ.Жүністің өзі шырқапты. Осыған дейін эфирге шыға қоймаған туындыны Сәкен елінің азаматы, киногер Рамазан Құрманбаевтан жаңаарқалық әнші Ғалым Мұхамедин үйреніп, айтып жүргенін білуші едік. Сәкен мұрасына аса ыждағатпен қарайтын Қанат Жүніс фильм-концертіне енгізіп, нақышына келтіре орындапты. Жалғыз Сәкен емес, мұнда Ілияс пен Бейімбеттің образдары сомдалып, үш арыстың тұлғасы жарасымды көрініс тапқан.
Аққудың ары мен жазықсыз киіктің жанына атылған оқ қазақ даласында әуелі Сәкен жүрегіне тигендей әсер қалдыратын тұңғыш фильм-концерт ақын рухының бір көрінісі іспеттес.