• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Жансарай 15 Қараша, 2024

Абыл Кекілбаев: Бір түнде үйдің еркесінен үлкен адамға айналдым

178 рет
көрсетілді

Ұлт руханиятына өлшеусіз үлес қосқан тау-тұлғалардың ұрпақтары да жақсының көзіндей көңілге ыстық көрінеді. Әсіресе ата мұрасына адалдық танытып, шығармашылығының шамын жағып жүрген шырақшы ұлдарға құрмет бөлек. Солардың бірі – Халық жазушысы, мемлекет және қоғам қайраткері Әбіш Кекілбайұлының тұңғыш немересі Абыл. Абыз жазушының биылғы 85 жылдық мерейтойы қарсаңында атадан қалған мол мұраны бүтіндеп, кейінгі ұрпаққа шашауын шығармай жеткізу жолында шапқылап жүрген Абыл Кекілбаевпен сұхбаттасудың сәті түсті.

– Абыл, сізді бәріміз Әбіш Ке­кілбайұлы мұрасының шы­рақшысы деп танимыз. Халық жазушысының ұрпағы қандай болуы керек?

– Меніңше, тұлғаның ұрпағы болу – тағдыр. Егер мұны бақ деп қабылдасам, жауапкершілікті де ұмытпауым керек. Белгілі бір уақыттағы шектеулі жауап­кер­шілік емес, тегің аталатын өмі­ріңнің соңына дейінгі жауап­кершілік. Атаңның атына кір кел­тірмеу үшін дұрыс өмір сүру, тегіңді абыроймен алып жүру – кез келген бала үшін сынақ сынды көрінетін шығар. Өзімді де кейде ата тегіне адалмын ба деген сұрақ мазалайды.

Мен қарашаңырақта сүйікті бала болып өстім. Кішкентайымнан бауырына салған тұңғыш немересі ретінде атам мен апамның қолында тәрбиелендім. Әкем жол апатынан қайтыс болған жылы шетелде оқуымды жалғастыруды жоспарлап, тіпті оқуға түскен кез-тін. Бірақ бір түнде үйдің еркесінен ересек адамға айналдым. Ішкі дауысым осындай қиын кезеңде үлкен кісілердің қасында болуды дұрыс деп шешті. Уақыт өте осы таңдауыма өкінгенім жоқ, атамның өмірінің соңғы жылдарында қасында жүріп, ғұмырындағы маңызды сәттерге куә болдым. Өмірлік сабақ алдым. Ең бастысы, ешқандай байлыққа айырбастамайтын естен кетпес естеліктер қалды.

– Сіз неге ата жолын қума­дыңыз? Бала кезіңізде де қаламға құмартқан жоқсыз ба?

– Атам ешқашан ешкімді өз қызығушылығына бұруға тал­пынған емес. Ылғи өз еркімізге салатын. Өмірлік таңдауымызды да өз қабілетімізді байқап, барлап, соған сай икемдейтін. Бірақ бала көргенін істейді ғой. Үйіміз толған кітап, қонаққа келетіндердің бәрі зиялылар. Біз де қолға кітап ұстап өстік.

– Атаңыздың өмірдегі басты қағидасы қандай болды деп ойлайсыз?

– Атамның өмірлік қағидала­рының басты ұстанымы – шы­найылық пен әділдікті сақ­тай отырып, адамгершілік құн­дылық­тарды құрметтеу болды. Ол әр­дайым сөзіне адал болып, қо­ғамның мәселесіне құлақ асып, халыққа қызмет етуді өз өмірінің басты мақсаты деп санады. Ұлттың рухани байлығын, тәуелсіздік пен егемендікті аса қастерлі ұғымдар деп түсінді. Атам сөздің құдіретіне де, күшіне де терең сеніп, әділдік жолында өз ойларын сөз арқылы жеткізуді көздеді. Оның өмірлік ұстанымдары – адамгершілік пен адалдыққа деген беріктік, халқына шынайы сүйіспеншілік және ұлттық құн­дылықтарды сақтау болды. Ол әрдайым бұл құндылықтарды өз іс-әрекеттерінде де, сөздерінде де нақты көрсете білді деп ойлаймын.

