Аталған суреттің түсініктемесінде: «Моңғолия Республикасының 14-жылы (жаңаша 1924 жыл) қараша айының 26-ы күні түстен кейін сағат 16:17-де алғашқы Мемлекеттік құрылтай елдің тұңғыш Конститутциясын қабылдап бекіткен сәт және тарих жиынды басқарған адамдар» деп жазылған.
Келесі кезекте «бұл адамдар кімдер?» деген сауалға жауап қатар болсақ, сол жақтан бірінші тұрған адам: жоғарыдағы тарихи құралға төрағалық еткен һәм Коминтерн өкілі Т.Рысқұловпен бірге Ата заңның жобасын әзірлескен Наваандоржийн Жадамба екен. Бұл кісі өз заманында сауатты һәм көзі қарақты зиялылар қатарында болған көрінеді. Осы жиыннан кейін кеңес еліне елші болып барады. 1929-1932 жылдары Мәскеу қаласында қаржы саласын бойынша жоғары білім алады. Одан кейін Моңғол елінің Мәскеудегі сауда өкілі қызметін атқарып жүріп 1937 жылы «халық жауы» есебінде тұтқындалады. 1939 жылы түрмеде қайтыс болған.
Суретте екінші тұрған – Г.Гэлэгсэнгэ деген қоғам қайраткері. Тарихи құралдың хатшысы міндетін атқарған. Тұрар Рысқұлов «Қазақбай» деген ат жамылып 1925 жылдың 25 наурызы мен 1 мамыр аралығында Қытай еліне барған құпия сапарында Гэлэгсэнгэ үнемі қасында болған. Кейін 1938 жылы Сталиннің «адам аулау» науқанына ілініп, одан аман шықпаған тәрізді.
Үшінші тұрған – Тұрар Рысқұлов. Қазақ қайраткері Моңғолия елінің әкімшілік орталығы Күре қаласына 1924 жылы қазан айында келеді. Келудегі мақсаты – жаңа қоғам құруға белсеніп жатқан қараңғы елді социалистік жолға бағыттап, Ата заңын жасап, оны жедел қабылдату еді.
Осы оқиғаны бүге-шігесіне дейін зерттеп, бірнеше еңбек жазған тарих ғылымдарының докторы, тұрартанушы марқұм Мініс Әбілтай өзінің «Тұрар Рысқұлов: Архив құжаттары» атты 2004 жылы Түркістан қаласында жарық көрген еңбегінде: «Т.Рысқұлов ел басқаруға Ата заңның ауадай қажет екенін Моңғолияның партия және өкімет қайраткерлеріне түсіндіріп, оларды сендіре алды. Нәтижесінде, өкімет басшысы Церендоржи басқаратын конституциялық талқылау кеңесін құрып, оларға төтенше құқық беруге қол жеткізді» деп жазса, Рысқұлов оқиға барысы туралы Коминтерн басшылары Маниульский мен Войтинскийге жолдаған баяндамасында: «Моңғол елі Ата заңының жобасын жолдас Всесвятскиймен бірігіп жасадым. КСРО мен ДВР-дың Конституциясын және басқа да конституцияларды пайдаландым. Жобаны үкіметтің төтенше комиссиясы талқылады. Комиссия ұсақ-түйек түзету енгізіп, жобаны мақұлдады» деп жазады (Әбілтайұлы М. Тұрар Рысқұлов Моңғол елінде. 3 томдық шығ/жиғағы. 1- том. 74-б).
Бұл оқиға тәуелсіз Моңғолия тарихында ерекше орны бар оқиға ретінде қалды. Өйткені құрылтай барысында моңғолдар мемлекеттік даму бағытын айқындаумен қатар, тарихта тұңғыш рет өздерін тәуелсіз ел деп жариялап, астанасының атын өзгертті. Нәтижесінде, жаңа Конституция Моңғолиядағы бұрынғы монархиялық басқаруды жойып, парламенттік тың жүйе орнатты. Ел парламенті Ұлы құрал құрамында тұрақты жұмыс атқаратын 30 мүшесі бар Кіші құрал деген екі палаталы заң шығару органы іске қосылды. Сөйтіп, Т.Рысқұлов бұл елде тұңғыш рет парламенттік демократиялық жаңа жүйенің іргетасын қалап, дүниеге «Моңғолия» дейтін мемлекетті алып келумен қатар, астанасы Күренің атын «Ұланбатыр» деп өзгертті.
Бұл оқиғаның дәлелі іспеттес моңғолдың қайраткер қаламгері Л.Түдэвтің 1989 жылы орыс тілінде жарық көрген «Первый год республики» деректі хикаятында, «Коминтерн өкілі Т.Рысқұлов: «Моңғол халқының барлық болмысы астананың атына тікелей байланысты болғандықтан, оның атын өзгерту туралы пікір бірден-бір дұрыс. Астанаға ат бергенде заманымыздың белгі-бейнесін ескере отырып, революцияшыл сипаты бар ат бергеніміз дұрыс деп санаймын. Осы жағдайды ескере келе астанаға «Ұлан-Батыр» («Город красного богатыря») деген ат ұсынамын» деді. Басқалары Коминтерн өкілінің ұсынысын бірауыздан қолдайды» деп жазады.
Жыл сайын 26 қарашада тұңғыш Ата заңы қабылданып, Моңғол Халық Республикасы атауына ие болған күнін мемлекеттік дата ретінде атап өтеді. Бірақ Тұрар Рысқұлов туралы бірауыз сөз айтылмайды. Бұл моңғол ұмытса да, біз ұмытатындай оқиға емес. Сол себепті, жоғарыдағы фото деректі негізге ала отырып, оқырманға ақиқатты жеткізуді мақұл көрдік.
Суретте Тұрардың сол жағында тұрған қара шапанды адамның аты-жөні – Балин Цэрэндорж. Осы жылдары елдің бас министрі қызметін атқарған. Тұрарды қолдаушылар қатарында болыпты. 1928 жылы ақпан айында ауырып қайтыс болған.
Ал бесінші ретте шошақ бөрік киген, ала торғын шапанды адам – Михей Ербанов. Иркут гүбернесі Алар аймағында туған, ұлты – бурят. Бұл кісі осы жылдары Бурят-Моңғол АКСР-і Халық комиссариатының төрағасы қызметін атқарған. 1938 жылы 8 ақпанда Мәскеуде атылған.
Одан кейін алтыншы, жетінші, сегізінші ретпен тұрғандар: тарихи құралдың тете бастығы Өлзийт Бадрах, қатардағы өкіл Хорлоо Чойбалсын, құралдың екінші хатшысы Дугаржанцан. Осы үшеудің біріншісі Ө.Бадрах Мәскеуде Коммунистік интернационализм ұйымының орталық атқару комитетіне қарасты баспаханада редактор қызметін атқарып жүрген жерінен 1937 жылы қыркүйек айында тұтқындалыпты. Бұған моңғол-бурят қайраткері жоғарыдағы Михей Ербановпен байланыста болғаны әсер еткен көрінеді.
Келесі тұлға Хорлогийн Чойбалсан ұзақ жыл Моңғол мемлекетін басқарды. 1938-1939 жылдары Моңғолияда жүргізілген репрессияны жүзеге асырған. Қазақ халқына істеген бір жақсылығы – 1940 жылы қазақтарға Бай-Өлке атты жеке аймақ құрып берген. Қатардың ең соңында тұрған адам тарихи құралдың екінші хатшысы Дугаржанцан екенін айттық. Бірақ бұл адам хақында дерек жоққа тән.