Алматыда өткен «Almaty Puppet Festival» халықаралық қуыршақ театрларының фестивалі барысында алматылық кішкентай балдырғандар заманауи қуыршақ театрларының үздік қойылымдарын тамашалады. Бұл ретте осынау өнер байқауына ұйытқы болып отырған, тарихы 1935 жылдан бастау алатын республикадағы тұңғыш Мемлекеттік қуыршақ театрын ерекше атап өтуге болады.
Осымен екінші рет ұйымдастырған өнер додасына Қытай, Польша, Болгария, Чехия, Түркия, Грузия, Әзербайжан, Ресей, Башқұртстан, Өзбекстан және елімізден 15 үздік театр ұжымы мен 150-ден аса қуыршақ шеберлері қатысты. Өнер мерекесі аясында қойылымдар көрсетілімінен тыс фестиваль қатысушыларының арасында аталған саладағы мамандардың кәсіби деңгейін арттыру мақсатында үздік қуыршақ мамандарының жетекшілігімен шеберлік сағаттар мен дәрістер өтті. Нәтижесінде, фестиваль аталған елдер байланысын нығайтып, мәдени тұрғыдан Алматы беделін қалыптастырары сөзсіз.
Фестивальдың ең негізгі жүлдесі – «Үздік спектакль» аталымы бойынша Гран-при сыйлығы Ақтөбе облыстық «Алақай» қуыршақ театрына табысталды. Аталған өнер ордасы бұл жүлдеге режиссер Антон Зайцев сахналаған «Жомарт ағаш» спектаклімен лайықты деп танылды. Аталған қойылым көрермендер мен қазылар алқасына өзінің терең мағынасы және астарлы ойымен, әртістерінің шеберлігімен, режиссерлік ұтымды шешімдермен өзгешеленді.
«Үздік режиссер» аталымы бойынша жүлдені Гүржістаннан келген Боржоми мемлекеттік кәсіби қуыршақ театры «Гудули ата мен кішкентай Уча» спектаклімен иеленді. Дмитрий Хвтисиашвили ерекше режиссерлік көзқарасымен, ал әртістер қуыршақтарға жоғары деңгейде жан бітіруімен таңдандырды.
«Үздік актерлік ансамбль» жүлдесіне Ресейдің «Скарабей» көлеңкелі балалар театры «Қызғылт гүл» спектаклімен лайық деп танылды. Режиссер Сергей Черепанов біртұтас ансамбль құрып, ерекше шеберлігімен тәнті етті. Түркияның Анкара қаласынан келген «Темпо» режиссер Халюк Юдженің «Өзімшіл алыптың бағында» қойылымы үшін «Шеберлігі мен адалдығы үшін» аталымын иеленді. «Үздік қуыршақ жүргізуші» жүлдесіне Гонконгтен келген (ҚХР) «Sky Bird» қуыршақ бірлестігі ие болды. Режиссер, актер, қуыршақ жүргізу шебері Чун Фей Ченгтің жетекшілігімен сахналанған «Қытай дәстүрі» спектаклі көрермендерді ерекшелігімен таңдандырып, шығармашылық шабыт сыйлады. Қытай мәдениетінің бай және алуан түрлі қырларын ұтымды көрсетті. Ал, «Жаңашыл көзқарас» аталымын «Алты сезім» эксперименталды қойылымын ұсынған Башқұрт мемлекеттік қуыршақ театры еншіледі. Бұл қойылым қуыршақ өнеріндегі жаңашыл әрі креативті шешімдерімен қазылар алқасының назарын аударды.
Гүлім КӨПБАЙҚЫЗЫ,
Алматы мемлекеттік қуыршақ театры баспасөз қызметінің жетекшісі