– Кемеңгер Кекілбайұлының бала тәрбиесіндегі рөлі қандай еді?

– Қазір ойлап қарасам, атамыз бізге еркіндік беріп, әрқай­сымыздың өзімізге ұнаған ма­мандықты таңдап, өз жолымызды табуымызға бағыт-бағдар берген екен. Мені кішкентай кезімнен қасына ертіп жүретін. Ұшақтарға деген қызығушылығымды бай­қап, шетелге сапарға шық­қан­да үнемі қасына алып, әуе­жай­дағы көрмелерге апаратын. Алып ұшақтардың жаңа үлгіл­ерін көрсетіп, тіпті экипаж кабинасына кіруге мүмкіндік ұйым­дастыратын. Есімде, 1994 жылы Алматы әуежайында жаңа ИЛ-96 ұшағы техникалық сынақтан өтіп жатқанда атам арнайы ертіп барып, іші-сыртын көрсеткен болатын. Әкем АҚШ-та жұмыс істеп жүргенде маған Нью-Йорктегі Әскери-теңіз мұражайына бару сәті бұйырды. Мұражай экспонаттары әйгілі «Неустрашимый» авианосецінің палубасында орналасқан еді. Сонымен қатар Вашингтондағы Әуе және ғарыш ұлттық мұражайына да атбасын бұрдық, мұнда әлемдегі ең үлкен тарихи ұшақтар мен ға­рыш кемелерінің коллекциясы қойылған. Сонда атам әкеммен де ой бөлісіп, пікір алмасып отырған екен ғой. Сол кезден бастап менің қызығушылығымды байқап, көңілінде сақтап жүріпті. Кейін мектеп бітіріп, мамандық таңдар кезде атам сол сәттерді еске салды. Сол жолы атамның жай ғана кеңес айтып отырғандай көрінген сөзі бүгінде жып-жылы естелікке айналып отыр. «Қазақстанда инженер мамандар жетіспейді, авиация саласына бет бұрып көрсең қайтеді?» деген-ді. Арада жылдар жылжыған соң түсінгенім, бұл ақылды атам маған ғана арнаған екен.

– Алғаш рет атаңыздың қай шығармасын оқыдыңыз?

– Мектепте оқып жүргенде бағдарламаға енген атамыздың «Автомобиль» әңгімесін оқып шыққаным есімде. Сол кезде-ақ оның шығармалары ерекше әсерге бөлеп, терең ойларға жетеледі. Уақыт өте есейіп, басқа да хикаяттары мен романдарын оқып, оның шығармашылық әлемін тереңірек түсіне бастадым. Әрбір туындысы арқылы атамыз өмірдің сан қырын ашып, адам болмысы мен қоғамды тереңінен зерттегенін түйсіндім.

– Ал сүйікті шығармаңыз қандай?

– «Шыңырау» повесінің бар шығармашылық қуаты әлі толық ашылмағандай көрінеді маған. Бұл шығарма қазақ әдебиетінің тарихында да, жалпы әлем әде­биетінде де өзгеше сарында жа­зылған. Повесть адамның өмі­рін, ауыртпалығын, оның арманын қазып көрсететін метафора ретінде құдықты пайдаланатын ерекше идеяны ұсынады. Сонымен қатар бұл шығарма проза жанрын­дағы жазушының алғашқы туын­­дысы болғандықтан, оның әде­биеттегі орны да ерекше. Әрбір сөз, әрбір образ, әрбір оқиға тұтас бір әлемді ашады, бірақ оның шынайы мағынасы мен мәні әлі толық қазылмаған секілді. Осы тұрғыдан алғанда, «Шыңырау» – тек бір ғана көркемдік деңгейде емес, әде­биеттегі жаңа бағыттардың да бас­тамасы сынды.

