Қазақстан педагогикалық ғылымдар академиясы (ҚПҒА) қоғамдық бірлестігі 2004 жылы үкіметтік емес ұйым (ҮЕҰ) ретінде ашылды. Ұйымның ашылуы елімізде демократиялық қоғам құру мақсатында жасалған маңызды қадамдардың жемісі болды.
Академия құрудағы басты мақсат – үздіксіз білім беру жүйесінің және педагогика ғылымының дамуына барынша қолдау көрсету. Осы мақсат аясында көптеген жұмыс атқарылды. Академия үкіметтік емес ұйым ретінде «Қазақстанның Азаматтық альянсы» заңды тұлғалар бірлестігі мен Алматы қаласы әкімдігінің үкіметтік емес ұйымдарымен жұмысына белсене араласады.
Академия құрамында білім саласына еңбегі сіңген танымал академиктер, корреспондент-мүшелер, құрметті академиктер, шетелдік мүшелер бар.
Академия бұған дейін Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитеті қаржыландырған 20-дан аса гранттық ғылыми зерттеу жобасын, Алматы қаласы әкімдігінің тапсырысымен 10-нан аса маңызды әлеуметтік жобаны жүзеге асырды. Осындай жұмыстардың нәтижесінде ондаған монография, әдістемелік нұсқаулықтар, әдістемелік құралдар, кітаптар, брошюралар, ғылыми мақалалар жазылып, авторлық куәліктер алынды.
2020 жылы Ұлы Абайдың 175 жылдық мерейтойына орай Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының арнайы жобасымен республикалық жас ақындар мүшәйрасын өткіздік. Абайдың еңбегін кең насихаттаумен бірге, барлық облыс пен ірі қалаларда, хакім шығармаларына арналған республикалық жас ақындар байқауы өтті. Оған 548 адам қатысты. Жеңімпаз болған 51 жас ақынға арнайы марапат беріліп, өмірбаяндары мен еңбектері жазылған жинақ жарық көрді.
Сондай-ақ Қазақстан педагогикалық ғылымдар академиясы бірнеше рет Алматы қаласы әкімдігінің Алғысхатымен марапатталды. 2021 жылы Мәдениет және ақпарат министрлігі өткізген «Білім беру, ғылым, ақпарат, дене шынықтыру және спорт саласындағы мақсаттарға қол жеткізу» аталымын жеңіп алды. Ал былтыр Қазақстанның XI Азаматтық форумы шеңберінде «Таңдау» Республикалық сыйлығының «Білім беруді дамыту» аталымында топ жарды.
Жалпы, академия атқарған жұмыстарды бірнеше бағытқа бөліп қарастыруға болады.
Бірінші – салыстырмалы педагогика (СП) бағыты. 2005 жылы еліміздің компаративист-ғалымдары Қазақстан салыстырмалы педагогика қоғамын құрдық. 2006 жылы Гавай аралдары Гонолулу қаласында Бүкіл дүниежүзілік салыстырмалы білім беру қоғамдары кеңесі мен Америка СП қоғамы өткізген симпозиумға қатыстық. Онда осы қоғамға мүше болып қабылданып, басқа елдердің салыстырмалы педагогика қоғамдарымен жақсы қарым-қатынас орнаттық.
Қоғам мүшелері Гонконгте, Босния және Герцоговинада, Аустралияда, Түркияда, Жапонияда, Ресейде, Қытайда, Болгарияда өткен симпозиумдер мен конгрестерге қатысып, баяндама жасады. Академия салыстырмалы педагогика тақырыбына арналған көптеген халықаралық ғылыми педагогикалық конференция өткізді.
Салыстырмалы педагогика еліміздің педагогика ғылымының жеке саласы ретінде толық қолданысқа енгізілді. Көптеген оқулық, оқу әдістемелік құрал, монография, мақалалар жазылып, жоғары оқу орындарында арнайы пән ретінде оқытылады. Докторлық, магистрлік диссертациялар жазылып, оның дамуына сүбелі үлес қосылды.
