• RUB:
    5.18
  • USD:
    514.93
  • EUR:
    536.04
Басты сайтқа өту
Аймақтар 05 Қараша, 2024

Ақтөбеде жолдарды қысқы күтіп ұстауға дайындық барысы талқыланды

114 рет
көрсетілді

Облыс әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде өңірдегі автомобиль жолдарын қысқы күтіп ұстауға дайындық шаралары қаралды. Ақтөбе облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Айбек Қайыр жергілікті жолдарды күтіп ұстау үшін 2025 жылға 2,7 млрд теңге қарастырылғанын хабарлады. Бұл сома облыстық мәслихаттың таяудағы сессиясында бекітіледі, деп хабарлайды Egemen.kz облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Әкімдіктің мәліметінше, облыстағы жолдардың жалпы ұзындығы – 4 440 шақырым, оның ішінде облыстық маңызы бары – 1 265 шақырым және аудандық маңызы бары – 3 175 шақырым. Бұл жолдарды қыста күтіп ұстауға 43 мердігер ұйым жауапты деп танылды.

Сонымен қатар 401 бірлік техника, бес мың тонна инертті материал, 965 тонна дизель отыны әзірленген. Айбек Қайырдың айтуынша, жылу пункттерін дайындау және оларды қажетті азық-түлік қорымен қамтамасыз ету, сондай-ақ жол бойындағы су өткізу құбырларын тазалау жұмыстары аяқталып қалған.

«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ облыстық филиалының директоры Айбол Данағұлдың мәліметінше, компания республикалық маңызы бар 1869 шақырым жолға қызмет көрсетеді. Оның 117 шақырымы қазір жөнделіп жатыр. Жұмысты аяқтау процесін жеделдету үшін қосымша техника тартылған.

«Жолдарда 101 қарлы учаске бар. Оның 28 учаскесінде 86 шақырым темірбетон қоршаулар орнатылды. Қалған учаскелерге уақытша ағаш қалқандары қойылады. Сондай-ақ қар құрсауында қалған жүргізушілер мен жолаушылар үшін 15 жылыту пункті дайындалды. 28 арнайы техника жұмылдырылды. Жетіспейтін техника жалға алынады. Қазір инертті материалдар дайындалып жатыр. Жалпы 9400 тонна құм мен 2020 тонна тұз дайындау жоспарланған», деді Айбол Данағұл.

Сондай-ақ қыста көлік кептелісін болдырмау үшін «Самара-Шымкент» республикалық маңызы бар автожолының «Ақтөбе-Хромтау-Қарабұтақ» бағытындағы учаскелерде айналма жолдар жасалған. Сонымен қатар қарлы боран болған жағдайда көлік үшін қосалқы тұрақтар дайындалады. Олардың бірі - Хромтау ауданы Ақжар ауылының тұсында ашылған. 

Қала әкімінің орынбасары Жұлдызбек Бисембин өз кезегінде облыс орталығындағы жолдарды күтіп ұстау мәселесі туралы баяндады. Қала 24 учаскеге бөлінген, олардың әрқайсысын қыста күтіп ұстауға жауапты мердігер ұйым бекітілген. Қыста көшелерді тазалауға 350 бірлік техника шығады. Қаланы қардан тазарту үшін күндізгі ауысымда 30 бригада (40 тиегіш, 150 жүк көлігі) және түнде 20 бригада (20 тиегіш, 60 жүк көлігі) жұмылдырылады. Мердігерлер қазірдің өзінде 1250 тонна тұз, 1830 тонна құм-тұз қоспасы және 2000 тоннадан астам құм жинаған.

Дайындық шаралары туралы айта келе, қала әкімінің орынбасары ел бойынша ең төмен саналатын жолдарды қысқы күтіп ұстау тарифтерін қайта қарау қажеттігін атап өтті.

Асхат Шахаров облыста жолдарды қысқы күтіп ұстауға дайындық туралы баяндамаларды тыңдап болған соң, толық дайындықты, ауа райы жағдайларына уақытылы ден қоюды және қозғалыстың барлық қатысушылары үшін қауіпсіздікті қамтамасыз етуді тапсырды.

«Жолдарда қауіпсіздікті қамтамасыз ету және қыс мезгілінде жүргізушілер үшін тәуекелдерді азайту қажет. Жолдарды жөндеуді уақтылы аяқтауға және қолайсыз ауа-райына жедел ден қоюға ерекше назар аудару маңызды. Барлық жұмыс ауа райы жағдайлары мен халық қажеттілігін ескере отырып жүргізілуі тиіс. Қардың салдарын тез арада жою ғана емес, сонымен қатар алдын-ала дайындалу – жылу пункттерін, құм мен тұз қорын ұйымдастыру, қоршаулар мен арнайы техниканың болуын қамтамасыз ету керекпіз. Жолдарда қауіпсіз жүру үшін жағдайлар барлық негізгі учаскелерде қамтамасыз етілуі тиіс», деді облыс әкімі.