– Қаламгердің шығарма­шылық режімі қандай болды? Атаң кү­ніне неше сағат жазуға отыратын?

– Мен ұйқыдан тұрғанда атам әрдайым кітап оқығанын көретінмін. Ал кеш бата қаламын қолына алып, қағазға бірдеңелерді жазып, түртіп отыратын. Есейген соң тү­сіндім: атам күндіз жазуға уақыт таба алмайтын, сондықтан үлкен әжеміз үйде оған барлық жағдайды жасауға тырыс­ты. Біз­ді атамның жұмысына ке­дергі келтірмесін деп жанына жа­қындатпайтын. Шаршаған кезде немесе шабыттанып отырғанда атам домбыра тартады. Осындай сәттерде біз қасынан шықпай, көңілдене тыңдайтынбыз. Атам­ның әкесі – дәулескер күйші болғанымен, өзі бұл өнерін аса жоғары бағаламай, басқалардың күйін тыңдағанды жақсы көретін.

– Аяулы ағамыздың біз біл­мейтін қандай қырлары бар? Сүйікті ісі, қызық әдеті...

– Менің санамда атамның кітап оқып отырған бейнесі жатталып қалыпты. Бұл туралы әжем: «Мектепке бармай жатып қолына кітап алды», дейтін. Ал өзі Жарылқап Қалыбайға берген сұхбатында былай деген еді: «Кітап оқуды ұнатамын. Оқыған кітаптардың басым көпшілігі кі­тапханаларда. Олардың саны жи­наған кітаптарымнан әлдеқайда көп. Дегенмен, университетке түс­кеннен кейін кітап дүкендерінде жиі болдым. Жинағандарымды әлденеше рет шашып алдым. Пәтерден пәтерге көшіп жүріп жоғалттым. Достарға, мектептерге, кітапханаларға сыйладым. Жалпы, жарысып кітап жинауды да біздің буын шығарды. Шауып шыққаны – Қадыр Мырза-Әлі. Баяғы пәтер жалдап тұратын кезінің өзінде асханасынан әжетханасына дейінгі барлық қуысты кітапқа сықап қоятын. Содан кейінгі – Қалтай Мұхамеджанов. Мәскеуге барғанда ол кісі кітап дүкеніне кірсе, бақшаға түсіп кеткен бұқадай шықпай қоятын. Ал Асқар Сүлейменов – барып тұрған барымташы. Қонаққа келгенде, қабырғасы ырсиған арықтығын пайдаланып, ышқырлығына қатарластыра кітап тығып, оны сыртынан желең жейдесімен көлегейлеп, түк болмағансып, қаймақ жалаған мысықтай сымпиып шығып бара жататын. Ұстап алсаң, бет-ауызы бүлк етпейді. «Дәрі болса, өзің басына жақ» деп, ызғарлана әжуалап тайып тұрады. Мен кітап жинауға олардай өле құмарпаз емеспін. Керек ететін кітаптарымды ғана жинаймын. Көркем әдебиетпен қоса, тарих, философия, ғылым, саясатты да ренжітпеймін. Жалпы, бұл мәселеде Ғабит Мүсіреповтің: «Әйелдің жақсысы өз үйіңнен гөрі көршіңнің үйінде болса дұрыс» деген қағидасын еске ұстаймын. Жақсы кітаптың біреудің төрінен гөрі кітапхананың төрінде тұрғаны дұрыс деп білемін. Көпке қызметі өтіңкірейді».

Өз естеліктерімнен қосар бол­сам, атаммен бірге кітап дү­кендерін аралау біз үшін ерекше сүйікті іс болатын. Алматыдағы кітап дүкендеріне барғанда, сатушы апайлар оған үнемі жаңа кітаптардың тізімін ұсынатын. Атам сол кітаптарды бұрын оқыған туындыларымен салыстырып, қайсысын алу керектігін ойланып шешетін. Әр жаңа кітап оның бойында ерекше қызығушылық тудырып, оның кітап таңдаудағы талғампаздығы мен бай кітап­ханасына деген сүйіспеншілігі маған да үлгі болды.

