Қазақстанның халық суретшісі, Ш.Уәлиханов атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, өнертану кандидаты Нағымбек Нұрмұхаммедовтің туғанына 100 жыл толуына орай Әбілхан Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейінде «Суретші және ғалым. Дәуір бейнелері» атты көрменің ашылу салтанаты өтті. Көрмеде алуан түрлі тақырыпты толғаған суретші шығармашылығындағы ең таңдаулы туындылар ұсынылды. Н.Нұрмұхаммедов – қырық жылға жуық шығармашылығында өнімді еңбек еткен, соңына үлкен мұра қалдырған талантты қылқалам шебері.
Кең тынысты, көрнекті кескіндеме шеберінің шығармашылығы ауқымды әрі сан қырлы – портреттер, пейзаждар, жанрлық композициялар өз заманының көркем бейнесін көрсетеді. Саналы ғұмырын сурет өнеріне арнаған оның өмірбаяны да сан түрлі оқиғаға толы. Суретші – Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан майдангер, еңбегі мен ерлігі орден-медальдармен бағаланған биік марапат иесі, шартарапты шарлаған жиһанкез, белсенді әрекетімен көптің көңіліне жаққан ел азаматы, өнер табиғатын танып-таразылап, пайдалы еңбектер жазған қаламгер.
Н.Нұрмұхаммедов «М.В.Фрунзенің Самарқандтағы жасақтар алдында сөйлеген сөзі» (1953), «Д.А.Фурманов Верный қаласындағы халық жасақтары арасында» (1954–1958) атты алғашқы жұмыстарымен-ақ дарыны мен қарымын байқатып, болашақта сюжеттік кескіндеменің жетілген шебері болатынын танытты. 1959 жылы Теміртауға жасаған сапарының әсерінен туындаған «Қазақстан Магниткасында» атты жұмыстар топтамасында сол кезеңнің шынайылығы көрініс тапты. Сайын далада елдің көз алдында қуатты металлургиялық зауыт салынып, жаңа Теміртау қаласы бой көтеріп жатқаны өте әсерлі бейнеленді. Оның шығармалары жаны таза қарапайым еңбек адамдарын жырлады, әр туындысы өз туған жерімен кіндігі байланған адамның сарқылмас махаббатын баяндаған көркем әңгіме іспетті өрілді.
Әсіресе әскери-теңіз флотына арналған жұмыстар сериясы суретшінің жанына жақын, ерекше қымбат дүние, себебі бұл тақырып оның өмірбаянының бір бөлігі болды. Ол теңіз офицерлерінің, даңқты теңізшілердің портреттерін үлкен сезіммен салады.
Суретші көрмесінің кураторы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Күлжазира Мұқажанова Н.Нұрмұхаммедов шығармашылығының жарқын бір бөлігі оның шетелдерге жасаған саяхаты екенін атап өтті. «Ол қай жерде болса да, мейлі Еуропаға, Жапонияға, Бразилияға, Үндістанға немесе Америкаға сапар шексе де, барған еліне салыстырмалы сын көзімен қарап, терең әсерге бөленіп, кейін сол тебіренісін осы елдердің ерекшелігін, табиғатының сұлулығын бейнелейтін шығармалар тізбегіне айналдырды. Суретшінің «Бразилия» цикліне кіретін «Копакабанадағы кездесу», «Актриса Мария делла Костаның портреті», «Жол төсеуші», «Сан-Паулу қаласының шеті», Үндістан сериясынан «Тибет Ламасы», «Ганди портреті», Жапон сериясынан «Фудзияма тауы», «Хиросима», «Жапон мүсіншісі Хонго-Син әйелімен» секілді туындылары кейіпкерлердің көңіл күйін жеткізуде шынайы, суретшінің өзіне тән шығармашылық тәсілімен, күңгірт немесе ашық интенсивті бояумен жазылған», дейді қазақ бейнелеу өнеріне тыңнан түрен салып, оны шығармашылығының бір қырына айналдырған суретші даралығына тоқталған К.Мұқажанова.
Өнер зерттеушісінің айтуынша, портрет жанры Н.Нұрмұхаммедов шығармашылығында маңызды орын алады. Суретшінің бүкіл шығармашылық жолында жасаған түрлі мамандық иелерінің, оның ішінде белгілі мәдениет және өнер қайраткерлері портреттерінің кең галереясы құрмет пен сүйіспеншілік сезіміне тұнып тұр.
Талантты қылқалам шеберінің бейнелеу өнеріне қосқан үлесі тек кескіндемемен ғана шектелмейді. Өнертану ғылымының кандидаты Н.Нұрмұхаммедов өзі қызмет еткен саланы ғылыми-танымдық жағынан зерделеуге жастайынан ден қойып, халық шығармашылығы, заманауи өнердің бағыт-бағдары туралы жаңалығы мол, кең көлемді зерттеу мақалаларын жариялайды. «Қазақ КСР графикасы», «Еңбек даңқы», «Қазақстан өнері», «Қожа Ахмет Ясауи кесенесі», «Ұлы Отан соғысына қатысқан Қазақстан суретшілері» атты кітаптар шығарды.
Сонымен қатар Халық суретшісі Н.Нұрмұхаммедовтің 100 жылдық мерейтойы аясында суретші тұрған үйге ескерткіш тақта орнатылып, музейде бейнелеу өнерінің белгілі тұлғалары мен жас буын суретшілердің басын қосқан дөңгелек үстел ұйымдастырылды.
АЛМАТЫ