Шымкентте бірнеше нысан ел игілігіне пайдалануға берілді. Атап айтқанда, қаланың іргесінде орналасқан Қайнарбұлақ, Көкбұлақ, Базарқақпа, Өтеміс тұрғын алаптарында төрт бірдей жаңа мәдениет үйлері салтанатты түрде ашылды.
Осы аталған елді мекендерде тұратын халық біраздан бері жергілікті әкімдікке бір мәдениет үйін салып беру жөнінде өтініш білдіріп келген еді. Тұрғындардың осы өтініш-тілегін ескерген қала әкімі Ғабит Сыздықбеков мәдениет ошақтарының құрылысын жеделдетіп қолға алуды тапсырды. Соның нәтижесінде шаһардың шалғай елді мекендерінде заманауи үлгіде салынған мәдениет үйлері пайда болды. Тұрғын алап халқымен осынау қуанышты бөлісуге мегаполис басшысы арнайы жұмыс сапарымен барып, жаңа нысандардың ашылуына қатысты.
«Мәдениет – мемлекет дамуының ажырамас бөлігі. Өркениетті елдер қашанда жоғары мәдениетімен өлшенген. Қоғамда тыныштықтың орнауы, азаматтық ұстаным көзқарасының қалыптасуы, адамдардың бір-біріне деген сүйіспеншілігі мен бауырмалдығы мәдениеттіліктен бастау алады. Бүгінде қала іргесіндегі елді мекендерде оның бірден-бір қайнар көзі мәдениет ошақтары болып отыр. Халық руханиятына қызмет атқаратын ғимарат болған соң енді бұл жерде түрлі іс-шаралар өткізілетін болады. Сонымен бірге мәдениет ошақтары бос уақытты тиімді өткізуге арналған таптырмас орынға айналады деген сенім мол. Мәдениет саласы – мемлекеттің ұстанып отырған басым бағыттарының бірі. Сол себепті Президент тапсырмасына сәйкес мегаполисте жаңа шығармашылық алаңдар құру, сондай-ақ дарынды жастарды қолдау жұмыстары жалғасын таба береді», деді Ғ.Сыздықбеков.
Мегаполис басшысы тұрғындарды, оның ішінде жастарды көп оқуға, өнер-білім қууға, спортпен шұғылданып, саламатты өмір салтын ұстануға, балалар тәрбиесіне көп көңіл бөлуге шақырды. Осы тұрғыда: «Балалардың уақытын қазір телефон ұрлап жатыр. Сағаттап ойын ойнау, қалаберді, әлеуметтік желіден шықпау жалпы қоғамның әдетіне айналып барады. Бұл ретте оқушылардың гаджеттерге құмарлығын шектеу мен олардың спорт, руханият тұрғысынан жан-жақты дамуына жағдай жасау – өте маңызды іс. Осы орайда мәдениет ошақтары үлкендер мен жастардың, балалардың ортақ руханият жолында бас қосар шығармашылық ортасы болады деген сенімдеміз. Мәдениеті биік, білімі жоғары ел қашанда озады. Әділетті қоғам құрамыз, елімізді өркениетті мемлекеттердің қатарына қосамыз десек, білім мен мәдениетке баса көңіл бөлуіміз қажет», деген пікір айтты.
Өз кезегінде жергілікті тұрғындардың өтініш-тілектерін орындап, сөзін жерде қалдырмаған қала басшылығына үлкен алғыстарын жеткізді. Мегаполисте қордаланған өзекті әлеуметтік мәселелердің дер кезінде әрі біртіндеп шешіліп келе жатқанына ризашылықтарын білдірді.
Былтыр желтоқсан айында құрылысы басталған мәдениет үйлері жобаға сәйкес екі қабаттан тұратын ғимарат ретінде салынды. Әр тұрғын алаптағы мәдениет ошақтарының аумағы 4 мың шаршы метрге жуық ауданды құрайды. 100 орынға дейінгі акт залдары бар заманауи мәдениет үйлерінде вестибюль, гардероб, құрал-жабдық қоятын, грим жасау, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған бөлмелер, жұмыс кабинеттері, кітапхана, оқу мен жаттығу залдары қарастырылған. Оқу залы, компьютерлік бөлме, демалыс жайлары мен қызметкерлер кабинеті барлық керекті жабдықтармен қамтамасыз етілген. Жылу мен су жүйесі қаланың орталықтандырылған коммуналдық қызметіне қосылған. Мұнда хореография бөлімі мен түрлі үйірме сыныптары ашылатын болады. Екінші қабатта орналасқан кітапхана елді мекен тұрғындарының рухани қажетін өтеуге қызмет атқарады.
ШЫМКЕНТ