Шетелге шыққан сапарларымызда да атамның кітапқа деген құштарлығы еш өзгермейтін. Ол барған жеріміздегі кітап дүкен­дерінен жәшіктеп кітап сатып алып, әртүрлі басылымдар мен жаңа авторлардың шығармаларын іздеп, көңілі толып, қуанышпен оралатын. Оның осындай кітапқа деген махаббаты мен жаңалыққа құштарлығы менің де өміріме айрықша әсер етіп, кітаптарды терең түсінуге және бағалауға үй­ретті.

– Жазушының оқырманға жетпеген шығармалары бар ма?

– Биылғы 85 жылдығына орай үшінші өлең дәптері кітап болып жарық көрді. Бұрын еш жерде жарияланбаған жүзге жуық өлеңдер жазылған бұл дәптерді өзі дайындап қалдырып кеткен екен. Сонымен қатар «Үркер» мен «Елең-алаң» трилогиясының жалғасын жазғаны да белгілі. Алайда бұл шығарма өзінің көңілінен шықпады. Қайта жа­зуға бекініп, жаңа туындысын менің көзімше жыртып тастады. Мүмкін бұл нұсқа оқырманның талғамынан шығар ма еді... Алайда атам өз туындысына сыни көзбен қарап, шығармаға толық көңілі толмайынша жарыққа шығаруға асыққан жоқ.

– Классиктің әдеби мұрасын насихаттау, сақтау, тарату жұ­мыс­­тары қалай жүріп жатыр? Алда қандай жоспарлар бар?

– Биыл бұрын жарық көрген бірқатар туындысы мен аудармасы қайта басылып шық­ты. Бұл оқырманға қазақ әде­биетінің құнды мұраларын қайта танып, бағалауға мүмкіндік береді деп сенемін. Қазіргі уақытта атамның шығармаларын және әр жылдары газет-журналдарға жазған мақала-сұхбаттарының қол­жазбаларын архивке тапсыру жұ­мыстарын жүргізіп жатырмын. Бұл құжаттар болашақта жұрт­шылыққа қолжетімді болса, шығармашылығын зерт­теушілерге қызығушылық тудырып, жаңа бағыттағы зерттеулерге жол ашатыны сөзсіз.

– Жазушының музей-үйін жасақтау ойда жоқ па?

– Ақтау қаласында атамыздың атымен аталған жаңа өлкетану мұражайы 80 жылдық мерейтой қарсаңында ашылды. Мұ­ражайда атамыздың өмірі мен шығармашылығына арналған арнайы бөлім бар, онда оның мұрасын тереңірек зерттеп, өмір жолынан сыр шертетін құнды дүниелер ұсынылған. Мұражайға келушілер атамыздың әдеби және ғылыми еңбектерімен танысып, оның халқына сіңірген еңбегінің бай тарихын көре алады.

Сонымен бірге, Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада да атамыздың атымен аталған дәрісхана ашылғанын ерекше атап өткім келеді. Бұл дәрісханада атамыздың өз кітапханасынан сақ­талған бес мыңға жуық кітап қойылған. Кітаптар арасын­да сирек кездесетін әдеби туындылар, тарихи зерттеулер және атамыздың жеке белгілері мен ескертпелері жазылған шы­ғармалар бар. Дә­рісханаға келгендер осы құнды мұраны өз көзімен көріп, ата­мыздың ой-өрісі мен ғылыми көзқарасына терең бойлауға мүм­кіндік алады. Бұдан бөлек еліміздің бірқатар қалаларындағы мектептерге де атамыздың есімі берілген. Бұл оқу орындары атамыздың рухани мұрасын жас ұрпақтың санасына сіңіріп, оның еңбектерін қастерлеуге үйретуде ерекше орын алады. Атамыздың есімімен аталатын осы білім мен мәдениет ошақтары ұрпақтар жадында оның есімін сақтап қана қоймай, шығармашылық мұрасын кейінгі буынға танытуда маңызды рөл атқарып отырғаны сөзсіз. Ал жазушының музей-үйі сияқты ұсыныстардың болашақта өз шешімін табатынына сенімдімін.

