• RUB:
    5.04
  • USD:
    488.45
  • EUR:
    529.19
Басты сайтқа өту
Қазақстан Бүгін, 11:54

Президент ұстаздар қауымына айрықша көңіл бөледі - Ерлан Қошанов

42 рет
көрсетілді

Еліміздің барлық өңіріндегі 300-ден астам мектеп мұғалімі, колледждер мен ЖОО оқытушылары, студенттер, ғалымдар, білім беру саласының ардагерлері мен сарапшылар қауымы «Amanat» партиясының «Мұғалім Talks» кейс-платформасында бас қосты. Олар орта және кәсіптік білім беру саласының өзекті мәселелерін талқылап, оны шешу жолдарын ұсынып, өзара тәжірибе алмасты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Жаңа диалог алаңының алғашқы жиыны Maqsut Narikbayev University қабырғасында өтті. Сөз басында Мәжіліс Спикері, «AMANAT» партиясының Төрағасы Ерлан Қошанов білім беру саласы әркез Мемлекет басшысының назарында екенін атап өтті. Сонымен қатар педагогтар «Amanat»-тың тірегі әрі негізгі буыны саналады. Себебі партияның әрбір үшінші мүшесі – педагогика саласының өкілі.       

«Президентіміз педагогтар қауымына айрықша көңіл бөледі. Соның бір дәлелі, Республика күні қарсаңында Мемлекет басшысы екі бірдей педагогты «Қазақстанның Еңбек ері» атағымен марапаттады. Қазақстан тарихында тұңғыш рет қатарынан қос ұстаз осындай жоғары марапатқа ие болды. Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Тоқаев Президент болған кезінде алғашқы қол қойған заңы да – «Педагог мәртебесі туралы» заң болғанына назар аударғым келеді. Айта кетейін, көптеген елдерде мұндай жеке заң жоқ. Осының бәрі біздің қоғамда ұстаздардың мәртебесін көтерудің нақты, айқын мысалы», деді Ерлан Қошанов.

Сондай-ақ Ерлан Қошанов білім беру қызметкерлерін қолдау және жалпы педагогика саласын дамыту бағытында жүйелі шаралар қабылданып жатқанын атап өтті. Бұл мәселелерге Президент Жолдауларында және оның сайлауалды бағдарламасында, сондай-ақ «Amanat» партиясының сайлауалды бағдарламасында ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, мұғалімдер мен тәрбиешілердің жалақысы ұлғайтылды, мұғалімдерге академиялық мәртебеге сәйкес үстемеақы төленеді, тұрғын үй мәселелері де шешіледі.

Сондай-ақ Мәжіліс Спикері қазақ оқушыларының беделді халықаралық байқаулардағы жетістіктерін атап өтті. Соңғы жылдары Қазақстан Халықаралық математикалық олимпиадада 104 елдің ішінде 25-орыннан түскен емес, ал FIDE Халықаралық шахмат олимпиадасында еліміздің әйелдер құрамасы отандық шахмат тарихында алғаш рет күміс жүлдені жеңіп алды. Мемлекет басшысы атап өткендей, пәндік олимпиадаларда жеңіске жеткен оқушыларды Олимпиада ойындарының жеңімпаздары сынды ұлықтау қажет. Яғни, интеллектуалды ұлт тек терең білім арқылы ғана қалыптасады.

«Бүгінде біз экономикасы дамыған, әділетті әрі табысты мемлекет құру жолындамыз. Оның негізі – прогрессивті, интеллектуалды ұлт, қуатты орта тап. Дәл осындай адамдарды тәрбиелеу – қазіргі мұғалімнің басты миссиясы. Ел болашағы – ұстаз қолында. Осы орайда, депутаттық корпус пен партия әрқашан қастарыңыздан табылып, барлық бастамаларыңызды қолдауға дайын», деді Ерлан Қошанов.

