Бәсеке Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің 10 жылдығы аясында ұйымдастырылды. Жарысқа еліміздің құқық қорғау, күштік және арнайы мемлекеттік органдарының қызметкерлері мен әскери қызметшілер қатысты, деп хабарлайды Egemen.kz.
Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов турнирдің финалдық жекпе-жектерін тамашалап, жеңімпаздарды марапаттады.
«Мұндай турнирлер қызметкерлердің физикалық шеберлігін шыңдап қана қоймай, батыл әрі мықты болуға тәрбиелейді. Бұл, өз кезегінде, дені сау ұлт қалыптастыруда және қызметкерлер арасында спортты насихаттауда маңызды қадам. Спорт адамдарды ұйымшылдыққа ұйыстырып, тәртіпті дәріптейді. Тәртіп – табысты қызмет пен берекелі өмірдің кепілі», деді министр Ербол Мырзабосынов.
Турнирге Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Мемлекеттік күзет қызметі, Бас прокуратура, Қаржылық мониторинг агенттігі, Ішкі істер, Төтенше жағдайлар және Қорғаныс министрлігінің командалары қатысты.
Жарыс елордадағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында Олимпиадалық жүйе бойынша ұйымдастырылды. Турнир жеңімпаздары мен жүлдегерлері кубок және медальмен марапатталды.