Жалпы, мемлекеттік деңгейде мерейтойларды атап өту мәселесі – мемлекеттің қоғамға ықпалын және тарихи оқиғалар мен тұл­ғаларға құрмет көрсетудің мә­дениетін көрсететін маңызды элемент. Көптеген елде мерейтойларды, әсіресе маңызды тарихи оқиғаларды, белгілі бір жасқа толған тұлғаларды немесе ел үшін маңызы зор даталарды атап өту дәстүрге айналған. Алайда бұл іс-шаралар көбінесе мемлекеттік деңгейде үлкен шығындарды талап етеді. Көптеген сарапшы мен қоғам қайраткері маңызды даталарды атап өтудің маңызы бар екенін түсінсе де, кейбір мерейтойларды тек 100 жылдық межеден асқанда ғана мемлекеттік деңгейде тойлау ұстанымы бар.

– Әулеттеріңіздің жас буынында жазу-сызуға жақын, жалпы өнер жолына бет бұрғандар бар ма?

– Немерелері мен шөберелері енді ғана өсіп, өмірден өз жолдарын іздеп келе жатыр. Немересі Елдар Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясын тәмамдады. Ол кішкентай кезінен-ақ театр сахнасында атасының қойылымдарында ойнап, өнерге жақын өсті. Оның сахнадағы алғашқы қадамдары атасының шығармаларын бала кезінен бойына сіңірумен бірге, сол мұраларды жаңа қырынан танытуға деген ынтасымен басталды. Атамыздың рухани байлығын жалғастырушы әрі жаңғыртушы ретінде Елдар оның шығармашылығын болашақ ұрпаққа жеткізуге өз үлесін қосып жүр. Оның өнерге деген ұмтылысы атасының шығармашылық жолына деген құрметінен басталғаны сөзсіз. Елдардың ізін басып келе жатқан шөберелері де өсіп келеді, болашақта олар да ата мұрасын жаңғыртып, ұрпақ сабақтастығын жалғастырады деп сенеміз.

– Атаңыз шығармашыл адам ретінде бабы келіскен жазу­шы. Анасы да, жұбайы да қас-қабағын бағып, тіпті аяқкиімінің бауына дейін байлап беретін деседі. Ми тыныштығын қатаң бақылап, оңды-солды телефон­мен де сөй­леспейді екен. Тұр­мыстық дүниелерге де аса алаңдамаған секілді. Атаңыздың өмір сү­руін­дегі осы фактордың бәрі шы­ғармашылық табысына сөзсіз әсер еткені рас қой?

– Екеуінің де үлкен үлес қосқаны сөзсіз, әрқайсысы өз жолымен терең әсер етті. Үлкен әжеміз – отбасымыздың тірегі, барлық балаларды бағып-қағып, өсіріп, қанаттандырған асыл жан. Ұлы әжем Айсәуленің соңғы баққан шөбересі менмін. Сол себепті де біз әжемді кейде апа, кейде Клара деп баттитып айта береміз. Апамның атамнан басқа шаруасы жоқ еді. Бала-шағаны Айсәуле әжеміз бақты. Әжеміздің тәрбиесі мен қамқорлығының арқасында басқа тілде оқысақ та, ана тілімізді толық меңгеріп, қазақы тәрбие алдық. Оның мейірімі мен даналығы бізге берік отбасы құндылықтарын, туған тілге деген сүйіспеншілікті сіңірді.

