Республика күніне орай Qazaqstan жеңіл атлетика спорт кешенінде алғаш рет асық атудан ашық турнир өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.
Республика партиясының ұйымдастыруымен өткен бұл іс-шарада 40 ойыншы бақ сынады. Турнирдің финалдық кезеңіне 17 облыс, 3 мегаполистегі іріктеудің қорытындысына сәйкес, 21 жастан асқан 2 мыңға жуық қатысушының арасынан 1-2 орын алған 40 спортшы ғана жолдама алды.
«Осындай турнирді ұйымдастыру идеясы жарты жыл бұрын туындап, аймақтарда іріктеу жарыстарын өткіздік. Асық ату – көпшіліктің жадында ауыл балаларының күнделікті ойыны ретінде сақталып қалған. Ұлттық ойынымызды бұқаралық деңгейге көтеру мақсатында, бас жүлдеге автокөлік тігу арқылы қызығушылықты арттырғымыз келді. Іріктеу кезеңдерінде де жүлдегерлер ақшалай сыйақымен марапатталды. Осы турнирді алдағы жылдары дәстүрге айналдырсақ және жасөспірімдерді де қамтысақ деген жоспарымыз бар. Себебі жас буынды қазірден үлкен додаларға дайындай беруіміз керек. Жарыс барысында бәсекелестік өте жоғары болды. Әділ болу үшін, арнайы камера да қойдырдық. Жаңа есімдерді шығарып, оларға мүмкіндік беру - міндетіміз», деді «Көшпенділердің Асық спорты» халықаралық федерациясының президенті Олжас Құспеков.
Нәтижесінде мыңнан оза шапқан Әнуарбек Нұржігіт JAC темір тұлпарын тізгіндесе, күміс жүлдегер Нұрлан Жомарт 1 000 000 теңге сыйақы алды. Ал қола жүлдегер Ғарышбек Құлыбек 500 000 теңге сыйақымен марапатталды. Жеңіске деген жігері үшін Жетісу облысының өкілі Қастай Манасқа арнайы кубок берілді.