• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Күрес 29 Қазан, 2024

Ризабектің алтыны қазақ балуандарының абыройын сақтап қалды

85 рет
көрсетілді

Албанияның астанасы Тиранада күрес түрлерінен жас­тар ара­сында өткен (U-23) әлем чемпионаты өз мәресіне жетті. Бұл жарысқа Қазақстан құрамасы толық құрамда, яғни барлық сал­мақ дәрежесінде өнер көрсетті. Бірақ бозкілемге шыққан 30 балуанның тек біреуі елге олжалы оралды. Ол – Ризабек Айтмұхан.

Жарысты әдеттегідей грек-рим күресі ше­бер­лері бастады. Ти­ра­­­на­ға жол тарт­қан «классиктер» ара­­сынан Дін­мұхаммед Қош­қарға ай­рық­ша сенім артылған еді. 67 кг сал­мақта сынға түскен Жам­был об­лы­­сының өкілі 2022 жылы 20 жас­тағы балуандар ара­сын­да әлем чем­пио­наты­ның қола жүлдегері атанып, Азия бірін­­ші­лігінде бас жүлдені олжа­лады. Одан бұрын кадеттер жары­сын­­да қар­сы­л­ас шақ келтірмеді. Биыл мамыр айында Қошқар Ыстан­бұл­да өткен лицен­­зиялық тур­нирде бақ сы­нап, шешу­­ші тұс­та сүрінді. Сөйтіп, оған Париж Олим­­пиа­дасында бақ сы­нау бақыт­ы бұ­­йыр­­мады. Бірақ бұл жолы Дін­мұ­хам­мед біл­генінен жа­ңыл­­ды. Дү­бірлі дода­ның екін­ші ке­зе­­ңінде қан­да­сымыз ресей­лік Даниал Агаев­тан (5:7) айласын асыра ал­мады.

Әр жылдары жастар арасын­дағы Азия бірінші­лі­к­терінде жеңіс тұғырына көте­ріл­ген Ербол Қамалиев (55 кг), Досжан Өтепқалиев (60 кг), Нұрсұлтан Базарбаев (63 кг), Мерей Мәуліт­ханов­тың (72 кг) кемінде біреуі атой сала­тын шығар деп үміттендік. Алай­да олар да қалың топтың арасында қалып қойды. Ербол үнділік Висжавжит Мореден (0:9), Досжан грузиялық Придон Абуладзеден (4:7), Нұрсұлтан армениялық Арман Варданияннан (0:10), Мерей қырғыз Әбілхан Нұрланбековтен (2:5) жеңілді.

«Классиктердің» командалық есебінде Иран құрамасы (3 алтын+0 күміс+4 қола) көш бастады. Парсы елінің өкілдері жеті жүлдеге қол жеткізді. Оның үшеуі – алтын. Молдова (2+0+0) екі алтын алып, екінші орынды олжалады. Одан кейінгі сатыларға Ресей (1+2+3), Грузия (1+1+4), Армения (1+1+0), Қырғызстан (1+0+1), Өзбекстан (1+0+0), Әзербайжан (0+1+2), Германия (0+1+1), Нидерланд (0+1+0), АҚШ (0+1+0), Беларусь (0+1+0), Польша (0+0+2), Жапония (0+0+1), Үндістан (0+0+1), Мажарстан (0+0+1) жайғасты.

Грек-рим күресінен әлем чемпионы атанған балуандар: 55 кг – Әли Ахмади Вафа (Иран), 60 кг – Әлішер Ғаниев (Өзбекстан), 63 кг – Виталий Еременко (Молдова), 67 кг – Разақ Бейшекеев (Қырғызстан), 72 кг – Георгий Чхиквадзе (Грузия), 77 кг – Александр Гуту (Молдова), 82 кг – Мұхаммед Әзиз Нахаузи (Иран), 87 кг – Әуез Ганибов (Ресей), 97 кг – Айк Хлоян (Армения), 130 кг – Фардин Шабан Хебяти (Иран). 