Ал апамыздың дәрігерлік ма­мандығы атамыздың ден­саулығына айрықша қолдау бола білді. Соңғы жылдары атамыздың денсаулығы сыр бере бастағанда, апамыз өзінің білімін, күш-жігерін аямай, оған бар ықыласымен күтім жасап, ауыр сырқаттарынан айығуына көп көмек көрсетті. Оның кәсібилігі мен қамқорлығы атамыздың өмірін ұзартқандай көрінеді.

– Егер ол мемле­кеттік қыз­метке ауыспаса, әде­биетке кө­бірек үлес қосар еді деп ойламайсыз ба?

– Атамыздың қызмет сатылары шығармашылық тынысына, шығармашылық сапарына әсер еткені анық. «Мен әдебиетші болмасам, саясатқа келмес ем. Cуреткер болмасам, күрескер де болмас ем. Бұpын суреткер ретінде толғандырған мәселелер – мені азамат ретінде де толғандырып жүрген мәселелер еді», деді өзі. Басқа алып-қосарым жоқ.

– Әбіш Кекілбайұлының либреттосына жазылған «Абылай хан» операсы көп жылдан бері қойылып жүрген жоқ. Алдағы уақытта операны театр сахналарынан көре аламыз ба?

– Иә, «Абылай хан» операсы көптен бері сахнада қойылмай жүр. Опера алғаш рет 2005 жылы сахналанып, көпшіліктің көңілінен шыққаны есімде. Бұл – қазақ хал­қының тарихын, Абылай ханның ерлігін насихаттайтын айрықша туын­ды. Бірақ уақыт өте келе ол сахнадан көрінбей кетті, соңғы жылдары тіпті көрсетілмей жатыр. Алдағы уақытта сахнаға орала ма – белгісіз.Алайда өнерсүйер қауым, әсіресе тарихи-ұлттық тақырыптарды қолдайтын көрермен арасында «Абылай хан» операсының ора­луы­н күтіп жүргендер аз емес. Осы сұранысты ескере отырып, театр және мәдениет саласының жауап­ты тұлғалары қолдау біл­дірсе, операны сахнаға қайта шы­ғару мүмкіндігі де арта түседі деп ой­лаймын. Операны қайта қою үшін қаржылық қолдау, дайындық және ұйымдастыру жұмыстары қажет екені түсінікті. Бұл мәселе мемлекеттік деңгейде шешілмесе, әлі де біраз уақыт шегеріліп қалуы мүмкін. Әдетте бізде белгілі бір мерейтойлар мен даталарға орай қорытындылар жасалып, осындай мәселелерге назар аударылса керек. Дегенмен, Е.Рахмадиевтің 100 жылдық мерейтойын күтпей-ақ операсын сахнаға қайта алып шықсақ, тамаша болар еді.

– Уақыттың, яки заманның заңы солай ма, бүгінде соңында іздеушісі жоқ таланттардың есімі де ескіріп жатыр. Әде­биеттегі әділетсіз осы бір құ­былыс Әбіш әлеміне енбесе ке­рек-ті. Бұл үшін не істеу қажет?

– Әбіштің екінші мәңгілік дәуірі басталды деп айтуға болады. Жоғарыда айтылғандай, оның шығармашылығын түп­нұсқаларымен қолжетімді етіп, кеңінен таныту – зерттеушілер үшін де үлкен қызығушылық тудыратын маңызды мәселе. Мұ­ражайлар, дәрісханалар мен мектептер осы салада өз үлестерін қосып, оның мұрасын насихаттауға бағытталған жұмыс жүргізіп жатыр. Ал сахналарда қойылып жатқан қойылымдар көрермен мен зерттеушілерге жаңа көзқараспен қарауға мүмкіндік беріп, Әбіштің шығармашылығын тереңірек зерделеуге жол ашады.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен –

Маржан ӘБІШ,

«Egemen Qazaqstan»