Өзбекстандық блогер әрі спорт жанкүйері Абдурахмон Фазилов Антарктидаға түркі мемлекеттерінің туын тікті.
Оның инстаграм әлеуметтік желісіне жариялаған бейнежазбасынан Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан мемлекеттерінің байрағын шыңға қадағанын анық аңғарамыз. Ресми парақшасына «Достығымыз бен тыныштығымыз баянды болсын», деп жазды Фазилов.
Ертегінің емдік қасиеті
Шымкентте тіл кемістігі бар балаларға ертегі терапиясы қолданылады. Аймақта инклюзивті білімге мұқтаж 14 мыңға жуық бала бар.
Олармен 594 арнайы педагог жұмыс істейді. Балабақша мен білім ұйымдарынан бөлек, қосымша интернаттар мен оңалту орталықтары құрылған. «Халық ертегілерін әдістемеге қосып, артикуляциялық жаттығулар орындатамыз. Қиял-ғажайыпқа толы «Бауырсақ», «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» сияқты шығармалар оқушылардың ой-өрісін дамытуға әрі анық сөйлеуіне айтарлықтай пайдасын тигізеді», дейді логопед-дефектолог Гүлбахар Турсиметова.
Дәрігер робот
Елімізде буын ауруына шалдыққан науқастарға операция жасауға робот көмектеседі. Жыл басынан бері дәрігерлер заманауи технология көмегімен 30-дан аса эндопротездеу операциясын сәтті орындаған. Тың әдіс буынды толық немесе жартылай алмастыруға мүмкіндік береді.
«Мако» деп аталатын бұл робот асқан дәлдікпен жұмыс істейді. Ол адам иығы, шынтағы, тізесі, жамбасы секілді дене бөліктеріне операция жасай алады. «Шынымды айтсам, осылай аяққа тұрып кете беремін деп ойлаған жоқпын. Бірден екі тізеге жасауға болатыны қуантады. Бұрын алдымен бірінші тізеге жасап, бір жыл оңалудан кейін ғана екіншісіне жасайтын. Шетел клиникаларына қарағанда бағасы 3 жарым есе арзан. Инновациялық технология арқылы жасалатын операция жеке хирургиялық жоспарлау арқылы жүзеге асырылады», дейді Орал қаласының тұрғыны Зәуреш Лекерова.