Қара адыр, қамыққан ауыл. Сүттей төгілген ай сәулесі. Маржандай тізілген қиял тізбегі, мөлдір дала алқабы. Ине жоғалса табылардай түрленген дала, шым етер бөтен ойы жоқ жүрек тыныштығы. Қатар-қатар осынау көріністің бәрі бір әнге сыярдай. Құдіретті «Бір бала» әніне.
Халық әндерінде қандай қасиет бар десеңіз, онда қазақтың жаны, ұяты, ары бар. Бәлкім біз сол әуендер арқылы өзімізге жақындайтын болармыз. Өзімізді табатын шығармыз. Ал қордаланған әуендердің әр тармағындағы мағынаға назар салсақ, әңгіме ұзаққа кетеді. Біз аздаған тармақ жөнінде ғана айталық, аймаңдай ұғымдарға ой жіберелік.
«Талдан таяқ жас бала таянбайды,
Бала бүркіт түлкіден аянбайды,
Елдің көркі, ақ тоты бір баласың
Қай дұшпан көзі қиып жамандайды?»
Қазақтың қара өлеңіндегі алғашқы екі жол абсурдқа құрылып, жеке-дара мағына бергенмен, онда құпия дүние жасырынып жатады. Мәселен, «Бір бала» әніндегі алғашқы екі жолды етене түсініп, тарам-тарамдап тарқатуға болады. «Талдан таяқ жас бала таянбайды» деп ән бастала бергенде, әлдебір саз тыңдаушы санасында жусандай бұрқырап шыға келеді. Бұл қатардың мәні қалай?
Жетісу, Оңтүстік өңірлерінде көбірек байқайтынымыз, кісі қайтыс болғанда марқұмның туыстары есік алдында таяқ таянып тұрады. Белге түскен қайғыны таяққа сүйеніп әрең көтеріп тұрғандай еңкіштеп, күрсініп көңіл айта келген кісілермен көріседі. Ал бала деген ақ әлем, оны қайғыртуға, көңіліне салмақ салуға болмайды. Бала күнімізде қолымызға қапелімде таяқ ұстай қалсақ, үлкендер «таста» деп ұрсатын. Бұл бәлки бала таяқ ұстаса кісі өліп қалар деген үрейден емес, қайғырудың балаға жат екенін сезіндіруден туса керек. Бала жүрегіне қапелімде қайғы түсіп кетпеудің қамын қылған іс бұл. Осы ғұрып ел даналығының синтезіндей болған халық әнінің сөзіне айналып, көкірекке саз құяды. Әнге зер салсақ, туындыны шығарушы сол топтағы бір балаға ән салдыру үшін айтып отырғандай елестейді. «Сен жассың, баласың ғой, ендеше, мұндай топта жалыңды жығып, көңіліңді пәс етпе, ал, әнге сал!» дегендей жанашырлық, қарасушылық, көңіл жықпастық менмұндалайды. Бұл да қазақтың өз мінезі, қоңыр көрінісі. Осы бір алғашқы тармақ арқылы адамға жанашырлық, жаман ырымға бармау, ақ парақтай бала жүрегін патшадай көтеріп таза ұстау, кісі көңілінің жібін аттамау сынды қаншама тәлім-тәрбие шоғы маздап тұр!
«Мекеніңді қарағым айтып қойшы,
Жат болмағы адамның осындайдан».
Жалпы, «Бір бала» әні ең көне әндердің бірі деседі. Мұнда ұлттық қайнардың қалың болуының бір себебі сол. Ал әннің жоғарыдағы соңғы қос тармағы арқылы ұлтымыздың туыстық әдебі, ағайынгершілігі көрінеді. Қаймана қазақ қай кезде де біріне-бірі жолыға қалса, жапырыла жеті атасын таратысып, егжей-тегжей жөн сұраса келе: «Ой, сен өзі бөтен болмадың, тіпті ет жақын туысым болып шықтың, бізге жиен екенсің немесе нағашы не құда екенсің ғой», десіп шұрқыраса табысып, бір жасасып қалатыны бар. Мұның бәрі халқымыздың айрықша қасиеті. Басқа жұртқа ұқсай бермейтін ерекшелігі. Мұны немістерден не орыстардан дәл осы үлгіде көре алмайсыз. Бұл – ұлттық дүние, қазақтың казақтығының бір ұшы осында жатыр. Қара өлеңдегі:
«Алдыңда қадірі бар ағаң болса,
Жігітке асқар ала бел емес пе?
Кемеңгер сыйласымды жеңгең болса,
Қазына таусылмайтын кен амес пе?» деген шумақтар бабаларымыздың ағайынды алтынға, жұрағатты жақұтқа балағанының көркем дәлелі.
Ұлтымыздың ағайынгершілігінің тағы бір өнегелі тармағы – бір-біріне көмек беру әдеті, қарайласу, болысу сынды жазылмаған дала салты. Өткен ғасырдың қиын-қыстау мезеттерінде қазақтан пана тапқан шешен, неміс, украин секілді халықтардың елімізге риза көңілі, олардың қамқорлығына бөленген алғысты сөздері көп жайдан хабар береді. Бізде ағайын деп тек туған-туысты, аталас, руласты айтпаса керек, тегінде барлық адамды бауырым деп сүю ұлтымыздан әуелден-ақ қансонардағы аң ізіндей айқын көрінген. Ал көңілі түскен адамға қыз беріп, қыз алып отырған бабаларымыз жақсымен туыс болуға тырысуы өзінше тәрбие. Солайша алысты жақын тұтып, жақынды бауырға тартқан ағайындар туыстық желіні үзбеген. Сүттей ұйып ғұмыр кешіп, сағыныса көріскен, самалалы сөз тудырған.
Бір ғана әннен баудай мағына таптық. Ал мұндай қордалы өнер өрісі қаншама? Сірә, «бәрі өзімізде жатыр» деген шалдар сөзі рас. Ат айналып қазығын табады.