• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Мектеп 02 Қараша, 2024

Үздіктер оқитын мектеп

454 рет
көрсетілді

Биыл республикалық физика-математика мектебінің оқушылары IMO/IPhO/IIO халықаралық олимпиадаларда 1 алтын, 6 күміс және 2 қола медаль иеленді. Бұл – оқу ордасы үшін абсолютті рекорд. ТОП-7 беделді олимпиадаларда жүлделі орын алған 26 оқушының қатарында республикалық физика-математика мек­тебінің оқушылары бар. Солардың ішінде Максим Цой «International Olympiad in Informatics» күміс медалін иеленсе, Әмірлан Аманжолов «International Mathematical Olympiad» күміс медалін жеңіп алды. Ал Марғұлан Нұрсағатов «International Physics Olympiad» күміс медалін қанжығасына бөктерсе, Қазымбек Ілияс «IPhO Olympiad» қола медалінің иегері атанды.

Республикалық физика-ма­тематика мектебі жарты ға­сырдан астам уақытта әлемдік деңгейдегі білім белесін ба­ғындырып, үздіксіз ізденіс пен тұрақты өсу жолында келе жатыр.

Іргелі білім ордасының оқу­шыларды физика-математика, информатика пәндері бойын­ша тереңдетіп оқытатын Аста­на, Алматы және Орал қа­ла­ларында филиалы жұмыс іс­тейді. Бұл үш мектепте 3 мың­нан астам оқушы білім алады. Педагогикалық құрам да білікті мамандардан құралған. Білім ордасында 300-ден аса педагог қызмет етсе, 70-ке жуығы педагог-шебер, 80-ге жуығы педагог-зерттеуші еңбек етеді.

Мектепте оқушылардың сапалы білім алуына байланыс­ты материалдық-техникалық базасы жаңартылып, заманауи мүмкіндіктер қарастырылған. Осыған байланысты Респуб­лика­лық физика-математика мек­тептерінде 2017 жылдан­ бастап «Яндекс лицей» бағдар­ламалау курсы жұмыс істейді. Бұл жоба оқушылардың IT ба­ғытты кәсіби меңгеруіне ықпал етеді. «Яндекстің» негізін қалаушылар – Аркадий Волож бен Илья Сегалович мектеп түлектері.

Қазіргі таңда мыңнан астам мектеп түлегі «Cambridge», «Oxford», «Harvard», «Yale», «Stan­ford», «Columbia», «Bos­ton», «Manchester», «KAIST», «Hong Kong University»-де білім алып, «Google», «Яндекс», «YouTube», «Twitter», «Meta», «Amazon», «Oracle», «Lift», «Air­Astana» сынды әлемдік ірі ком­панияларда қызмет етеді. Түлектер бастамасымен фи­зика-математиканы да­мыту мақсатында «Fizmat En­dowment Fund»-тың негізі қа­ланды. Аталған қордың инвес­тициялық табысы олимпиа­даларды қолдауға, дарынды оқушыларға берілетін грант санын көбейтуге, мектеп инфра­құрылымын жақсартуға, үздік мұғалімдерді қол­дау­ға ар­налған.

Оқу-ағарту министрлігі қол­дауының арқасында мектеп оқушылары түрлі халықара­лық олимпиадаларға қатысуға мүм­кіндік алды. Сонымен бірге атал­ған мектептер аясында бір­неше халықаралық олимпиада өтеді. Мәселен, 2000 жыл­дан бері өтіп келе жатқан ха­лықаралық О.Жәу­тіков олим­­пиадасына жыл сайын әлем­нің 20-дан аса елі­нен оқу­шы­лар қатысады. Бұл олимпиада орта және жо­ғары сынып­ оқушылары ара­сында ұйым­дас­тырылса, 2016 жылдан бастап өтетін «FEMO» олимпиа­­да­сы 1-5-сынып оқу­шы­­ла­­рына арналған. Бұл білім бәсекесі 2018 жылы халықаралық мәртебеге ие болды.

Жасанды интеллект негі­зін­де стартап-жоба әзірле­ген Астанадағы РФММ оқу­шы­лары Арсен Қылышбек пен Владимир Борзенков «Microsoft» компаниясының атынан 500 мың доллар жеңіп алды. Мұнда оқушылардың жан-жақты дамыған тұлға болып қалыптасуына терең мән беріледі.

«РФММ» басқарма төрағасы Руслан Қалиев физика-математика мектебінің педагогикалық ұжымы отандық білім беру саласынан бөлек, әлемдік дең­гейдегі оқытудың ұтымды тұстарын да игеретінін айтады.

«Сапалы білім берудегі жаңашыл өзгерістерді үнемі назарда ұстаймыз. Бүгінгі таңда мектеп бағдарламасында білім беру үрдісін жетілдіруге бағытталған жасанды интеллект технологиясы қолданылады. Сонымен бірге оқушылар­дың әртүрлі пәндер бойынша білімін тереңдетуге, жоғары оқу орнына түсуге көмектесе­тін «Advanced Placement» (AP) білім жобасы жұмыс іс­тейді. Сингапур әдісіндегі ма­тематика негізін бастауыштан бастап үйрету қолданысқа енгізілген», деді ол.

Астанадағы Республикалық физика-математика мектебінде «iOS», «macOS» «watchOS» және «tvOS» үшін қолданбалар жа­сауға мүмкіндік беретін «Apple» компаниясының заманауи бағдарламалау тілін үй­ренуге арналған «Swift тілінде бағдарламалау негіздері» курсы ашылған. Сондай-ақ роботтехника бағытын меңгеруде оқушылар үздік нәтижеге ие болып отыр. Мәселен, соң­ғы екі жыл қатарынан Рес­публикалық физика-математика мектебінің құрамалары Орталық Азия чемпионатында бас жүлдені жеңіп алып, ел намысын Хьюстонда өткен халықаралық дәрежедегі додада қорғады.

Сонымен қатар физика-математика мектебі білім са­ласындағы өз тәжірибесін басқа әріптестерімен үнемі бөлісіп отырады. Өйткені мектеп оқу­шыларының халықаралық кәсі­би олимпиадалардағы же­тіс­­­тіктері көпшілікті қатты қы­­зықтырады. Бүгінге дейін Рес­публикалық физика-ма­тема­тика мектебі «Өрлеу» бі­лік­­ті­лікті арттыру ұлттық ор­та­­­лығымен бірлесіп, Алма­ты, Же­тісу, Ұлытау облыс­тары­ның мұғалімдеріне арнайы шеберлік-сағатын өткізді. Бұл іс-шара әлі жалғасып жатыр.

 

АЛМАТЫ