Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, өңірлік спорт басқармаларының басшыларын тағайындау құзіреті жергілікті әкімдіктерден Туризм және спорт министрлігіне берілді. Осы мақсатта министрлік жанынан арнайы комиссия құрылды. Комиссия жұмысына министр Ербол Мырзабосынов жетекшілік етеді, деп хабарлайды Egemen.kz.
Мемлекет басшысы өзінің ХХХІІІ жазғы Олимпиада ойындарының жүлдегерлерімен кездесуінде әрбір өңір қандай спорт түрін дамыту керектігіне қатысты шешімді дербес қабылдайтынын сынға алған болатын. Осыған орай, Мемлекет басшысы спорт саласындағы барлық деңгейдегі басқару вертикалін қалпына келтіру жөнінде Үкіметке нақты тапсырма берді. Бұл комиссияның негізгі міндеті - басқармалар арасындағы жауапкершілік пен өкілеттіктерді нақты әрі әділ түрде бөлу. Комиссияның жұмысы барысында өңірлік спорт басқармалары басшылығына ұсынылған кандидаттар нақты талаптар бойынша бағаланады. Олар кандидаттардың саладағы тәжірибесі мен дамыту жоспары болуын, сондай-ақ спорт ғылымының негізі мен менеджментін меңгергені де ескеріледі.Кандидаттарды ұсынуды жергілікті атқарушы органдар және министрлік немесе азаматтардың өздері жүзеге асыра алады. Бүгінгі таңда Павлодар, Қарағанды және Түркістан облыстарының спорт басқармаларына жаңа басшыларды тағайындау жөнінде комиссия отырысы өткізілді.