Сонымен қатар «Amanat» партиясы Төрағасының айтуынша, күн тәртібінде өз шешімін таппай келе жатқан мәселелер де бар. Олар – үш ауысымды және апатты жағдайдағы мектеп мәселесі, мұғалімдерді аттестаттау кезіндегі күрделі процедура және мектептегі қағазбастылық. Сондай-ақ балалар мен жасөспірімдер арасындағы цифрлық тәуелділіктің артуы да үлкен алаңдаушылық туғызады. Оған қарсы күресте ата-аналар мен ұстаздар қауымының өзара бірлескен іс-әрекеті қажет.

Өз кезегінде, Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев білім беру саласын дамытуға қатысты мәселелерді сапалы шешуде министрліктің, «Amanat» партиясының және депутаттық корпустың бірлесе белсенді жұмысы жүргізуінің маңызын атап өтті.

«Соңғы бес жылда білім беру жүйесі түбегейлі өзгеріске ұшырады. Бұл қадам мұғалімдердің еңбек жағдайын жақсартуға және балаларға жайлы білім беру ортасын құруға бағытталған. Ол өз кезегінде оқыту жұмысын сапалы жүргізуге ықпал етеді. 600 мыңға жуық педагогтың еңбегі жоғары бағаланып, оларға қолдау көрсету мәселесі мемлекет саясатының басым бағыттарының біріне айналды», деді министр.

Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық жоғары колледжіндегі музыка пәнінің оқытушысы Забида Худатаева ерекше қажеттілігі бар тәрбиеленушілермен жұмыс істеу кезінде педагогтың қандай қиындықтарға тап болатынына назар аударды. Педагог тәрбиелеген зағип студент Айсұлу туралы оқиға барша қатысушыны таңқалдырды.

«Ол маған білім алуға деген ерекше ынтамен, ерік-жігермен келді. Біздің осынау ортақ жолымыз түрлі қиындыққа толы болды. Біз білім берудің жаңа әдісін әзірлеп, ерекше білім алуға деген қажеттілігі бар балаларға арналған оқу құралдарын дайындадық. Мен үшін оқушымның кедергілерді жеңіп, өз мақсатына жеткенін көруден артық бақыт жоқ», деді Забида Худатаева.

Бұдан соң Ақтөбе қаласындағы жоғары политехникалық колледждің оқытушысы Дархан Шаңбаев жұмысшы мамандарын даярлау бойынша өз тәжірибесімен бөліссе, Алматыдан келген қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Гүлназ Шәми «Гаджетсіз демалыс» жобасы туралы айтты. Қарағандыдағы Абай атындағы мектеп-гимназияның директоры Жадыра Баймолдина балалар мектепте алғашқы өмір сынағынан өтіп жатқанын, сондықтан мектеп олардың екінші үйіне айналуға тиіс екенін атап өтті. Ал Орал қаласындағы тарих пәнінің мұғалімі Александр Мясников балалардың сыни ойлау қабілетін дамытудағы мектептегі пікірталас қозғалысының маңызы туралы айтты. Петропавлдан келген АӘД мұғалімі Дархан Қоспанов жастарды әскерде қызмет етуге даярлау жұмысы мектеп қабырғасында патриоттарды тәрбиелеуден басталады деген сенімде. Қызылорда облысы Тереңөзек ауылынан келген математика пәнінің мұғалімі Заманбек Аманбеков жас әріптестерін ауылда жұмыс істеуге шақырса, Астанадағы биология пәнінің мұғалімі Ілияс Сакимов олимпиадаға дайындық кезінде оқушыларға қалай қолдау көрсету керек екенін жеткізді. Отырыста белгілі тележүргізуші Ирина Тен модератор болды.

Кездесу соңында бірқатар педагогқа кәсіби қызметіндегі еңбегі және қоғамдық жұмысқа қосқан елеулі үлесі үшін ведомстволық наградалар мен «Amanat» партиясының «Ұстаз – ұлт айнасы» арнайы төсбелгісі табысталды.