Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазан қаласында өтіп жатқан БРИКС-тің пленарлық отырысының «БРИКС плюс»/«аутрич» форматында сөз сөйледі, деп хабарлайды Egemen.kz.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сондай-ақ БРИКС-тің дамуға зор әлеуеті бар екенін және барлық қатысушылардың игілігі үшін ынтымақтастықты нығайтып, бірлескен мүмкіндіктерді тиімді пайдалана отырып, әртүрлі континенттердің мемлекеттерін біріктіретінін атап өтті.
«БРИКС даму тұрғысынан мол әлеуетке ие және түрлі құрлықтағы мемлекеттерді біріктіреді. Сондай-ақ ынтымақтастықты нығайтып, ортақ ресурстарды барлық қатысушының игілігіне тиімді пайдаланады. Өзара құрмет пен серіктестік, бірлесе өркендеу қағидаттарына негізделген келешектің іргесін қалауға БРИКС-тің тәжірибесі де, мүмкіндігі де жетеді», деді Мемлекет Басшысы.
Еске сала кетейік, 22-24 қазан аралығында Қазанда БРИКС-ке мүше елдердің саммиті өтіп жатыр. Іс-шараға Үндістан Премьер-Министрі Нарендра Моди, Оңтүстік Африка Республикасының Президенті Матамела Сирил Рамафоса, Эфиопия Премьер-Министрі Аби Ахмед, Мысыр Президенті Абдель Фаттах әл-Сиси, Қытай Төрағасы Си Цзиньпин, Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоған сынды бірнеше мемлекеттің басшылары қатысып жатыр.