• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Өндіріс 06 Қараша, 2024

Өңдеу өнеркәсібінің дамуы қалыпты

80 рет
көрсетілді

Шикізат қорының мол болғаны қандай жақсы болса, өңдеу саласының дамығаны одан да маңызды. Өйткені қолда барды ұқсата білудің қажет екенін айтып жатудың өзі артық. Сондай-ақ өзіміз өңдеп, ұқсата алатын нәрсені неге шетелдерден тасымалдауымыз керек?

Кейінгі жылдары бұл мәселеге қатты назар аударыла бастады. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев инновациялар мен жоғары технологияларды тарта отырып, ішкі нарыққа бағдарланған өңдеу өнеркәсібін дамыту жөнінде арнайы тапсырма да берді. Өңдеу өнеркәсібі саласын дамытуға, еліміздің басқа өңірлері тәрізді, кенді аймақ саналатын Ұлытау облысы да өте мүдделі.

Егер статистикаға сүйе­ніп сөйлер болсақ, өңірдегі өңдеу өнеркәсібінің көр­сет­кіштеріне көңіл қуанады. Өйткені өсім бар. Айталық, биылғы жылдың қаңтар-қа­зан айларында облыстағы өңдеу өнеркәсібінің көлемі 802 млрд теңгені құрады, бұл өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 15%-ға жоғары немесе 696 млрд теңгеге көп. Өңдеу өнер­кәсібінің жалпы көлемінің 88 пайыз үлесі Жезқазған мыс балқыту зауытына тиесілі. Мұндай цифрдың астарында сүйсінерлік шаруа тұр деп бағалауға болады. Өйткені жыл басынан бері өндірілген мыс көлемі 133,3 мың тоннаны құрап, өткен жылдың салыстырмалы кезеңіне қарағанда 107,9 тонна мыс көп өндірілген. Демек, қазынаға түсіп жатқан қаржы-қаражаттың да көлемі өскені даусыз.

Облыста машина жа­сау са­ласынан басқа өңдеу өнер­кә­сібінің бәрінде де өсім бар. Ал неге машина жасау саласы ақсаңқырап қалды? Бұл облыстағы «Қазақмыс Мэйтенанс Сервисиз» ЖШС-ның жұмысына тікелей байланысты болып отыр. Атал­ған кәсіпорындағы бюд­жет­тің бекітілуі жыл басында тым ұзаққа созылып кет­кен­діктен, кейбір келісім­шарттар кейінге қалды­рыл­ды. Соның салдарынан кә­сіп­­орын көрсететін өнер­кәсіптік қызметтердің көлемі төмендеп кетті.

Бірақ осыған қарамастан, өңдеу өнеркәсібі салалары бойынша атап айтқанда, металлургия өндірісінің нақты көлем индексі – 124,1%, сусындар өндірісі – 125,5%, химия өнеркәсібінің өнімдерін өндіру – 104,1%, жеңіл өнер­кәсіп 101,3% құрады.

Әрине, өсім өздігінен бола қалмайды. Бұған әр­түрлі фак­тор әсер етеді. Со­ның ішінде, инвес­ти­циялық жоба­лардың ор­ны бөлек. «Инвес­тиция дегеніміз – игілік» деп бекер айтылмайды. Ұлытау облысында 2023 жылы жалпы құны 10 млрд теңге құ­райтын 3 инвестициялық жоба жү­зеге асты. Соның бірі – «Қа­зақмыс» корпорациясы ЖШС-ның тәжірибелік гид­рометаллургиялық зауыты. Бұл зауыт мыс концентраттарын жаңа технологиялар арқылы қайта өңдеп шығуға бағытталған. 8,2 млрд теңге инвестиция тартылған зауытта 97 жұмыс орны ашылды. Жезқазған қала­сының іргесіндегі Та­лап ауылынан ашылған, қуат­ты­лығы жылына 20 млн дана кір­піш өндіретін жаңа зауытты іске қосуға жеке кәсіпкер 500 млн теңге қаржысын құй­ды. Зауыт қазір аймақтың кір­пішке деген сұранысының 20 пайызын өтеп отыр. Мұнда 30 жаңа жұмыс орны ашылды.

