Назарбаев университеті жасанды интеллекттің жоғары білім беру саласындағы рөлін зерттеуге арналған жаһандық консорциумның құрамына енді. Зерттеу Африка, Азия, Солтүстік және Оңтүстік Америкада жүргізіледі, деп хабарлайды Egemen.kz.
WISE (Білім берудегі инновациялар жөніндегі дүниежүзілік саммит) және IIE (Халықаралық білім беру институты) басқаратын бұл консорциумға әлемнің жеті университеті қатысуда. Алдағы 12 айда олар жасанды интеллекті білім беру жүйелеріне біріктіру жолдарын зерттемек. Мақсаты – студенттерге жасанды интеллект рөлі айқын болатын әлемдік экономиканың талаптарына дайындалуға көмектесу.
Назарбаев университеті Кәсіби оқыту және дамыту жөніндегі сарапшысы Аида Нұранова:
«Назарбаев университеті осы бастама аясында foundation, бакалавриат пен магистратура әртүрлі деңгейлеріндегі оқыту әдістеріне бағытталған көпсалалы зерттеулер жүргізеді. Бұл маңызды зерттеу жоғары оқу орындарында білім беру үдерісінде жасанды интеллекті қолданудың үздік тәжірибелерін айқындайды. Жобаға шақырту NU аймақтағы беделін және білім беру саласындағы инновацияға деген ұмтылысын растайды», деп атап өтті.
Консорциум құрамына Назарбаев университетінен бөлек, University of Pennsylvania (АҚШ), Universidad Camilo José Cela (Испания), Ashesi University (Гана), Birla Institute of Technology & Science (Үндістан), Universidad de los Andes (Колумбия), Hamad Bin Khalifa University (Катар) кіреді. Олар білім мен тәжірибе алмасуға арналған бірлескен семинарларға қатысады.
WISE консорциумы ресми түрде Нью-Йоркте, БҰҰ Бас Ассамблеясы отырысымен қатар бастау алды.
WISE бас директоры Ставрос Яннука:
«Бұл консорциум әртүрлі өңірлер мен көзқарастарды ескеріп, аймақтық ерекшеліктерді зерттеуге мүмкіндік береді. Біздің мақсатымыз – саясатты қалыптастырып, қуатты технологиялардың барлығына қолжетімді білім беруге қызмет етуін қамтамасыз ету», деді.
Консорциум мүшелері кездесу барысында семинарлар мен панельдік талқылауларға қатысып, жоғары білім беру саласында жасанды интеллекті тиімді пайдаланудың жолдарын талқылады. Назарбаев университеті атынан Аида Нұранова университеттің зерттеулері мен жасанды интеллект дамуының білім беру болашағына әсерін түсіндірді.
Зерттеу нәтижелері келесі қарашада Катарда өтетін WISE саммитінде ұсынылады. Назарбаев университеті бұл жобаға қатысу арқылы білім беру саласындағы инновациялар мен жасанды интеллект болашағын қалыптастыруға үлес қосып, өзінің жаһандық байланыстарын нығайта түседі.