Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі қазан айында мемлекеттік шекара арқылы заңсыз алып өтудің 1435 әрекетін тіркеді, деп хабарлайды Egemen.kz ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
ҰҚК мәліметінше, шекара кеңістігінде 4 640 заң бұзушы ұсталған, оның ішінде: 27 шетел азаматы шекараны бұзғаны үшін; 30 шетел азаматы шекараны бұзуға әрекеттенгені үшін.
«Шекара арқылы 1 435 заңсыз алып өту фактісінің алдын алынды, оның ішінде: 41 факті – есірткі заты; 91 факті – ату қаруы мен оқ-дәрі (1 дана атыс, 3 дана газды және 25 дана суық қару, 123 дана оқ-дәрі, 41 дана электрошокер); 23 факті – діни әдебиет (2 001 дана); 459 факті – жалпы сомасы 9 млн теңгеден асатын жанар-жағармай материалы (43 000 литрден астам); 616 факті – жалпы сомасы 3,4 млрд теңгеден асатын халық тұтыну тауары (соның ішінде киік мүйіздері 1,5 млрд теңгеге жуық, темекі бұйымдары 377 млн теңгеден астам); 204 факті – жалпы сомасы 1,8 млрд теңгеден астам шетел валютасы», делінген хабарламада.
Сонымен қатар Каспий акваториясында 57 браконьерлік фактісінің жолы кесілгені атап өтілді.
«Сондай-ақ: 31 дана – жүзу құралы; 70 км тор – браконьерлік аулау құралы;299 дана (1 765,1 кг) – бекіре тұқымдас балық; 904 дана (2 165 кг) – таза тұқымдас балық; 13 дана – итбалық. Алдын алынған залал сомасы шамамен 671 млн теңгені құрады», деп хабарлады ҰҚК.
Бұл фактілер бойынша материалдар бұзушыларды жауапкершілікке тарту үшін құқық қорғау және сот органдарына жіберілген.Айта кетейік, мемлекеттік шекарада қандай-да бір шектеу шаралары енгізілмеген, барлық өткізу пункті штаттық режимде жұмыс істеп жатыр.