Қ.Сәтбаев университеті, «Жасыл экономика және G-Global-ды дамыту коалициясы», «Coca-Cola İçecek Kazakhstan» компаниясы өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Меморандум пластикалық қалдықтарды жинау мен қайта өңдеу жобалары арқылы оның тиімділігін арттыруды көздейді.
Іс-шараға университеттің ғылым және корпоративтік даму жөніндегі проректоры Ержан Көлдеев, «Coca-Cola İçecek Kazakhstan» компаниясының коммуникациялар және тұрақты даму жөніндегі басшысы Алина Абилева, сондай-ақ «Жасыл экономика және G-Global-ды дамыту коалициясының» бас менеджері Асыл Оқапова қатысып, қоршаған ортаны қалдықтардан тазарту, пластик бұйымдарды қайта өңдеу арқылы экологияны қорғау шараларына қатысты мәселелерді қозғады.
«Университеттің 90 жылдығы мен Қаныш Сәтбаевтың туғанына 125 жыл толуына орай университет студенттері қоғамға маңызды іс-шараларға қатысып, қоршаған ортаны қорғау мен «жасыл» экономиканы дамытуға үлес қосып жатқанын атап өткіміз келеді. Ал пластик қалдықтарды қайта өңдеу бастамасын университет студенттері бірінші болып қолға алып отыр», деді Ержан Көлдеев.
Бастама аясында пластикті қайта өңдеу және одан жаңа өнім жасау жөнінен шеберлік сағаты өтті. «3.2.1.Старт!» жеңімпазы және пластикті қайта өңдейтін «Rocket Plastic» жобасының жетекшісі Данияр Бакимов университет студенттерімен бірлесе отырып, қалдықтардан жаңа өнім жасау әдістерін көрсетті. Осы жылы «Rocket Plastic» жобасы аясында 20 тоннадан астам пластик қайта өңделген.
Биыл «3.2.1.Старт!» жобасының 8-маусымы барысында өткен «Пластикті жинау және қайта өңдеу жөніндегі үздік модель» республикалық байқауында Қ.Сәтбаев университеті 1-орынды иеленген болатын. Былтыр бұл жобаға 10-нан аса жоғары оқу орнының студенттері қатысып, 17 тоннадан астам пластик қалдықтарды жинады. Қ.Сәтбаев университетінің командасы 7,7 тонна қалдық жинап, пластикті қайта өңдеудің ең үздік моделіне қол жеткізген-ді.
Меморандумға қол қою нәтижесінде ынтымақтастықты одан әрі кеңейту, оқыту семинарларын, форумдар, баспасөз конференцияларын өткізу жоспарланып, жастардың «3.2.1 Старт!» бастамаларын қолдауға байланысты тың идеяларды бірлесіп жүзеге асырудың маңызы туралы айтылды. Бұл келісім университет студенттері іске асырып отырған қалдықтарды қайта өңдеу бастамаларын әрі қарай жалғастыру мен тиімділігін арттыруға ықпал ететін болады.
АЛМАТЫ