Жылына 100 мың консерві­лен­ген ет өнімдерін шығару­ды көздеген кешен Жаңаарқа ауданынан ашылған еді. Бұл кешенге 1,2 млрд теңге инвес­тиция салынды.

Биыл инвестициялық жобалар да, тартылған қаражат көлемі де өсе түсті. 13,7 млрд­ теңге қаржы тартыла­тын 6 ин­­вестжобаның нәтижесін­де 410 жаңа жұмыс орнын құру жоспарланды. Қа­зіргі кезде 1,5 млрд теңге тұратын «Жаман Айбат» кен орны базасында мыс өндіру бойынша Жезқазған мыс балқыту зауытын газдандырумен жаңғырту, 11 млрд теңге тартылған «Ашықтас» кенішінде қайта өңдеу кешенін салу іске қосылды. Жергілікті «Самға» ЖШС қос бірдей жобаға инвестиция құйып, екеуін де іске қосты. Мұның бірі – минералды қоспалар шығаратын зауыт болса, екіншісі – асфальт-бетон зауыты. Қос жо­баға барлығы 630 млн тең­ге жеке қаражатын жұм­сады. Сөйтіп, жаңадан 40 жұмыс орнының ашылуын қамтамасыз етті. «Самға» ЖШС-ның инвестициялық тағы бір жобасы таяу арада іске қосылатын болады. Бұл – целлюлоза қоспасын өн­діретін зауыт. Жеке кәсіпкер бұл мақсатқа 70 млн теңге қаржысын жұмсауды көздеп отыр. «Ахтямов» ЖК 500 млн теңге инвестиция арқылы құс фабрикасын салып жатыр. Фабрика жыл соңына дейін толық іске қосылады.

Жүзеге асқан жобалар одан әрі жалғасын тауып жатса, нұр үстіне нұр емес пе? Алдағы жоспарлар қандай? Бұл жөнінде Ұлытау облысының кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Ғ.Төлеуовті сөзге тарттық.

– Өңдеу өнеркәсібін дамыту – ел Президентінің, Үкіметтің ұдайы назарында тұрған нақты тапсырма. Бізге тапсырманы орындау – міндет. Жергілікті жердің мүмкіншіліктерін қамти оты­рып, соған сәйкес жос­пар құрып, жоба айқындай білу керек. Қол жеткен жетіс­тік­терді жоғалтып алмай, жал­ғастыра түсуге ұмтылған абзал. Қазір алдағы үш жылға жалпы мөлшері 82 млрд теңге тұратын ірі-ірі 6 жобаны жүзеге асыруды жос­пар­лап отырмыз. Олардың ара­сында Жезқазған мыс бал­қыту зауы­ты­ның жаңа күкірт қыш­қы­лы цехының құрылысы, Сәтбаев қаласында минералды су өндірісін жаңғырту, Қар­­сақбай мыс қорыту зауы­тының техногендік ми­нерал­­дық түзілімдерін өң­деу, «Қу­жал» кен орны ба­за­сын­да бағалы металдар­ мен полиметалдардың байы­ту-өндірістік кешенін, Ұлы­тау ауданында кремний металын өндіретін, Жез­қаз­ған қаласында тоқыма бұйым­дарын шығаратын зауыт­тар салу жобалары бар. Бұ­лардың кейбірінің жұмыс­тары қазірдің өзінде баста­лып кетті, – дейді Ғазиз Әбүйірханұлы.

Тағы бір жыл тарих қой­­науына кетіп барады. Биыл­ғы жыл Ұлытау облысында өңдеу өнеркәсібінің тәуір көрсеткіштерімен есте қалатын тәрізді. Демек, өңір экономикасында алға басу, даму бар деген сөз. Өңір­дің өркендегені елдің қуат­тылығын да еселей түседі.

 

Ұлытау облысы