Келесі күндері әйелдер күре­сінен өткен бәсекелерді тама­ша­ладық. Балқан түбегінде Лаура Ғаниқызы (50 кг), Зейнеп Баянова (53 кг), Айнұр Әшімова (55 кг), Шұғыла Өмірбек (57 кг), Гүлдана Бекеш (59 кг), Тыныс Дүбек (62 кг), Гүлдана Өсербай (65 кг), Бейбіт Сейдуалы (68 кг), Анастасия Панасович (72 кг), Алина Ертөстік (76 кг) сынды бұрымдылар бақ сынады. Бірақ қыздардан да қайыр болмады. Осы 10 спортшының арасынан Лаура, Зейнеп, Алинаның ғана жеңіс тұғырына көтерілуге жақсы мүмкіндігі болды. Алайда қола медаль үшін бәсекеде олар өз қарсыластарына жол берді.

Бұрымдылар бәсекесінде АҚШ-тың арулары (3+1+1) алдары­на жан салмады. Жалпы есепте солар көш бастады. Жапония (2+1+3) мен Украинаның (2+0+4) да қар­қыны күшті болды. Одан кейінгі орындарды Швеция (1+0+0), Әзер­байжан (1+0+0), Молдова (1+0+0),  Ресей (0+2+1), Канада (0+2+0), Үндістан (0+1+3), Қытай (0+1+1), Мексика (0+1+0), Түркия (0+1+0), Беларусь (0+0+2), Германия (0+0+1), Моңғолия (0+0+1), Нигерия (0+0+1), Польша (0+0+1), Румыния (0+0+1) еншіледі.

Әйелдер күресінен әлем чемпионы атанған балуандар: 50 кг – Сейдж Рейн Мойтимер (АҚШ), 53 кг – Ю Сакамото (Жапония), 55 кг – Эмма Мальмгрен (АҚШ), 57 кг – Жала Әлиева (Әзербайжан), 59 кг – Соломия Винник (Украина), 62 кг – Ирина Бондар (Украина), 65 кг – Ирина Рингачи (Молдова), 68 кг – Ами Иси (Жапония), 72 кг – Кайли Рени Велкер (АҚШ), 76 кг – Елена Макоед (АҚШ).

Еркін күрестен де 10 сайып­қыранға сенім артылды. Солар­дың арасынан Ризабек Айт­мұхан суырылып шықты. 97 кг салмақта күш сынасқан қазақ балуаны алғашқы айналымда Канададан келген Каллум Уильям Нокстың (11:0) тас-талқанын шығарды. Келесі кезеңде беларусьтік Владислав Козловты (10:0) бет қаратпай ұтты. Бұл бәсекелердің екеуі де мер­зі­мі­­нен бұрын аяқ­талды. Жар­тылай финалда қандасымыз даңқты Да­ғыс­тан еркін кү­рес мектебінің түлегі Шәміл Гад­жиәлиевті (7:4) жолынан ығыстырды. Финалда Айт­мұхан жастар арасындағы әлем біріншілігінің күміс жүлдегері, ирандық Махди Морафамен (11:6) айқасты. Парсы елі өкілі де жерлесімізге жарытып қарсылық көрсете алмады. Сөйтіп, Ризабек әлем чемпионы атанды.

Әкесі Қанат Жолдасбаевтың қол астында жаттығатын Айтмұ­хан­ның есімі қазірдің өзінде елі­міз­дің спорт тарихында алтын әріптермен жазулы тұр. Былтыр ол Белградта ересектер арасында өткен әлем чемпионатында бас жүлдені олжалады. Ризабекке дейін осы спорт түрін серік еткен бірде-бір отандасымыз дәл осындай дәрежеге жеткен жоқ еді. Биыл Испанияның Понтеведро қаласында жалауы желбірген жастардың дүниежүзілік бірінші­лігінде (U-20) қандасымыз қар­сылас шақ келтірмей, жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді. Міне, енді ол Тиранада топ жарды. Егер спорттық ше­жі­­рені парақтасақ, 23 жасқа дейінгілердің әлем чемпионатында (U-20) қазақтың жігіттері алты рет финалда белдесті. Бірақ ше­шу­ші тұста барлығы да жеңіліс­тің кермек дәмін татты. Ал Балқан тү­бегінде бұл белес Ризабек Айт­мұханға бағынды.

