Қарағанды облысының прокуроры Бауыржан Мырзакеров Үйлестіру кеңесінің есірткі бизнесіне қарсы күрес жөніндегі отырысын өткізді. Кеңес барысында өңірдегі есірткі қылмыстарына қарсы күрес нәтижелері мен осы бағыттағы жаңа шаралар талқыланды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Облыстық прокуратураның мәліметінше, есірткі бизнесімен күреске бағытталған «Нашақорлыққа жол жоқ» жобасы жүзеге асырылып жатыр. Сондай-ақ ведомствоаралық топ құрылған. Осы жұмыстың нәтижесінде есірткі заттарын насихаттайтын 7 мыңнан астам жарнамалық сайттар анықталып, бұғатталған. Есірткі заттарын белгілі жерлерде қалдырушылардың көшелердегі жарнамалық жазбалары мен граффитилерін бояу шаралары қолданылған.
«Есірткіні жарнамалау үшін 55 қылмыстық іс қозғалды. Әлеуметтік желілерде, оның ішінде 98 Telegram-каналдарда мазмұны заңға қайшы және заңсыз әрекеттерге шақыратын 174 сілтеме бұғатталды», делінген хабарламада.
Бұдан бөлек ауылдық жерлерде жабайы қарасораны анықтау және жою жұмыстары белсенді түрде жүргізіліп жатыр. Жоба барысында Осакаров, Нұра және Қарқаралы аудандарында 200-ден астам қарасора бұталары жойылған.
Сонымен қатар жастарды ақпараттандыру және алдын алу жұмысына тарту мақсатында прокуратура студенттер үшін сот отырыстарының онлайн-трансляциясын ұйымдастырған.
Кеңес қорытындысы бойынша есірткі бизнесіне қарсы күрес және нашақорлықтың алдын алу бойынша қосымша шаралар бекітілді.