Шығыспен шекаралас жатқан Қытай Халық Республикасына визасыз режім енгізілгелі алыс-беріс артып, барыс-келіс жиілеген. Сауда-саттықпен айналысып жүрген қандастар, туристік операторлар ынтымақтастық байланыста бірқатар жұмыс жүргізіп те жатыр. Жақында Шыңжаң- Ұйғыр автономиясынан туроператорлар мен ресми өкілдерден құралған делегация келіп, Шығыс Қазақстан өңірінде саяхат саласын дамытуды талқылады.
Ресми жиында Қытайдан келген делегацияны облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы туризмді дамыту бөлімінің басшысы Ардақ Мәдиев шығыстағы туризм әлеуетімен таныстырды.
«Мемлекет басшыларының ынтымақтастығы, ықпалдастығы көпке үлгі. Біз де көршілес аумақта тығыз қарым-қатынас орнатып, туризм саласын дамытуымыз керек. Өскеменге жеткенше өңірдің әсем табиғатына тәнті болған шығарсыздар. Таулы, сулы өңірдің көп бөлігі – Шығыс Қазақстанда. Қытайда туризм жақсы дамығанын білеміз. Статистикалық деректерге сенсек, жылына 150 миллионнан астам қытай саяхатшысы әлемді аралайды екен. Солардың бір бөлігін елімізге тартсақ деген ойымыз бар. Осы мақсатта эксклюзивті турлар, топтық туризмді жүйелі ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз. Жалпы, шығыс өңірі жаз маусымында бір мезгілде 20 мың туристі қабылдай алады», деді А.Мәдиев.
Облыста салынып жатқан жолдар, Күршімнің көпірі саяхатшылардың әрі-бері қатынауына қолайлы. Өңір басшылығы Алматының туристік компанияларымен де жұмыс жүргізіп жатыр. Шығысқа келген туристер Алтайды аралап шығып, Алатау асып жатса, қандай ғанибет. Сол жақтан Қытайға ұшып кету де оңай. Жиын барысында келер жыл Қытайда «Қазақстан жылы» болып жарияланатыны да сөз болды. Ол да – екі ел арасындағы ынтымақтастықтың артып келе жатқандығының тағы бір жарқын дәлелі.
Күздің құлпырып тұрған шағында арғы беттен ат арытып жеткен қытайлық туроператорлар Алтайды төрт күн аралағанда тамылжыған табиғатқа тамсанумен, таңданумен болды. Шындығында, шығыстың турист тартуға әлеуеті зор. Тек қана қызмет көрсету сервисін жандандыру қажет. Сонда табиғат аясына серуендеуден бастап, танымдық туризмге дейін көптеп ұйымдастыруға болады.
«Елімізде медициналық туризм де бар. Атап айтсақ, Өскемендегі онкологиялық орталықтың білікті де тәжірибелі мамандары сан салалы қызмет түрлерін көрсетеді. Сонымен қатар жаздың аптап ыстығында жағажайларда демалу мүмкіндігі де жан-жақты қарастырылған. Күре жолдар жөнделіп жатыр, жол бойындағы инфрақұрылымға да баса назар аударып отырмыз», деп сөзін толықтырды А.Мәдиев.
Ерекше айта кетерлігі, Шығыс Қазақстан өңірінде қысқы туризм, оның ішінде тау шаңғысы жақсы дамыған. Егер қытай саяхатшысы қыс мезгілін, қарлы маусымның қызықтарын тамашалағысы келсе, алыстан іздеп керек емес, іргедегі, Өскеменде, Риддерде шаңғы теуіп, серуендеп қайтуына әбден болады. Дөңгелек үстел басында Қытай тарабы бірлесе жұмыс істеуге әзір екендіктерін жеткізді.
«Визасыз режімнің мүмкіндігін барынша пайдаланып жатырмыз. Нәтижесі де көріне бастады. Бұл жолғы ақпараттық турдың мақсаты – Шығыс Қазақстандағы туризм саласына серпін беру. Делегация құрамында туристік операторлар бар. Олар сіздермен жұмыс істеуге ниетті. Мәселен, Қытайдың Қанасына баратын туристерді шығысқа тартуға болады. Өскемен – тарихи қала. Ол да бізге ұнайды», деді Шыңжаң-Алтай туристік компаниясының өкілі Го Шаоцзян.
Қанас демекші, Шығыс Қазақстанда Қанастай көлдің бірнешеуі бар: Рахман, Бұқтырма, Марқакөл, Қаракөл сынды тау басына мөлдірей біткен айдындар аз емес. Алайда туризмді дамытамыз деп жүріп, табиғатқа зиян тигізіп алмауды да басты назарда ұстау қажет.
«Шығыста шағын туризмді ғана емес, Қанас көліндегідей кең ауқымды туризмді де қолға алуымыз керек. Мәселен, Марқакөл көлемі жағынан Қанастан әлдеқайда үлкен. Табиғаты да көркем. Сондықтан Қанас пен Катонқарағай, Марқакөл жөнінде бөлек, арнайы жоспар жасалуы керек. Қанастан Марқакөлге қарай туристік қақпа ашуымыз керек. Егер осы маршрутты жолға қойсақ, Қанасқа қызығушылық еселене түседі», дейді туризм саласының ардагері Мырзахан Шәкенов.
Білікті маман сондай-ақ Ұлан ауданының аумағында жатқан Сібе көлдерінің маңындағы инфрақұрылымды дамыту керектігін айтты. Табиғатты сақтай отырып туризмді дөңгелетсек, жергілікті халықтың да тұрмыс деңгейі көтеріліп, әлеуметтік әл-ауқаты әлдеқайда артар еді.
Шығыс Қазақстан облысы