Еліміздің саяси, әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосқаны және белсенді қоғамдық қызметі үшін Мемлекет басшысының Жарлығымен бірқатар қоғам қайраткері мемлекеттік наградалармен марапатталды.
Ұлттық мереке – Республика күні қарсаңында Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Ұлттық құрылтайдың, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңестің бірқатар мүшесіне, аймақтан келген қоғам белсенділеріне мемлекеттік награда тапсырды.
Атап айтқанда, «Парасат» орденімен Ұлттық құрылтайдың мүшесі, Түркістан облыстық қоғамдық кеңесінің төрағасы Байділдә Жылқышиев марапатталды.
Ал Ұлттық құрылтайдың, Батыс Қазақстан облыстық қоғамдық кеңесінің мүшесі Бауыржан Ғұбайдуллин, М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің доценті Жаңабек Жақсығалиев, Қостанай автомобиль көлігі колледжінің директоры Дмитрий Павленко «Құрмет» орденінің иегері атанды.
Сондай-ақ Шығыс Қазақстан облысы Азаматтық альянсының төрағасы, облыстық коғамдық кеңестің мүшесі Аяужан Әшімова мен Шығыс Қазақстан облысы Ұлан ауданындағы Қасым Қайсенов атындағы орта мектептің директоры Әсем Чамкаеваға «Ерен еңбегі үшін» медалі тапсырылды.
Президент жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңестің мүшелері – дінтанушы, діни экстремизмге қарсы іс-қимыл жөніндегі сарапшы Елнар Берікбаев, «Қоғамдық келісім» институтының директоры Элина Масагутова, қоғам белсендісі Ғалымжан Мырзабаев, сондай-ақ Қазақстанның Азаматтық альянсының атқарушы директоры Мұрат Омашев «Шапағат» медалімен марапатталды.
Е.Қарин Тәуелсіздік пен егемендіктің, барша азаматтың берекелі бірлігі мен ырысты ынтымағының жарқын рәмізі саналатын ұлттық мереке – Республика күнімен марапат иелерін құттықтады.