• RUB:
    5.18
  • USD:
    515.25
  • EUR:
    535.91
Басты сайтқа өту
Сұхбат 09 Қараша, 2024

Озық идеяларды насихаттау алаңы

93 рет
көрсетілді

«ÓzgeEpic» креатив хабында «Isker talks» жобасы белсенді жұмыс істеп келеді. Бастама қоғам белсенділерінің көш­­бас­шылық қасиет­те­­рін, іскерлік білік­ті­­лік­терін жастарға же­т­кізу арқылы бағыт-бағ­дар беруді көздейді. Осы орай­да жоба жетекшісі Мақпал Жұмабаймен ­аз-кем әңгімелестік.

– «Isker talks» жобасының мақсаты қандай?

– Ақпараттық технология­лар сағат сайын дамыған заманда бұрынғы құндылықтар жүйе­сін сақтап қалу соншалықты қиындай түсті. Әсіресе жас буын тәрбиесінде жіберіп алып жатқан кемшіліктеріміз бары белгілі. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамға жаңа сын-қатерлердің қаупі төнген кезде зиялы қауымға үлкен үміт пен жауапкершілік артылатынын бекер атап өткен жоқ. Мемлекет басшысының «Ұлт тағдыры сынға түскен сәтте көзі ашық азаматтар әрдайым көш бастаған. Адасқанға жөн сілтеп, жастарға бағыт-бағдар берген. Ел ағалары бірауыз сөзбен тентегін тыйып, тектісін төрге оздырған. Біз қанымызға сіңген осы қасиеттен айрылмауымыз керек» деген сөзі ел тірегі болашақ ұрпақ десек, адамгершілік, әділдік, парасат сынды қасиеттерді сіңіруге, сапалы білім мен саналы тәрбие ­беруге ұмтылуымыз қажет еке­нін көрсетеді.

Демек жас отандастарымызға үлгі тұтатын, өмірлік жолында биік қоятын тұлғалар қажет. Ол – көптің көкейіндегі дүниені ашық жеткізетін, бастысы жетістіктер мен табысқа табанды еңбекпен жеткен жандар болуы керек.

Ал іскерлік әрі көшбасшы­лық қабілеті арқылы ауқымды қауым­дастықтар құрған қоғам бел­сен­ділері мен кәсіпкерлік рухымен қоғамның дамуына, жаңа жұмыс орындарының ашылуына, ел экономикасының өркендеуіне үлес қосып жүрген кәсіп­кер­леріміздің еңбегін жас­тарға насихаттау – «ÓzgeEpic» кеңістігі мақсаттарының бірі. «Isker talks» жо­ба­­сының мақсат-міндеті осы ата­л­­ған құндылықтармен үнде­се­ді.

– Алаңда осы уақытқа дейін кімдер қонақ болды?

– Кез келген отандық озық маман өзінің жүріп өткен жолы, кезеңдері, саласының артық­­шылықтары мен кем­шілік­­тері, өзінің шешімдері мен көзқарастарымен бөлі­седі. Қонақ жиналған аудитория­мен сұхбат құра отырып, олардың сұ­рақтарына, өз ісін бастағысы келіп жүргендерге өзіне көмектескен білімі мен тәжірибесін ескеріп, бөліседі. Спикер мен келген аудитория мүшелері өзара танысып, алда іске асуы мүмкін жобаларды жоспарлауға мүмкіндік алады.

Біздің алаңның алғашқы спикері қайырымдылық қоз­ғалысын жаңа сапалық деңгейге көтерген отандық қор «Asarume» негізін қалаушы Асхат Нұрма­шев болды. Кездесуде ол жастармен өзінің жетістік жолындағы бес құпиясымен бөлісті. Бұл – әділдік, шыншылдық, жо­март­тық, ерлік, ықылас. Одан кейін білім саласындағы биз­нестің мүмкіндіктері мен қиын­шылықтары турасында алаңда «Дарын» мемлекеттік жас­тар сыйлығының лауреаты, «Bugin» холдингінің директоры Айбек Қуатбай сөз сөйледі.

Қазір өзекті әрі трендтегі сала IT бағытында кәсіпкер Айболат Құлатай спикер ретінде шақы­рылды. Қонақ қазақша контент жа­саудағы үрдістермен, қалай монетизация жасау керек екенін көрсетті. Ал тарих пен бүгінді әдемі ұштастыра білген креатив өнімдер турасында «Olja_peak» кәсібінің негізін қалаушы, бес тілде еркін сөйлейтін, отандық өнімді дамытуға үлес қосып жүрген жапонтанушы Сәулет Бақыткелді келіп, тәжірибесімен бөлісті.

Міне, осы аптада ғана Қазақ­станның танымал кәсіпкері және қоғам қайраткері, «Respublica» партиясының тең төрағасы, «АгромашХолдинг KZ» АҚ президенті, Қостанай трактор зауы­тының директоры Динара Шүкі­жанова «Саясат пен бизнестегі әйел­дердің рөлі» тақырыбында дәріс оқыды. Сұхбат барысында Динара кәсіби жолының алғашқы қадамдарынан бастап, бизнесте табысты болудың қыр-сырын, стратегиялық ойлау мен шешім қабылдаудың маңыздылығын жан-жақты талдады. Ол саясат пен бизнестегі әйелдердің рөліне ерекше тоқта­лып, нәзік жандылардың қоғамдық және экономикалық салаларға қосатын үлесін арт­ты­рудың маңызын атап өтті. Оның айтуынша, қазіргі заманғы озық мамандар басқарушылық қабілеті мен кәсіби әлеуеті арқылы қоғам­да оң өзгерістер жасауға қабілетті. Д.Шүкіжанова осы бағыт­­тағы жаңа бастамаларды дамыту – елдің тұрақты дамуына және экономикалық өрлеуіне оң әсер ететінін баса айтты. Осын­­дай жетекші тұлғалардың тәжірибесі мен құнды кеңес ел жастары­ның өмір жолында бағыт-бағдар ­болары анық.

– Жастар қандай қамқор­лыққа зәру?

– Әлемнің әр түкпіріндегі мемлекетте, әр заманда жас­тар ерекше ілтипат пен қам­қорлыққа ие. Көпшілік ұлт үмітін арқалаған ел ертеңі жас­тар деп сенеді. Сондықтан олардың қазіргі қажеттіліктерін өтеп, өткір тұр­ған мәселелерін шешу, дамуына жағдай жасау әр азаматтың міндеті саналады. Өйткені еліміздің тарихы мен мәдениетінің тағдыры, дамуы мен модернизациялануы бүгінгі ұрпақпен тікелей байланысты.

Ел жастарын алаңдатар түйін­ді мәселе көп. Басым көпшілігі баспана, жұмыссыздық жайын ойлайды. Кей бөлігі білім сапасы мен рухани құн­ды­лықта­рына алаңдайды. Енді бірі жас­тар саясатындағы олқы­лықтарды тізбектеп, әлі де назар аудару керек дүниелерді атап жатады. Меніңше, әр мәселеде жас буынға бағыт-бағдар беру маңызды. «ÓzgeEpic» креатив хабы жастарды жаңашылдыққа үндейді. Заманауи бәсекеге қабілетті отандық өнерді дамытады, қоғамның мәдени санасын арттыруға сеп бола отырып, дарынды, зияткер жастарды қолдайды.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен –

Зейін ЕРҒАЛИ,

«Egemen Qazaqstan»