23 қазан - халықаралық қар барысы күні. Бұл күні әлем осынау ерекше жануарға айрықша назар аударады, деп жазады Egemen.kz.
Алматы облысы әкімдігінің мәліметінше, қар барысы, сондай-ақ ілбіс ретінде белгілі мысық тұқымдас жануар «Көлсай көлдері» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағында өмір сүреді.
Қар барыстары 3000-4500 метр биіктегі тауларда мекендейді, олардың популяциясы он екі мемлекеттік қорықта қорғалады. 2014 жылы Көлсай көлдерінде кездескені тіркеліп, өңірдегі қар барыстарының популяциясын зерттеуде маңызды кезең болды.
2019 жылы қар барысын зерттеу және қорғау бағытындағы жұмыстар жаңа серпін алды: Зоология институтының қызметкерлері мен ұлттық парктің инспекторлары 40 бейнекамера орнатқан, бұл – осы жұмбақ жануарлардың мінез-құлқын тереңірек зерттеуге мүмкіндік берді. Бүгінде Көлсай көлдерінің аумағында ҚР-ның Қызыл кітабына енген 22 қар барысы тіркелген.
Көлсай көлдеріндегі қар барысының популяциясын сақтау және зерттеу жұмыстары жалғасып жатыр. Бейнекамерадан алынған мәліметтер ғалымдарға қар барыстарының өмір сүру салты, мекендейтін орындары, көбею ерекшеліктері туралы жақсы түсінуге көмектеседі. Бұл түрдің жойылып кету қаупінің жоғары екенін ескере отырып, қар барысын қорғау мен зерттеу болашақта да назарда болуы тиіс.