• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қоғам 01 Қараша, 2024

Президент жазушыны мерейтойымен құттықтады

153 рет
көрсетілді

Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық музыкалық драма театрында еліміздің еңбек сіңірген қайраткері, белгілі жазушы-драматург Роза Мұқанованың мерейтойына арналған салтанатты кеш өтті. Іс-шараға қатысқан Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқып берді.

Президент құттықтауында отандастарымыз жазушыны өзінің бірегей қолтаңбасымен қалың оқырманның жүрегінен орын алған қарымды қаламгер, дарынды драматург ретінде құрметтейтіні атап өтілген.

«Сіз көп жыл бойы ұлт­тық әдебиетіміз бен мәде­ниеті­мізді өркендетуге сүбелі үлес қосып келесіз. Қаламы­ңыз­дан шыққан тартымды туын­дыларға заманның үні, қоғамның тынысы және адамдардың жан дүниесі мен асыл қасиеттері арқау болды. Сіздің қолтаңбаңызда қайсар мінезді абзал ана, қайраткер әйел бейнесін жасаудағы суреткерлік шеберлігіңіз анық байқалады. «Мәңгілік бала бейне», «Фариза», «Бопай ханым» және басқа драмалық шығармаларыңыз театр сахнасында қойылып, көрермен тарапынан жоғары бағасын алды. Алдағы уақытта оқырмандарды жаңа туындыларыңызбен қуанта беруіңіз үшін Сізге шығармашылық шабыт тілеймін», делінген Мемлекет басшысының құттықтауында.

М.Әшімбаев өз сөзін­де Р.Мұ­қанованың шығар­машылығы қазақ әдебиетінің қазынасына айналған нағыз классика екенін атап өтті. Қаламгердің туындылары мен көптеген пьесасы оқыр­ман қауымның жоғары бағасын алып, шетелдерде де мойындалғаны белгілі. Оған жазушы шығармаларының халықаралық фестивальдерде алған жүлделері айқын дәлел.

«Роза Мұқанованың туын­­­ды­­ларында әйел тағ­дыры ай­рықша орын алады. Сондай-ақ қаламгер ру­ха­ни мәселелерге назар аударып, адамгершілік, ізгілік, мейі­рім­ділік сияқты дұрыс құнды­лық­тарды дәріп­теуге басымдық береді. Шығар­маларының басым бөлігі шетелдерде де кеңі­нен танымал. Олардың көбі театр сахна­ларында қойылып жүр. Осы­лайша, Роза Қажыға­лым­­­қызы өз туындылары арқы­лы қазақ драматургиясы мен мә­­де­­ниетін дамытуға үлкен үлес қосты», деген М.Әшімбаев жазу­­шыға зор денсаулық, бақ-береке және сарқылмас шабыт тіледі.

Сонымен қатар іс-шара барысында зиялы қауым өкіл­дері, қаламгерлер және қоғам қайраткерлері сөз сөйлеп, мерейтой иесінің шығармашылық өмірі туралы айтты және жылы лебізін білдірді.