• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Саясат 13 Қараша, 2024

Астана процесінің кезекті раунды аяқталды

40 рет
көрсетілді

Астанада 11-12 қарашада Сириядағы жағдайды реттеуге арналған Астана процесі аясындағы халықаралық келіссөздердің 22-раунды өтті. Бұл кездесуге қатысуға 11 делегация келді.

Сирия үкіметінің келіссөз тобына Сыртқы істер және экспатрианттар істері жөніндегі министрдің орынбасары Айман Раад жетекшілік етсе, Сирия оппозициясы атынан Ахмад Тома басшылық жасады.

Сонымен қатар кездесуге кепілгер елдердің делегациялары қатысты. Ресей делегациясын Сириядағы жағдайды реттеу бойынша РФ Президентінің арнайы өкілі Александр Лаврентьев, Түркия делегациясын ТР СІМ-нің Екіжақты саяси қатынастар жөніндегі бас директоры Мустафа Юрдакул, ал Иран делегациясын ИИР СІМ-нің Арнайы саяси мәселелер жөніндегі көмекшісі Али Асгар Хаджи басқарды.

Келіссөздерге бақылаушы ретінде Иордания, Ливан және Ирак өкілдері, сондай-ақ ха­лықаралық ұйымдар – Бірік­кен Ұлттар Ұйымы, БҰҰ-ның Бос­қындар істері жөніндегі жоғарғы комиссарының басқармасы және Қызыл крест өкілдері қатысты.

Сириядағы жағдайды реттеуге арналған Астана процесі аясындағы халықаралық ке­ліссөздердің 22-раунды нә­ти­желі аяқталғанын аталған ке­ліс­­сөздердің жалпы отырысын­да Қазақстан Сыртқы істер ми­нистрінің орынбасары Әлібек Бақаев мәлімдеді.

«Екі күн ішінде келіссөзге қатысушы тараптар Астана процесінің кезекті отырысы аясында Сириядағы жағдайды әрі қарай тұрақтандыруға және ондағы гуманитарлық жағдайды жақсартуға бағытталған аса маңызды әрі мазмұнды ке­ліссөздер өткізді. Өздеріңізге мәлім, Қазақстан өзінің мүм­кіндіктеріне орай достас Сирия халқын және сирияішілік реттеу процесін қолдауға күш-жігерін салып келеді. Сирия жөніндегі Астана форматы аясында өткен келіссөздердің деэс­калация ай­мақтарын құру, жанжалдасушы тараптар арасында­ғы шиеленіс­ті тоқтату және адам шы­ғынын азайту тәрізді бастап­қы мақсаттары бүгінде толық­­тай орындалып, сириялықтардың қалыпты тұрмыс-тіршілігін қайта қалпына келтіруге зор мүмкіндік ашып отыр. Осы орайда мүдделі тараптар Астана процесінің нәтижесінде қа­лыптасқан қолайлы жағдайды ба­­рынша тиімді пайдалана отырып, қақтығыстың саяси шеші­мін та­буға барынша ықпал етеді деп кәміл сенім білдіреміз», деді Ә.Бақаев.

2017 жылдың қаңтар айынан бастап Сирия бойынша Астана форматында Иран, Ресей және Түркияның делдалдығымен, БҰҰ-ның қолдауымен келіссөздер өтіп келеді. Бұл платформа бізге деэс­калация аймақтарын дамы­ту­ға және зорлық-зомбылы­қты азайтуға ықпал ететін маңыз­ды келісімдерге қол жеткізуге мүмкіндік берді. Қазақстан қақ­тығысушы тараптарды татуластыру үшін халықаралық ынтымақтастықтың өте маңызды екенін түсініп, Астана процесіне бейілді болып қала береді. Сирия тарихындағы осы қайғылы жайтты шешудің жалғыз жолы – БҰҰ жарғысы мен қарарларына сәйкес үйлестірілген саяси және дипломатиялық тәсіл.