• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Айбын 05 Қараша, 2024

Күрең қызыл берет киген 29 жауынгер

40 рет
көрсетілді

Күрең қызыл берет – жауынгерлік даңқтың, батылдық пен абыройдың белгісі. Шымкенттің «Орда» полигонында Арнайы операциялар күштерінің 29 әскери қызметшісі біліктілік сынағынан сүрінбей өткендіктен осынау мәртебеге қол жеткізді. Мұндай әскери баскиім кию – тек мықтылардың қолынан келетін іс.

О баста сынаққа 54 үміткер қатысыпты. Олардың барлығы – денешынықтыру нормативте­рін тапсырып, психологиялық, теориялық тестілеуден, сондай-ақ медициналық тексеруден өткендер. Әскери емтихан барысында арнайы жасақ қандай амалдар жасады? Алдымен марш жүгіріп, газтұмылдырық киді, залалды ау­мақ­пен 400 метр жүріп өтті, шартты нысанға жасырын жылжып барды, жаралылардың қанын қалай тоқтатудың әдістерін қолданды, сосын жарақаттанғандарды эвакуациялау бойынша ереже-талаптарды іске асырды. Қарсыласпен атыс жүргізіп жатқанда оқ-дәрілерді жеткізу, таулы, сулы жерлермен жүріп өту күрделі іс болды. Бұған қоса әскери қызметшілер атыс қаруын қолдануда шеберлігін көрсетіп, қоян-қолтық төбелесте күштілігін байқатты. Өз кезегінде ерекше көзге түскен жауынгерлерді Арнайы операциялар күштері­нің қолбасшысы полковник Айдос Мырзахметов айрықша құттықтады.

– Бұл – Қазақстан Қарулы күштері тарихындағы алғашқы біліктілік сынағы. Сендер мықты ерік-жігерді, шыдамдылықты және төзімділікті көрсете отырып, осындай күрделі жолмен сыннан өттіңдер. Күрең қызыл берет кию құқығына лайық болу керек. Бүгін аса күрделі тапсырмаларды орындап, кез келген жағдайда әрекет ете отырып, алға қойған мақ­саттарға қол жеткізуге болатынын дәлелдедіңдер, – деді ол.

Жоспар бойынша енді мұн­дай сынақ жыл сайын өткізі­ле­ді. Сондай-ақ бұл аса күрделі мін­дет­тер­ді орындау үшін Арнайы опе­ра­циялар күштерінің кәсіби даяр­ланған әскери қызметшілері­нің резервін құруға мүмкіндік береді.