57 кг салмақтағы Алан Орал­бек бастапқы бәсекелерде грузия­лық Лука Гвинжия (8:5) мен моң­ғо­лиялық Жагур Сарантуяға (+3:3) сан соқтырды. Жартылай финалда жерлесіміздің жолы болмады. Ол үндістандық Чираг Чирагтан (0:8) оңбай жеңілді. Ал қола медаль үшін тартыста Алан ресейлік Юнус Явбатыровқа (2:6) жол берді.

Албания астанасындағы айқа­с­қан өзге еркін күрес ше­бер­­леріміздің өнері көңіл­ден шықпады. Алғашқы күні Әді­лет Әлмұхамедов (61 кг) иран­дық Ибрагим Мехди Хариден (1:12), Мұрат Жақыпов (74 кг) америкалық Митчелл Месен­бринк­тен (2:7), Нұржан Исаға­лиев (86 кг) израильдік Аарон Аюзеровтан (5:10), Бекзат Аман­ғалиев (92 кг) мажарстандық Мұса Арсункаевтан (0:6), Омархан Нәдіров (125 кг) болгариялық Ален Хубуловтан (2:6) ойсырай ұтылды. Келесі тәулікте Бекзат Ермекбай (65 кг) франциялық Хамзат Арсамерзоевтың (0:11),  Ернұр Нұрғазы (70 кг) Парсы елінің пехлеваны Әли Махмұд Хоррамделінің (3:10), Жеңіс Қаныбеков (79 кг) ресейлік Арсен Балаянның (1:6) осал тұсын таба алмады.

Жалпы есепте Иран (3+1+4) мен Ресей (3+1+3) өзгелерден қара үзіп кетті. Әзербайжан (1+2+1), Жапония (1+1+3), Үндістан (1+0+3), Қазақстанның (1+0+0) Әнұраны Тиранада бір мәрте шырқалды. Сондай-ақ, Қырғызстан (0+2+1), АҚШ (0+1+1), Қытай (0+1+0), Болгария (0+1+0), Молдова (0+0+2), Украина (0+0+1), Беларусьтің (0+0+1) балуандары жүлделі орындарды иеленді.  

Еркін күрестен әлем чемпионы атанған балуандар: 57 кг – Чираг Чираг (Үндістан), 61 кг – Башир Магомедов (Ресей), 65 кг – Ибрагим Ибрагимов (Ресей), 70 кг – Магомед Башир Ханиев (Әзербайжан), 74 кг – Кота Такаха­ши (Жапония), 79 кг – Махди Мохам­мад Юсефихаживар (Иран), 86 кг –Арслан Багаев (Ресей), 92 кг Амир­хоссейн Фирузпур Бандпей (Иран), 97 кг – Ризабек Айтмұхан (Қазақ­стан), 125 кг – Амирреза Валади (Иран).

Осылайша, Ризабек Айтмұ­хан­нан басқа балуандарымыз тегіс ұтылды. Мемлекет мол қаражат құйып, жастардың еш алаңсыз даярлануына барлық жағдай жасады. Жарысқа жігіт­тер мен қыздарды толық құ­рам­да апарды. Ал нәтиже көңіл көн­шітерлік емес. Алпауыттарды айтпағанда, Қырғызстан 1 алтын, ­2 күміс, 2 қоланы қоржынға салды. Алақандай ғана Молдова Тиранадан үш алтын мен екі қоланы олжалап қайтты. Басқа да елімізден әлеуеті әлдеқайда төмен елдің өрендері тәуір нәтижеге қол жеткізді. Ал бізге бұйырғаны – жалғыз ғана бас жүлде.