• RUB:
    5.18
  • USD:
    515.25
  • EUR:
    535.91
Басты сайтқа өту
Таным 14 Қараша, 2024

«TikTok» желісіндегі тағылымды контент

88 рет
көрсетілді

Статистикаға сүйенсек, еліміз бойынша Instagram-ға – 12,1 млн, Facebook-қа – 2,6 млн, ал TikTok-қа 14,1 млн қолданушы тіркелген. Соңғы аталған желінің қазақ қоғамына қаншалықты тамыр жайып үлгергенін осы деректен айқын аңғарамыз. Бұл платформаны қолдана алсаң – игілігің, қолдана алмасаң – қиғылығың. Сондықтан Оқу-ағарту министрлігі мен Ғылым және жоғары білім министрлігі «TikTok» желісінде тағылымды контентті насихаттау мақсатында ұстаздарға арналған байқау жариялады.

Аталған сайыс үшінші жыл қатарынан ұйымдастырылып отыр. Желідегі жарысқа мектеп мұғалімдері, колледж және жоғары оқу орындарының оқытушылары қатыса алады. Олар 3 желтоқсанға дейін өз пәндеріне сәйкес келетін қысқа танымдық бейнежазбаны платформада жариялауы қажет. Бейнежазбаның ұзақтығы кемінде 30 секунд болуы тиіс.

Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз хатшысы Мереке Амангелдіқызының айтуынша, мұғалім оқушыға білім беру үшін әуелі оның қызығушылығын оятуы маңызды.

«TikTok-пен бірлескен бұл жоба педагогтерді шығармашылық тәсілдер іздеуге шабыттандырып, білім алуды қызықты етіп көрсетеді деп үміттенеміз. Визуалды және интерактивті форматтар ұстаздарға ақпаратты қолжетімді әрі тартымды етіп жеткізуге көмектеседі», деді ол.

Былтырғы байқау жеңімпаздары Ботагөз Омарова, Игорь Гноевой, Хайдар Мырзахметовтің бейнежазбалары оқушылардың ықыласына ие болған еді.

«Бұл маған дәстүрлі оқыту шеңберінен шығып, күрделі тақырыптарды оқушыларға түсінікті әрі қызықты етіп жеткізудің жолын табуға мүмкіндік берді. Маған әсіресе оқушыларымның физиканы талқылап, өз ойларымен бөлісіп, тәжірибелерге арналған жаңа идеялар ұсынғанын көру ерекше қуаныш болды», дейді Хайдар Мырзахметов.