Қостанай облысы Қамысты ауданында «Бауырсақ фест» атты іс-шара ұйымдастырылды. Алпыстан астам мекеме бірнеше топқа бөлініп, ошақ басында 2 тоннадан аса бауырсақ пісірді.
Фестивальда ас атасы нанның алуан түрі дайындалды. Сондықтан әр аспаз білгенін ортаға салып, өзара тәжірибе алмасты. «Әлемдік рекордты тіркеуге Қостанай облысына Астанадан арнайы келдік. Бұған дейінгі бауырсақ рекорды екі тонна 47 кило болған. Ал Қамысты ауданының тұрғындары екі тонна үш жүз килолық межеге жетті. Бұл – әлемдік рекорд», деді Қазақстан Гиннес рекордтар кітабының ресми өкілі Қуандық Құдайбергенов.
Ұшатын паром
Швеция астанасы Стокгольм суларында электр қуатымен жүретін паром қатынай бастады.
«Кандела» компаниясы құрастырған электр кеме жылдамдығын сағатына 55 шақырымға дейін арттыра алады. «Жалпы алғанда жолаушылар паромдары отынды көп тұтынады. Ал біздің технология арқылы энергия шығынын 75 пайызға үнемдеуге болады. Осылайша, қалалар арасында қатынау уақыты да едәуір азаяды. Ең бастысы, қоршаған ортаға ешқандай экологиялық залал келмейді», дейді компания басшысы Густав Хассельског.
Бәсі жоғары биткоин
Биткоинның бағасы шарықтап барады. Соңғы мәліметке қарағанда, оның құны 87 мың доллардан асып кеткен. Бұл – бұрын-соңды болмаған рекордтық көрсеткіш.
Осынау қарқынды өсімге АҚШ-та Дональд Трамптың билікке келуі, сондай-ақ Конгреске биткоинды қолдайтын кандидаттардың өтуі себепші. Айта кету керек, Д.Трамп бұған дейін Құрама Штаттарды «планетаның крипто астанасы» етуге уәде берді. «Рейтер» агенттігінің дерегінше, биржаларда осы валютамен байланысты акциялар да айтарлықтай қымбаттап жатыр.