• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Білім 25 Қазан, 2024

Қызылжарда жаңа мектеп ашылды

264 рет
көрсетілді

Ақтөбе қаласының іргесіндегі  Қызылжар  елдімекенінде 371 оқушыға арналған жаңа мектептің ашылу салтанаты болды. Мектеп құрылысын «Номад Құрылыс Компаниясы» ЖШС-і жүргізді. Екі қабатты ғимараттың ауданы 3000 шаршы метрден  асады және үш блокқа бөлінген. Алғашқы екі бөлігінде оқу ғимараты, ал үшінші бөлігінде шеберханалар, спорт залы, акт залы және асхана орналасқан.  Оқу кабинеттері барлық талапқа сай жабдықталған. Қызылжар мектебінің құрылысына 1,8 млрд теңге жұмсалды, деп хабарлайды Egemen.kz

Ақтөбе облысында жыл сайын мектеп жасындағы оқушылар санының артуынан  мектептерде орын тапшылығы жойылмай тұр. Мәселен, биылғы оқу жылында оқушылар саны былтырғыға қарағанда 5 мыңға өскен. Бала  санының артуы жаңа мектептердің салынуын қажет етеді.

«Осы жылы 4 820 орынға лайықталған 22 мектептің құрылысын салуға бюджеттен 10 миллиард теңге бөлінді. Одан өзге Ақтөбе қаласында  «Жайлы мектеп» ұлттық жобасымен  тоғыз білім ордасы салынбақшы. Бұл өз кезегінде мектептердегі орын тапшылығын азайтады», деді өңір басшысы Асхат Шахаров мектептің ашылу салтанатында.    

«Қызылжар  тұрғындары жаңа мектептің  ашылғанына өте қуанышты. Өйткені, балаларымыз жақсы жағдайда оқиды және сапалы білімге қол жеткізеді. Мұны жүзеге асыруға көмектескен азаматтарға алғысымыз шексіз. Еліміз гүлденіп, бейбітшілік пен келісімде өмір сүрейік, балаларымыз жетістіктерімен қуанта берсін», дейді Қызылжар тұрғыны, білім саласының ардагері Найман Тұңғышбайқызы.

Айта кету керек, соңғы бес жылда Ақтөбе қаласында 9 490 орынға лайықталған 20 жаңа мектеп пайдалануға берілді.