Екінші – қазақша-орысша, орысша-қазақша салалық терминологиялық сөздіктер дайындау. Академия 2012-2014 жылдары Мәдениет және спорт министрлігі тапсырмасымен ғылым мен білімнің, өндіріс пен мәдениеттің барлық саласын қамтитын 30 томдық салалық терминологиялық сөздіктер топтамасын дайындап, шығарды.
Осындай сөздіктер топтамасы алғаш рет 1999-2000 жылдары шыққан болатын. Ал осы сөздіктер топтамасын шығарудағы басты мақсат, ол кезде дайындалған әр сөздікте шамамен 5000 термин болса, оларды өңдеп, әр томдағы терминдер санын 11-12 мыңға дейін жеткізу болды.
Осы сөздіктер топтамасын дайындауға 52 мекемеде – жоғары оқу орындарында, ғылыми зерттеу институттарында, министрліктер мен Парламентте жұмыс істейтін 144 ғылым докторы, 120 ғылым кандидаты атсалысты. Жалпы, 350-дей адам жұмыс істеді.
Әр сөздік Үкіметі жанындағы Республикалық терминология комиссиясында мақұлданды. Осындай еңбектің нәтижесінде қазақ тілінің терминологиялық қоры 250 мыңнан аса терминмен толықтырылды.
Үшінші – Оқулықтану ғылымын дамыту. Оқулықтану ғылымы 500 жылдық тарихы бар көне ғылым. 1879 жылы алғаш рет Ы.Алтынсарин жазған «Қазақ хрестоматиясы» кітап-оқулығы жарық көрді. Кейінгі жылдары А.Байтұрсынұлы, Ә.Бөкейхан, М.Дулатұлы, Ж.Аймауытұлы, Қ.Сәтбаев және басқа да зиялы қауым өкілдері жазған оқу құралдары шықты. Бірақ кеңес заманында отандық мектептер негізінен аударма оқулықтармен оқыды, сондықтан елімізде оқулықтану ғылымы дамымады, оның ғылыми негізі жасалмады.
Академия ғалымдары сапалы оқулық дайындау және оны бағалау критерийлер жүйесін жасау мақсатында көптеген зерттеу жұмысын жүргізді. Нәтижесінде, 2021 жылы «Оқулық жасау және бағалау теориясы» атты монографиялық еңбек (авторы А.Құсайынов) жарық көрді.
Республикалық ғылыми-практикалық білім мазмұнын сараптау орталығымен бірлесе отырып, оқулықтың дидактикалық аппараты мен атқаратын қызметтерінің сапасын анықтайтын 128 критерий жүйесі жасалып, қолданысқа енгізілді.
Академия жанынан Оқулықтану орталығы құрылды. Арнайы дайындалған оқулық авторлары курсы бекітіліп, соңғы жылдары мыңнан аса оқулық авторлары осы курстан өтіп, кәсіби деңгейін көтерді.
Төртінші – жастарға ұлттық рухани адамгершілік тәрбие беру. Қазіргі таңда жас ұрпаққа ұлттық рухани адамгершілік тәрбие беру – аса маңызды мәселенің бірі. 2021 жылы Алматы қаласы білім басқармасының ұсынысымен арнайы жоба жасалды. Оның мақсаты – мұғалімдерге барлық сыныпта тәрбие сағаттарын нәтижелі жүргізуге қолдау көрсету. Осы мақсатта 14 әдістемелік нұсқаулық дайындалды.
2022 жылы Алматы қаласы мектептерінде осы нұсқаулық негізінде тәрбие жұмыстары жүргізіліп, мамыр айында республикалық ғылыми педагогикалық конференция өтті. Мұғалімдер нұсқаулықтардың сапасына жоғары баға беріп, оларды жетілдіру жөнінде ұсыныс-пікірлерін білдірді.
