Шымкент қаласында әйелдер арасында дәстүрлі садақ атудан «Dala mergeni» әлем кубогі өтіп, Шығыстың сұрмергені Ажар Рахметқызы бірінші орынды қанжығаға байлады.
Ажар «Пута» нысанасының финалдық кезеңінде Қырғызстан мен Ресейдің құралайды көзге атқан спортшыларынан озып шықты. Ажардың атқан жебелері ондыққа дөп тиіп жатты.
Дүбірлі додаға Қазақстан ұлттық құрама командасының мүшелері, еліміздің 20 өңірінен, 12 мемлекеттен (Таиланд, Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей, Франция, Әзербайжан, Иран, Моңғолия, Тәжікстан, Түркия, АҚШ, Үндістан) келген 108 спортшы қатысты.
Ажардың жеңісіне қуанған жерлестері жеңімпазды әуежайдан күтіп алып, құрмет көрсетті. Шашу шашылды, ақындар арнау айтты. Алтын алқа таққан сұрмерген көрсетілген құрметке ризашылығын білдірді.
– Жарыс тартысты өтті. Жартылай финалда қарсыласпен екі рет тең түсіп, үшіншісінде бір-бір жебеден жібердік. Бақ шапты ма, бап шапты ма, финалға жолдама алып, жеңіс тұғырына көтерілдім. Қолдаған барлық туған-туыстарыма, жолдастарыма, жерлестеріме алғыс айтамын, – деді мерген қыз.
Кешегі күні бабаларымыз жауға атқан жебені бүгін сәнге атып, ұлттық спортты дамытып жүрген азаматтар аз емес. Алайда осынау бекзат өнерді Шығысқа алып келген Ажар десек, артық айтпағанымыз. Ол ең алғаш мергендер мектебін ашып, оқушыларды жаттықтырды. Кейіннен ересектер садақ тарта бастады. Бүгінде бұл спорт түрі Шығыста жақсы дамып келе жатыр.
Шығыс Қазақстан облысы