• RUB:
    5
  • USD:
    497.89
  • EUR:
    525.12
Басты сайтқа өту
Тұлға 01 Қараша, 2024

Өзбекәлі өнегесі

99 рет
көрсетілді

Кеңес билігі тұсында халқымыздың жоқшысы атанған тұлғаның бірі – Өзбекәлі Жәнібеков. Бұл қайраткер хақында Шерхан Мұртаза «ақ жүріп өткен аяулы азамат» деп өзінің жүрекжарды сөзін тауып айтқан.

Расында, Өзбекәлі Жәнібеков –  қазақ үшін жүрек майын шам қылған (С.Торайғыров) арыс. Танымал журна­лист Талғат Батырхан «Ege­men Qazaqstan» газетінің 2016 жыл­ғы 2 қыркүйек күнгі санында жа­рия­ланған «Өзағаңның өнегесі» атты мақаласында: «Өресі биік Өза­ғаң кешегі қылышынан қан там­ған кеңестік кезеңнің өзінде ұлт­қа қызмет етудің үлкен үлгісін көрсетті. Шекпенді шенеуніктер шеруінің алдыңғы шебінде жүрсе де, арттағы топтан адаспады. Тота­литарлық жүйенің толып жат­қан тосқауылдарына қарамай хал­қының бары мен жоғын хаттады. Тар заманның тасасында көмескі тартқан ескі құндылықтарымыз­дың елесін іздеді. Санғасырлық салт-санамыздың ұмыт қалған ұстын­дарын жұртының есіне салып, жеті ықылымнан жеткен алтын арқаудың үзілмеуіне аянбай атсалысты. Бабадан мирас бай мәдениетіміздің мәртебесін көтерді. Төл тарихымыздың төрт құбыла­сын түгендеуді асқақ мұратына айналдырды. Өшкеніміздің жанып, өлгеніміздің тірілуіне өлшеусіз үлес қосты. Соның арқасында сойы бөлек саңлақтар сапынан ойып отырып орын алды. Қазақ руханиятының қабырғалы өкілі ретінде соңында мол мұра қалдырды», деп жазған екен. Бұдан асырып айтар сөз жоқ.

Осы орайда, Өзағаңның Торғай өңірі мен оның орталығы Арқалық қаласының өсіп-өркендеуіне сіңір­ген еңбегін айтпай кетуге болмайды. Ағамыз 1970 жылы жаңадан Торғай облысы құрылған қараша айынан бастап, облыстық партия комитетінің идеологиялық хатшысы болып тағайындалады. Бұл қызметін 1975 жылы шілде айында Қазақстан Компартиясы ОК сыртқы елдермен байланыс бөлімінің меңгерушісі лауа­зымына ауысқанға дейін абыройлы атқарды. 

«Өзбекәлі Жәнібековтің Торғай өңіріне, жалпы, исі қазаққа сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Торғайдың талантты жастарының басын қо­сып, тұң­ғыш рет 1972 жылы қазақ драма театрын, 1974 жылы «Шер­тер» ұлт­тық фольклорлық-этног­рафиялық ансамблін жасақтады, облыстық «Дала өлкесі тарихы» музейін ашты» («Ege­men Qazaqstan», 28 қыркүйек, 2021 жыл) деп жазады «Егеменнің» осы өңірдегі тілшісі Нұрқанат Құлабай.

Осы орайда, Алматы қалалық мем­лекеттік архив қорында сақтау­лы тұрған мына бір суреттің тари­хына тоқталсақ: фотода тұрған қазақтың арыс азаматтары – Екінші дүниежүзілік соғыстың ержүрек батырлары һәм Халық қаһармандары – Қасым Қайсенов пен Рахымжан Қошқарбаевтың «Арқа­лық қаласының құрметті азаматы» атанған сәті. Суреттің түсірілген уақы­ты «9 мамыр, 1975 жыл» деп жазылған.

Шындығында, осы жылы (1975) одақ көлемінде ұлан-асыр атап өті­ліп жатқан ұлы Жеңістің 30 жыл­дық мерейтойы мен Арқа­лық ша­һары­ның қала мәртебесін алғанының 10 жыл­дық датасына орай қазақтың маң­дайына бас­қан қос батырын аттай қалап шақы­рып алып, «құрметті азамат» атағын бергізген адам – сол тұстағы облыс­тық партия комитетінің идеоло­гиялық хатшысы Өзбекәлі Жәнібеков.

Қазіргі таңда қазақ қоғамында ұлы тұлғаларды ұлықтау ісінде өңір­лік шектеу бар. Батыс өңірі өз адамдарын, шығыс өз қайраткерлерін, оңтүстік өз тумаларын насихаттап әлек. Бұл жерде туған жер, өскен өңіріне қарамай күллі ұлтқа ортақ арыстарды әспеттеу ісін бүгінгі қоғамға ортақ дүние ретінде таныту қажет-ақ. Бұған мұндағы «Өзағаңның өнегесі» үлгі.