Қазір елімізде шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдары көптеп ашылып жатыр. Мұндай үрдіс ізденушілерге өз Отанынан алысқа ұзамай-ақ халықаралық деңгейдегі мамандардан сабақ алуға жағдай жасады.
Сондай мүмкіндіктің үлгісін Ақтөбе қаласындағы британдық Хериот-Уотт университетінің кампусында шетелдік оқытушылардың дәріс маусымын бастағанынан көріп отырмыз. Студенттер тәжірибелі мамандардың дәрістерінен сапалы халықаралық білім нәрін сіңіруге мүмкіндік алды. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрлігі хабарлады.
Ғылым және жоғары білім министрлігі таратқан ақпаратқа сүйенсек, жоғарыда аталған шетелдік университеттің оқытушылары ресми түрде өз қызметін бастап, студенттерге дәрістер оқып жатыр. Бұл оқытушылардың әрқайсысы өз саласында мол тәжірибесі мен білімі бар, халықаралық деңгейде танылған мамандар. Соның бірі – Сантьяго Вейнтимила, ағылшын тілі оқытушысы әрі инженерия саласының маманы. Ол Эквадорда дүниеге келіп, Эквадор Орталық университетін мұнай инженері мамандығы бойынша тәмамдаған. 2021–2023 жылдары Назарбаев университетінде ғылым магистрі дәрежесін алып, Тау-кен ісі және геоғылымдар мектебінде уран зерттеу тобын басқарған. Осыған қоса Сантьяго Эквадордың ірі кәсіпорындарында инженер ретінде жұмыс істеп, кәсіби тәжірибе жинақтаған, ағылшын тілін оқыту бойынша «CELTA» сертификатын алған.
Дәріс беріп жатқан оқытушылардың екіншісі – Ясир Умайр, CMOS базасындағы жоғары жылдамдықты RFID-технологиялар саласындағы сарапшы, электртехника магистрі, радиожиілік жүйе бойынша (LNA, VCO, RFID, PA) жетекші жобаларды атқарған BUPT RF-зертханасының жетекші ғылыми қызметкері. Сондай-ақ Қытайдағы ең ірі технологиялық компаниялардың жобаларына қатысқан. Оқытушы «Beijing University of Posts and Telecommunications» (BUPT) қытай университетін радиожиілік интегралды схемалары мамандығы бойынша бітірді. Сонымен қатар Швециядағы Linköping University-де магистр дәрежесін алды. Вах университетінің (Пәкістан) электртехника кафедрасында оқытушы болып жұмыс істеді. Доктор Ясир Schlumberger және OGDCL сияқты әлемдік деңгейдегі мұнай және газ саласындағы жетекші компанияларда тағылымдамадан өтіп, мұнай өнеркәсібіндегі жұмыс пен технологияларды терең зерттеген.
Осындай халықаралық деңгейдегі оқытушылардың тәжірибесі мен сараптамасы Хериот-Уотт университетінің Ақтөбедегі кампусындағы студенттерге әлемдік деңгейдегі білім алуға мүмкіндік береді.