• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Digital 08 Қараша, 2024

Оқушы бағдарламасы киберқылмысты әшкерелейді

901 рет
көрсетілді

Игілік үшін жасалған жасанды интеллектінің қиғылық ісі де баршылық. Оны хакерлер қарапайым азаматтың деректерінен бастап, мемлекеттің құпия ақпараттарын қолға түсіретін таптырмас құрал ретінде пайдаланып отыр. Бұл – дүниежүзіндегі түйткілді мәселе. Осы киберқылмыстың алдын алу мақсатында Астанадағы 11-сынып оқушысы Жәнібек Дулатұлы «Chat GPT» сынды платформа ойлап тапты. Жаңа жобаның ерекшелігі – ақпараттың рас-өтірігін анықтайды.

Кейінгі кезде азамат­тар­дың жеке деректерінің жа­рия болып кету жағ­дайы жиіледі. Таяқтың екі ұшы бар дегендей, алаяқтар да жасанды интеллектіні өз мақсатына ыңғайлап алды. Олардың жібер­ген хаттары мен сілтемелері сондай сенімді. Мұны фишинг дейді. Яғни кибер шабуыл жасайтындар құпия ақпараттарды алдап жинау мақсатында жал­ған веб-сайттар мен электрондық хаттарды пайдаланады. Бұл хабарламалар елең еткізбей қоймайды. Сондықтан жалған мәліметке сеніп, сан соғып қала­тындар көп. Осы мәселені шешу мақсатында Т.Жүргенов атын­дағы №70 мектеп-лицейінің жас зерттеушісі Жәнібек бір жыл көлемінде жаңа инновациялық жоба жасады. Жетекшісі, информатика пәнінің мұғалімі Жанар Құрымбекованың айтуынша, жалған ақпаратты жасанды зерденің көмегімен анықтау өте тиімді әрі сенімді.

– Біздің бұл жобамыз «Ки­бер­­­­қауіпсіздік жүйелерін дамыту үшін жасанды интеллек­тіні қолдану» деп аталады. Мақ­сатымыз – қазір қарқын алған интернет алаяқтыққа тосқауыл қою. Осындай қиын да қызықты тақырыпты Жәнібек жан-тәнімен зерттеді. Берілген тапсырмаларды дер кезінде орындап отырды. Жобаның практикалық бөлігін компьютерде жасадық. Нақтырақ айтсақ, «openAI» сайты арқылы қосымшамызды енгіздік. Жалпы, желідегі хаттардың фишинг екен­дігін дер кезінде анықтағанда, жасанды интеллектіні қолдан­ған өте ыңғайлы. Бұл техноло­­­гия ақпараттық қауіпті дер кезін­де мәлімдеп отырады, – дейді ­Ж.Құрымбекова.

Статистикаға сүйенсек, елі­мізде биыл интернеттегі кибер­шабуылдың 17 838 фактісі тір­келген. Күн сайын қаншама адам «Менің атымнан ақша сұраса, мән бермеңіздер, алаяқтар алқы­­­мымнан алып жатыр» деп дег­бірсізденеді. Сондықтан сарапшылар жеке мәліметтерді бөлісер кезде сауысқаннан да сақ болуды ескертеді. Өйткені дипфейкті шынайы мәліметтен ажырату өте қиын. Ашып айт­сақ, дипфейк – жасанды интеллект көмегімен өңделген фото, бейне немесе аудиожазбалар. Бұл технология адамдардың бей­­­не­лерін пайдаланып, оларды сөйлетіп, кез келген дауысты салады, сонымен қатар ешқашан айтпаған сөздерді айтқызуы мүмкін. Дипфейк 2016 жылы пайда болды, бірақ қара­пайым қолданушыларға қол­жетімсіз еді. Алайда былтырдан бастап, дипфейк жасайтын бағ­дар­ламалар барлық интернет қол­­­­данушыға қолжетімді, кеңі­нен таралып жатыр. Сол үшін де ғаламтордағы дүниелерді сара­лай білуге балаларды ғана үйре­тіп қоймай, ересектерді де тарту керек.

– Кейінгі кезде алаяқтарға алданған таныстарымның көп­тігіне көзім жетті. Бұл мәселе мені бейжай қалдырмады. Содан кибер­­қауіпсіздікке өз үлесімді қосқым келді. Осылайша, жасанды интеллект арқылы кибер­шабуылдардың бұрынғы түр­лерін талдай отырып, жаңа қауіп­терді анықтауға болатынына көзім жетті. Сонымен қатар «OpenAi GPT-3» бағдарламасын қол­дана отырып, ұялы телефонға келетін хаттарды талдау нәти­же­сінде оның рас-өтірігін анық­тайтын қосымша құрдым. Осы құ­рылғының көмегімен кез келген адам өзін алаяқтардан қорғай алады. Мен бұл жобаны одан әрі жетілдіремін. Оқуды аяқтаған соң Назарбаев университетінің инженерия мамандығына түскім келеді, – дейді жас зерттеуші.

Мемлекет бас­­шысының кибер­­қылмысқа қар­сы күресті күшей­ту жөніндегі тапсырмасын орындау шең­берінде Ішкі істер министр­лігінде жаңа бейінді департамент құрылды. Бұл бас­тама аза­маттарды заманауи қауіп – кибер­қылмыстан қорғауға бағыт­­талған. Департамент ки­бер­­қыл­мыстарды анық­тау­мен, оларға қарсы күресте стра­те­гия­лық қа­дам­дарды әзір­леумен айналысады. «Техно­ло­гиялардың қар­­қынды дамуы және ин­тернет-қатерлер санының ар­туына байланысты маман­дан­дырылған арнайы бөлініс құру қазіргі заманауи қауіпке неғұрлым тиімді жауап беруге мүмкіндік береді», дейді Ішкі істер министрі Ержан Саденов.

Азаматтар ең бастысы кибергигиена ұғымын түсінсе абзал дейді қауіпсіздік мамандары. Бұл – тым қарапайым ережелер. Яғни күмәнді қосым­ша мен сайтқа дерегін тіркеме­се, кез келген сілтемеге өтпесе дейді. Құпиясөзге де мұқият болған абзал екен. Мысалы, «Password», «123456», «111111», «123123» секілді құпиясөздер ең жиі қолданылады. Осылайша, ха­керлер мен алаяқтардың жұ­мысын өзіміз жеңілдетіп береді екенбіз. Сонымен қатар өз жеке деректеріңізді, соның ішінде банк реквизиттеріңізді интернет немесе телефон арқылы ешқашан бермеңіз. Құрылғыңызға екі факторлы аутентификацияны орнатып, мессенджерлерде қосылып, құрылғыларды үнемі тексеріп отырыңыз. Ресми көрінгенімен, күдікті хабарламалар немесе хаттардағы сілтемелерге өтпеңіз. Антивирустық бағдарламалар­ды ұмытпаңыз оларды үнемі жа­­ңа­ртып отырыңыз. Ақша тура­лы әңгіме бастаған бейтаныс адамдарға сенбеңіз, олар өздерін кім ретінде танытса да, оларға SMS-кодтар мен басқа құпия ақпаратты хабарламаңыз.