• RUB:
    5.18
  • USD:
    515.25
  • EUR:
    535.91
Басты сайтқа өту
Технология 23 Қазан, 2024

Жасанды зерденің ерекшелігі

56 рет
көрсетілді

Окленд университетінің профессоры, неврология, когни­тивті психология және білім саласының танымал сарапшысы, «Қалай оқуды үйренеміз?» ашық онлайн курсының авторы Барбара Оакли қазір қоғамда ашық қолданылып жатқан жасанды интеллектінің рөлі мен оның білім жүйесіндегі қолданылуы туралы «Zoom» қосымшасы арқылы семинар өткізді. Ол осы салада ұзақ жыл жұмыс істеп келе жатқанын айтып, қазір заманға сай жарыққа шыққан қосымшаларда тілдік модельдің өте креативті екенін жеткізді.

Сонымен бірге профессор әр компанияның жасанды зерде саласындағы сәтті жасаған қосымшаларын таныстырды. Мысалы, «Google» компаниясының «Gemeni», «Amazon» компаниясының «Cloude», «Microsoft» ком­паниясының «Open AI», «ChatGPT» өнімдерінің бір-бірінен ерекшелігі мен оны тиімді пайдаланудың қажет­тілігін тілге тиек етті.

«Адам қашанда бірдеңе біл­сем деген ниетпен өмір сүреді. Ал ол ештеңе үйренбесе, дами алмайды. Қазір бұл жағдай тіптен өзгерді. Күнделікті тір­шілікте мыңдаған нейронның өз рөлі бар екенін айтамын. Бір нәрсені үйренуге көп уақыт кетуі мүмкін. Бірақ біз одан ләззат аламыз. Бұл Қазақстан қоғамына да тиісті көмегін тигізеді деп ойлаймын», деді білікті сарапшы.

Қалай десек те, жасанды интеллект қосымшалары өмірі­мізді көп жеңілдетеді. Бірақ күнде­лікті өмірде оған тәуелді болу­дың да тиімсіз екенін білу маңыз. Барбара Оаклидің айтуынша, әсіресе студенттер жасанды зердені көп пайдаланады, бұл олардың білім алу  барысындағы қиындықты сәл де болса жеңілдеткенімен, бір жағынан, оларға кері әсерін тигізуі мүмкін. Сондықтан  про­фессор қандай істе болсын мың ойланып, жүз толғанудың пайдасы зор екенін түсіндірді.