Өтукен даласының шығыс жақ шетінде, нақтырақ айтар болсақ, Моңғол елінің Кентей аймағы Батшірет сұмын орталығынан 40 шақырым қашықтағы Биндір тауының бөктерінде ерте заманнан қалған 300-ге жуық мөр-таңба бар. Бұл жәдігер Құрғы өзен алқабындағы Арасан бұлағының басында орналасқандықтан «Арасан тас таңбасы» деп аталады.
Аталған құнды ескерткішпен алғаш рет 1943 жылы Х.Перлее деген археолог-этнолог ғалым танысып көріп, аздаған жыл үзілістен кейін 1960-1970 жылдары зерттеу ісімен тұрақты айналысыпты. Нәтижесінде, 1976 жылы «Көшпелілердің тек-тұқымын мөр-таңба арқылы анықтау» атты еңбек жазып шығыпты. Ғалым бұл туындысында жалпақ тасқа бәдізделген мөр-таңбалардың жасалу стилін анықтап, ерте дәуірден бері қолданып келе жатқан геральдикалық рәміздермен салыстыра зерттеген.
Нәтижесінде, бұл мөр-таңбалардың дені түрік дәуіріне тән екені анықталған. Түсіндіріп айтсақ, ұзындығы 6 метр, көлденеңі 2-3 метр, қалыңдығы 60-70 см болатын жалпақ тастың (суретте) бет жағына 180, артына 40, қырына 50, барлығы 270 мөр-таңба қашалған.
Бұл нысанға 1974-1981 жылдары моңғол-кеңес бірлескен зерттеу тобы, 1991-1993 жылдары моңғол-жапон бірлескен «Үш өзен» ғылыми жобасы, 1992-1996 жылдары моңғол-корея бірлескен «Шығыс Моңғолия» ғылыми экспедициясы, 2005-2008 жылдары моңғол-жапон бірлескен «Шығыс Моңғол» экспедициясы, 2008-2013 жылдары моңғол-корея бірлескен «МонСон» жобасы аясында зерттеу жұмыстары жүргізіліпті.
Жоғарыда жүргізілген зерттеу жұмыстарының қорытындысы туралы айтсақ: «Арасан тас ескерткіш нысаны – адамзат тарихының мыңдаған жылдық материалдық және рухани құндылықтарының қоры бар қасиетті орын» деген баға беріліпті. Бұл пайымды түсіндірер болсақ, жер қыртысының 2,5 – 3,5 метр тереңдігінде палеолит, 1,5 – 2,20 метр тереңдігінде мезолит, 65 – 110 см тереңдікте неолит дәуіріне тән 8 мыңнан астам тас құрал табылып отыр. Бұл жәдігерлер хақында атақты археолог, академик А.П.Окладников: «Мұндағы мұралар – жүздеген мың жыл бойы жергілікті дәстүрін сақтаған өзіндік ерекшелігі бар жәдігерлер. Ең бастысы, бұл аумақта төменгі палеолит, мезолит, неолит дәуіріне тән тас құралдар және ерте ортағасырлық мұралардың аса үлкен қоры бар. Бұл жәдігерлер уақыттық тұрғыдан: палеолит дәуірінен бастап, Моңғол империясы құрылғанға дейінгі аралықты қамтып отыр. Сонымен қатар бұл өлкеден сақ, ғұн, түрік дәуірінің қорғандары мен молалары көптеп кездеседі. Осы молаларға археологиялық қазба жұмысын жүргізген кезде әр дәуірге тән қыш ыдыстардың сынығы мен жебелер көптеп табылада. Бұндай әр дәуірге тән артефактілер жиынтығы бір жерде топтасқан нысан әлемде жоқ» деп ғылыми негізде баға берген екен.