• RUB:
    5.05
  • USD:
    521.81
  • EUR:
    543.67
Басты сайтқа өту
Оқиға 18 Қазан, 2024

Абай облысының табиғат қорғандарына құрмет көрсетілді

143 рет
көрсетілді

18 қазанда «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерваты базасында Орман шаруашылығы қызметкерлері күніне арналған салтанатты іс-шара өтті. Жиынға резерваттың 10 филиалы мен 34 орманшылықтың қызметкерлері жиналып, кәсіби мерекелерін атап өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Іс-шара Абай облысында 2023 жылдың жазында болған алапат өрт кезінде қаза тапқан 15 орманшыны бір минут үнсіздікпен еске алумен басталды. Бұл оқиға орманшылардың табиғатты қорғаудағы күрделі міндеттерін, қауіп-қатермен бетпе-бет келетін ауыр еңбектерін тағы бір рет еске салды.

Жиынға жергілікті билік өкілдері, қоғам қайраткерлері мен орман шаруашылығы ардагерлері қатысты. Қазақстанның экологиялық әлеуетін арттыруға өз үлесін қосып жүрген мамандардың еңбегі атап өтілді. Орман шаруашылығы қызметкерлерінің күні 2017 жылдан бері аталып келеді және бұл мереке – табиғат қорғаушыларының еңбегіне деген құрметтің айғағы.

Салтанатты жиында Абай облысы бойынша Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті басшысының міндетін атқарушы Евгений Сургутанов құттықтау сөз сөйлеп, орманшылардың қызметіне жоғары баға берді.

«Құрметті орман шаруашылығы қызметкерлері мен ардагерлері! Сіздердің еңбектеріңіз тек экологиялық емес, экономикалық тұрақтылықты да қамтамасыз етеді. Қиын жағдайларға қарамастан, сіздер орманды қалпына келтіріп, табиғатты қорғаудан талмайсыздар, расымен де құрметке лайықтысыздар. Сіздерге денсаулық, күш-қуат және еңбектеріңізде табыс тілеймін», деді Евгений Сургутанов.

Ресми бөлімнен кейін еңбегімен ерекше көзге түскен орманшыларға Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттар табысталды. Олардың Ертіс өңірінің қарағайлы орманын қалпына келтіруге қосқан үлестері жоғары бағаланды. Іс-шараның салтанатты бөлігі концерттік бағдарламамен аяқталды.