• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Digital 12 Қараша, 2024

Жас дарындар жаңалығы

59 рет
көрсетілді

Қазір оқушылардың қоғамға пайдасын тигізетін түрлі жобаны ойлап тауып, оны жүзе­ге асыруға деген қызы­ғу­шы­лығы артып келеді. Бұл – тамаша үде­ріс. Заманауи оқы­ту жүйесі мен жа­санды интел­лек­ті­нің қарқынды дамуы мектеп жасындағы білім алу­шы­­­лар­дың өз идея­ларын іске жаратып, на­қ­ты мәселелерді шешуге мүмкіндік бе­р­­еді.

Ақылды көзілдірік

Атырау қаласындағы «Білім-инно­вация» лицейінің 11-сынып оқушылары Хайдар Атагулла мен Қайыр­­хан Лұқпанов әзірлеген «Ақыл­­ды көзілдірік» стартабы әлем­нің үздік 100 жобасы қатарына енді.

Жоба «Jasscience-2024» бай­қауында жеңімпаз атанып, дүние­жү­зіндегі ең беделді бағдар­ла­малардың бірі «100 Rise Global Winners 2024» тізіміне енді. Нәти­же­сінде, жоба авторларының бірі Хай­дар Атагулла әлемнің кез келген уни­вер­си­тетінде тегін оқу мүмкін­ді­гіне ие болды.

«Көзілдірік RikaAI атты жасанды интеллект негізінде жұмыс істейді. Бұл – саусақ­пен басу арқылы іске қосылатын ақылды бағдарлама. Аталған жүйе қолданушыға құлақ­қап көмегімен дауыстық тапсырмалар береді әрі сол арқылы құрылғымен өза­ра әрекеттесуге мүмкіндігі туындайды. Біз өнімді жасау барысында 3D принтерді қол­дандық, ал камера, құлаққаптар мен мик­ро­фонды арнайы тапсырыс арқылы алдық», дейді Х. Атагулла.

Қайырхан Лұқпановтың ай­туын­ша, кө­зіл­­ді­ріктер төрт негіз­гі функцияны атқа­рады.

«Біріншіден, олар ChatGPT немесе Wikipedia сияқты қойылған сұрақтарға жауап береді. Екіншіден, мәтінді сканерлеп, дыбыстап оқиды. Үшіншіден, көзілдірік қозғалыс кезінде кедергілер туралы ескертіп отырады, бұл көру қабілеті нашар адамдарға көмектеседі. Төртіншіден, көзілдіріктер бөлмеде болып жатқан оқиғалар туралы ақпарат беріп, сипаттай алады. Болашақта біз құрылғының қызметін кеңейтуді жос­­парлап отырмыз», дейді Қ.Лұқпанов.

 

Инновациялық жоба

Семейде 11-сынып оқушысы қала­лық инфрақұрылым мен туризмді жақсартуға көмектесетін AR-веб қосымшасын әзірледі. Инно­вациялық жоба «Ақылды қала» бағ­дар­ламасы аясында жүзеге асып, шаһар инфра­­құрылымының жобасын жасауға мүм­кіндік береді.

Жоба авторы Нұрлыхан Маратов қанат­қақты нұсқаны кешікпей қолданысқа енгізуді жоспарлап отыр. Оның айтуынша, AR технологиясына негізделген қосымша арқылы кез келген жұмыстың 3D-моделін көруге болады. Яғни мобильді қосымшаны жүктеп, QR-кодты сканерлеу жеткілікті. Осылайша, құрылысы жоспарланған нысан белгіленген орында пайда болады.

«Бұл қосымшаның қолданыс аясы өте кең. Тек қала құрылысында ғана емес білім саласында да пайдалануға болады. Мәселен, тарих кітаптарында қол­данып, әр жылдарда болған оқи­ғаларды графика арқылы көрсетуге мүм­кіндік бар. Ал егер биология сабағында пайдалансақ, QR-кодты сканерлеу арқылы адамның анатомиясын көрсетеді», дейді Н.Маратов.

Озат оқушының жетекшісі Алма Шүке­жанова Нұрлыханды 9-сыныптан бері баулып келеді. Үш жылда шәкірті облыстық, республикалық және халықаралық сайыс­тардан жүлдесіз қайтпаған.

«Дарынды оқушымыз AR-веб қосым­шасын облыс тұрғындары үшін қолжетімді етуді көздейді. Осы арқылы халық қала құрылысына қатыса алады. Белгілі бір нысанның салынуына қатысты пікір қалдырып, тіпті дауыс береді», дейді математика пәнінің мұғалімі А.Шүкежанова.

 

Құтқарушы құрылғы

Жетінші сыныпта оқитын ақтаулық Әлішер Асқардың құралы суға батқан адам­ға жедел көмек жібереді. Жоба макеті ша­ғын білезік пен құтқару қайығынан тұрады.

Дарынды оқушының робо­т­техникаға де­ген қызығушылығы екінші сыныптан бас­тал­ған.

«Адам суға батқан кезде қо­лын­дағы біле­зік белгі береді. Осы­лай­ша, Құтқару­шы құрылғымыз батып бара жатқан адам­ның қай маңда екенін жедел анықтап, микро­толқындар арқылы оны тауып, өміріне араша түседі. Былтыр Ақшұқырда ­3 баланың ашық теңізге кетіп қалғаны мені бейжай қалдырмады. Сондай оқиға қайталанбас үшін осы жобаны қолға алдым. Бұл құрылғы төтенше жағдайлар қызметінің жұмысын айтарлықтай жеңілдетеді. Алдағы уақытта Каспий жағасындағы демалыс база­сында сынақтан өткізіп, өзге өңірлердегі туристік орындарда қолдануды жоспарлап отырмыз», дейді ол.