Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік кино, фотоқұжаттар және дыбыс жазбалары мұрағатының делегациясы Моңғолия Ұлттық мұрағатында ғылыми-зерттеу жұмыстары барысында Қазақстанға қатысты құнды материалдарды анықтады, деп хабарлайды Egemen.kz Мәдениет және ақпарат министрлігіне сілтеме жасап.
«Архив – 2025» кешенді жоспары аясында шет ел архивтерінен Қазақстанның тарихы мен мәдениетіне қатысты тарихи құжат жинақтау мақсатында ҚР Орталық мемлекеттік кинофотоқұжаттар мен дыбыс жазбалар архивінің делегациясы Моңғолияның Ұлан-Батыр қаласына іссапармен барды.
Ғылыми-зерттеу жұмыстары барысында Моңғолия Ұлттық архивінен Қазақстанға қатысты құжаттар анықталып, 90 фотоқұжат және жалпы ұзақтығы 92 минуттық киноқұжаттың көшірмесі алынған.
Киноқұжатта Баян-Өлгей аймағының он және жиырма жылдығына арналған бейнеқұжаттары, отандық делегацияның жергілікті қазақтардың тыныс-тіршілігімен танысуы туралы деректер бар. Ал фотоқұжаттарда Баян-Өлгей аймағындағы қазақ халқының тұрмысы, жергілікті театр әртістерінің қойылымдары, әр жылдары Моңғолия еліне сапарлаған Қазақстан азаматтары бейнеленген.