Қазақстан педагогикалық ғылымдар академиясы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті және Алматы қаласы Білім басқармасы бірлесе отырып, барлық әдістемелік нұсқаулықты топтастырып «Ұрпақ тәрбиесіндегі құндылықтар негізі» атты 3 томдық жинақ дайындады. Оны Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы қарап, барлық Білім беру ұйымдарына қолдану үшін ұсынды.
Академия жанынан Жас ұрпаққа рухани адамгершілік тәрбие беру орталығы құрылды. Оқу-ағарту министрлігі бекіткен арнайы бағдарлама негізінде, орталық мұғалімдердің кәсіби құзыретін көтеру жұмыстарын жүргізе бастады.
Бесінші – этнографиялық сөздіктер дайындау. Тарихи дамуына байланысты қандай ұлттың болмасын басқа ұлттарда жоқ өзіндік ерекшеліктері мен құндылықтары қалыптасады. Олар сол ұлттың ұлттық терминдерінде нақышты көрініс табады. Ұлттық код пен ұлттық мәдениетті сақтау және дамыту үшін осындай этнографиялық терминдерді білу және олардың мағынасын терең түсу қажет.
Біз ұлтымыздың ерекшеліктерін білдіретін 1100-ден аса терминді жинастырып, ЭКСПО-2017 көрмесіне арнап «Алты тілді (қазақша, орысша, ағылшынша, түрікше, қытайша, арабша) қысқаша этнографиялық сөздік» әзірледік. Мұндай сөздік елімізде алғаш рет жарық көрді.
Әлемнің түпкір-түпкірінен келген басқа ұлт өкілдеріне қазақ халқының ұлттық ерекшеліктерін кеңінен түсіндіріп, оны насихаттау мақсатында ЭКСПО-2017 ұйымдастыру комитетіне 400 дана сөздікті сыйға тарттық.
Алтыншы – жалпы білім сапасын, оның ішінде орта білім беру сапасын көтеру. Бұл аса маңызды әрі өте күрделі проблема. Қай елдің орта білім беру сапасы жоғары болса, сол елдің адами капиталы жоғары болады, ғылыми-техникалық әлеуеті мен экономикасы дамиды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің 2020 жылы 27 мамыр күні өткен отырысында, оқушыларымыздың білім деңгейі халықаралық бағалауда дамыған елдерден айтарлықтай артта қалғанын, оның басты себептерінің бірі – осы салада жүйелі және ойластырылған реформалардың жүргізілмегенін айтқан болатын.
Біз 30 жылдан аса уақыт жүргізген зерттеулерімізді саралай отырып, орта білім беру сапасын көтерудің ғылыми негізін жасадық. Осы идеяның өміршеңдігін анықтау мақсатында 2018 -2019 және 2019-2020 оқу жылдарында Түркістан облысының 4 ауданында көлемді эксперимент жүргіздік. Оған 40 мектеп 3 мыңнан аса оқушы мен 400-ге жуық мұғалім қатысты.
Экспериментке қатысқан сынып оқушыларының білім сапасы, экспериментке қатыспаған сынып оқушыларының білім сапасына қарағанда, әр пәндер бойынша, орта есеппен, 4,5%-дан 9,5%-ға дейін көтерілді. Өткен жылдың соңында, «Орта білім сапасын көтерудің ғылыми-практикалық негіздері» деген монографиялық еңбек жарық көрді.
Биылғы 2024-2025 оқу жылында Түркістан облысының әкімі Д.Сатыбалдының қолдауымен облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасы, осы идея негізінде, оқушылардың білім сапасын көтеру жұмыстарын бірнеше ауданда арнайы бағдарлама бойынша жүргізіле бастады.
Алдағы уақытта да Қазақстан педагогикалық ғылымдар академиясы мүшелері осы айтылған барлық бағыт бойынша өз жұмыстарын жалғастырып, басқа да ғылыми зерттеу жұмыстар мен әлеуметтік маңызды жобаларды атқара береді.
Асқарбек ҚҰСАЙЫНОВ,
Қазақстан педагогикалық ғылымдар академиясының президенті