Елордалық оқушылар мен ұстаздар Сәкен Сейфуллиннің портретін құрақтан құрастырып шығарды. Бұл туынды ақынның 130 жылдық мерейтойына арналған.
Алып портреттің биіктігі 6, ал ені – 4,5 метрге жеткен. Қолөнер туындысын жасауға Астанадағы №80 мектеп-гимназиясы мұрындық болған. Мектеп белсенділері ақын бейнесін жасауға 2 700 құрақ қолданып, бір жарым ай уақытын арнаған.
Сирек кездесетін зүбәржат
Швейцарияның Женева қаласында «Кристис» бәссаудасында зүбәржат түйреуіш 8 млн 800 мың долларға сатылды.
Бағалы сыйлық «4С» жүйесі бойынша анықталды: cut (пішіні), clarity (тазалығы), color (түсі), carat (салмағы). Бұл жүйе бриллианттың қаншалықты қоспасыз екенін көрсетеді. Аталған асыл бұйымның салмағы – 37 карат. Оны 1960 жылы ханзада Ага Хан үйлену тойында қалыңдығы Нина Дайерге сыйға берген. Мамандар: «Бұл өте сирек кездесетін зүбәржат», деп бағалады. Асыл тас негізі Колумбияда өндірілген. Оны аукцион үйіне ұзақ жыл қолында ұстаған коллекционер әкеліпті.
Ең биік көпір
Қытайдың Гуйчжоу провинциясында салынып жатқан Хуацзян шатқалының көпірі әлемдегі ең биік көпір болмақшы.
Құрылыс жұмыстары 2021 жылы басталып, 2025 жылдың маусымында аяқталады деп жоспарланған. Көпірдің жалпы ұзындығы – 2 890, ал биіктігі – 625 метр. Бұл көрсеткіш қазір әлемдегі ең биік көпір – Бэйпаньцзяннан да асып түседі. «Гуйчжоу провинциясы таулы және шатқалды жерлерімен танымал. Сондықтан бұл құрылыс аймақтың инфрақұрылымын жақсартып, экономикалық дамуына оң әсерін тигізеді», дейді сарапшылар.