Алматы көпсалалы колледжінің базасында жас мамандардың шеберлігін шыңдайтын қаладағы тоғызыншы құзыреттілік орталығы ашылды. Мансап алаңында студенттер тоңазытқыштар мен автомобильдерді жөндеу, қызмет көрсету, жиһаз өндірісі, IT-дизайн бойынша төрт бағытта білім алады.
Студенттер оқу барысында үйренгенін тәжірибе жүзінде көрсетіп, өз бетінше жиһаз жасап, машина бөлшектерін құрастырып, сәулет және дизайнмен айналыса алады. Сондай-ақ орталықта сала мамандары тағылымдамадан өтіп, біліктілігін шыңдайды.
Алматы көпсалалы колледжінің директоры Асылхан Бейсетбаев бизнес-инкубатор және стратегиялық жоспарымен таныстырды. Студенттер өз жобаларын әзірлеп, тәлімгерлерден сабақ алып, инвестиция тартуға мүмкіндік алатынын атап өтті. Оның айтуынша, құзыреттілік орталығы болашақта студенттердің білімін күшейтуге және тәжірибе жинауға, мамандық бойынша қалалық, республикалық, халықаралық «WorldSkills» чемпионатына дайындықтан өтуге мүмкіндік береді. Бүгінде колледжде жоғары білікті мамандарды даярлауға барлық қажетті ресурс бар. Әрине, білім беру сапасы бірінші кезекте колледж оқытушыларының біліктілігіне байланысты десек, мұнда өз ісін жақсы көретін және кәсіби деңгейін үнемі арттырып отыратын білікті оқытушылар мен өндірістік оқыту шеберлері жұмыс істейді. 80 жылдық тарихы бар колледжде тек кәсіби дайындыққа ғана емес, жеке тұлғаны дамыту мен көшбасшылық қасиеттерін ашу үшін де барлық жағдай жасалған.
Құзыреттілік орталығы ашылғалы тәжірибелі оқытушылардың үйретуінің нәтижесінде сурет салуға, компьютерден логотип, сертификат жасауға мүмкіндік алғанын атап өткен колледж студенті Олжас Майлыбай алдағы уақытта осы салада кәсіби машығын дамыта беретінін айтты.
Осы жолы мамандығы бойынша шеберлігін дәлелдеп, «Үздік медальон» иегерлері атанған студенттерді қала әкімдігі құттықтады. Іс-шара аясында жоғары кәсібилік көрсетіп, Францияда жас мамандар арасындағы «WorldSkills International»-да жүлделі орындармен оралған 9 студент марапатталды.
«Worldskills international» жүлдегері Михаил Попов гипсокартонмен жұмыс істейтін құрылыс саласына маманданған. Ол «Worldskills international» байқауына қатысып, әлем елдерінен жиналған жас шеберлермен бірге сайысқа түсіп, жеңімпаз атанған болатын. Ендігі кезекте бұл бағыттағы шеберлігін шыңдай беретінін айтты.
Оңтүстік астанада бұған дейін ашылған сегіз мансап орталығында студенттер мен педагогтерге арналған оқу-өндірістік сабақтар, кәсіби және мен шеберлік сыныптары, сондай-ақ «WorldSkills Kazakhstan» және «WorldSkills Almaty» чемпионаттарына дайындық жаттығуы өтіп жатыр. Бұл орталықтар барлық мүдделі тараптар, соның ішінде колледждерге инвестиция салатын жұмыс берушілер арасындағы диалогтің дамуына ықпал етеді. Академиялық ұтқырлық жобалары және бизнес сарапшыларының қатысуымен өтетін демонстрациялық емтихандар түлектерге еңбек нарығына нық сеніммен шығуға мүмкіндік береді. Мұндай құзыреттілік орталықтары білім сапасын арттырып, техникалық кәсіптік білім беру жүйесін дамытып қана қоймай, жұмысшы мамандықтарының беделін арттыруға ықпал етері анық.
АЛМАТЫ