Павлодарда өрт сөндірушілер жанармай құю бекеті аумағында болған жарылыстың алдын алды. Өрт туралы хабар бүгін сағат 10:48-де түскен. Анықталғандай, жерасты газ цистернасы жанып кеткен, деп хабарлайды Egemen.kz.
Павлодар облысы Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, өрт шығыс өндірістік аймақта болған. Жібек жолы көшесіндегі жанар-жағармай құю бекетінің аумағында сыйымдылығы 3 текше метр жерасты газ цистернасы жанып кеткен. Оқиға орнына 24 бірлік техника мен 60 құтқарушы жіберілген.
«Автожуу орнын жылытуға арналған жерасты газ ұстағышында, сондай-ақ автожуу орнының бірінші қабатында (жабын, жабдықтар) газ-ауа қоспасынан өрт шыққаны анықталды. Өрт сөндірушілердің жедел және келісілген іс-әрекетінің арқасында өрт пен жарылыстың таралуына тосқауыл қойылды», деп хабарлады Павлодар облысының Төтенше жағдайлар департаменті.
Өрт екі сағаттан астам уақыттан кейін ғана сөндірілген. Қызыл жалын 41,5 шаршы метр аумаққа таралған.
Зардап шеккендер жоқ. Өрттің шығу себебі анықталып жатыр.