(Белгілі ақын, әдебиет зерттеушісі Бүркіт Ысқақов жайлы сөз)
Алаш ардагерлерінің шығармаларындағы ұлттық рух сөз өнерінде көркемдік дәстүр ретінде үзілмей жалғасын тауып жатқанын әдебиет тарихынан білеміз. Алаш ардақтыларымен тілектес, ниеттес ақындардың бірі – Бүркіт Ысқақов. Оның өмір жолы мен шығармашылық кезеңі де ешкімді қайталамастай өзгеше.
Қазақ әдебиеттану ғылымы мен қазақ поэзиясында, балалар әдебиетінде өзіндік із қалдырған Бүркіт Ысқақовтың есімін аға буын үлкен құрметпен атайды. Әдебиетіміздегі іргелі қаламгердің қаламынан туған туындылар өз заманының үні болғанын танытардай, әрі көркемдік бояуы қанық ерекше туындылар санатында.
Бүркіт Ысқақов – 1924 жылы Қарағанды облысы, Нұра ауданының «Көкмөлдір» ауылында туған. Табиғаты бай, әсем көл Көкмөлдір жас баланың дүниетанымы мен ақындық қасиетінің қалыптасуына үлкен әсер берген сияқты. Он бес жасар Бүркіттің туған еліне, сұлу өлкесіне арналған өлеңдері жергілікті басылымдарда жариялана бастайды. Ол өзінің туған жері жайлы:
Жағасында Нұраның,
Жер бар, аты – Көкмөлдір.
Болғанмен бірі жыраның,
Суы қандай мөп-мөлдір!
Бойы-бітік бетеге,
Жасыл құрақ жағасы.
Төскейі – гүл текемет,
Балдан тәтті ауасы.
Халық сүйген қарт Қайып,
Осы жерде туыпты.
Ақын Сәкен жантайып,
Суына бетін жуыпты.
Атам соны қоныс қып,
Мен де сонда туыппын,
Содан маған ол ыстық.
Сондықтан да ол сүйіктім –
деп толғанады. Қарағанды мұғалімдер институтын бітірісімен, 1942 жылы әскер қатарына шақырылып, Ұлы Отан соғысына қатысады. Соғыс аяқталысымен туған жеріне оралып, «Орталық Қазақстан» газетінде қызмет атқарған кезден ол өзінің қаламгерлік қабілетін айрықша таныта бастайды. «Сарыарқаның жүрегі», «Ұлы Нұра жағасында» тағы басқа да көптеген очерктері, топтама өлеңдері жарияланады. 1948 жылы қызмет істей жүріп С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің тарих-филология факультетін, 1951 жылы ұлттық ғылым академиясының аспирантурасын бітіреді. 1951–1956 жылдары жеке басқа табынушылықтың зардабын шеккен.
«Бүркіт Ысқақов – Ұлы Отан соғысы жылдарында қолына қару алып, кеңестік жүйені, коммунистік идеяны қорғаса да сталиндік саясаттың құрығына көп ілінген, көп зәбір-жапа шеккен азамат. Ағамыз 1951-53 жылдардағы «Космополотизм мен ұлтшыл-буржуазияшылдарға қарсы күрес» деген ұранмен жүргізілген репрессия тырнағына түсіп, қуғын-сүргінге ұшыраған Е.Бекмаханов, Қ.Жұмалиев, Е.Ысмайыловтармен бірге тұтқындалып, Жезқазған өңіріндегі әйгілі «Степлагке» айдалған. 50-жылдары Қазақстанның Жоғары оқу орындарында оқитын бір топ жастар сталиндік тоталитарлық жүйеге қарсы «ЕСЕП», яғни «елін сүйген ерлер партиясын” құрады. Партияның іс-әрекеті ел ішіне кең тарамаса да, 37-нің ызғары басылмай тұрған сәтте мұндай әрекетке барудың өзі ерлікпен пара-пар дүние болатын. Жалпы отандық тарих пен саясаттану ғылымында 50-жылдардағы репрессия тарихы мен сол кездегі қуғын-сүргінге ұшыраған қайраткерлердің өмірбаяны әлі толық зерттеліп біткен жоқ» , – деп жазады Мұхтар Құл-Мұхаммед .
1950 жылдары қуғын-сүргінге ұшырап, саяси тұтқын ретінде әртүрлі лагерьлерде жазықсыз жапа шеккен, жеке басқа табынушылықтың ауыр зардаптарын тартқан Махмет Темірұлы Б. Ысқақов екеуінің қуғын-сүргінге қалай ұшырағанын, кеңестік легерьлерде бастан кешкен тақсыреттерін баяндайтын «Арман мен азап» аталатын кітапта ертеректе болған бір оқиғаны былай баяндайды: «Бұл ел өміріндегі қаралы оқиғалардың ең ауырларының бірі – кейіннен қуғын-сүргін жылы болып аталған 1937 жылдың күз айларының бірінде болған жағдай еді. Ол кезде жан-жақтан келіп оқитындар мектептің жатақханасында жатамыз. Мұнда мектеп директоры Коммунистік партия мен Кеңес үкіметінің «қырағылығының» арқасында көптеген «халық жауларының» әшкереленіп жатқаны туралы хабарлады. Олардың ішінде кітаптарын үнемі сүйіп оқып жүрген белгілі ақын-жазушылар Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіровтер де бар екен. Алғашқы кезде таңғалып, абыржып қалсақ та, директордың жан-жақты «түсіндіруінен» кейін әлгі есімдері датталғандардың «нағыз жау» екендігіне толық сеніп қалғандай күй кештік. Жиналыстан кейінгі жұмысымыз олардың кітаптарын өртеп, құрту болды. Күндізгі кітап өртегенімізді малданып, біздер үлкен бір жұмыс тындырғандай жатақханада шырт ұйқыда жатқанбыз. Бір уақытта бір бөлмеде жатқан бәріміз де: «Ойбай, Сәкен өртеніп кетті-ау», – деген дауыстан шошып ояндық. Дауыс шыққан жаққа жүгіріп барып байқасақ, бұл ұйқысырап өксіп-өксіп жылап, айғайлап жатқан Бүркіт Ысқақов екен... Сөйтсек, біздер ойымызда ештеңе жоқ, жай ғана күліп-ойнап, кітаптарды быт-шыт қылып жыртып, өртегенге мәз болып жүрсек, ол күндізгі өртеніп кеткен кітаптарға да, оның авторларына да жаны ашып, қатты күйзеліп жүрген екен ғой» – дейді. Бұл үзіндіні оқи отырып Б.Ысқақовтың бойындағы азаматтық, қайраткерлік қасиеттерінің бала жастан қалыптасқанын қапысыз танығандай болдық.
Елін ерекше сүйген ердің сол уақыттағы халін М.Темірұлы былай суреттейді: «Біздер тәтті ұйқыда жатқанда ол көп уақыт көз ілмей жатыпты. Осы көрген түсінен кейін Бүркіт көпке дейін ойын-күлкісіз, оңала алмай жүрді. Тіпті өзінің жақын туыстары қайтыс болғандай қайғырды. Кейінгі студент болған жылдарымызда ол бізге тіпті қатар жүрген құрбы емес, көп затты көрсетіп, үйретіп жүрген ұстаздай болды. Оның көп білгендігіне, алғырлығына еліктей жүріп, ол «Елін сүйген ерлер партиясын» (ЕСЕП) құрған кезде біз оны қуана жүріп қабылдадық. Бүркіт өз қатарынан ой-өрісі жоғары болуы арқасында бірыңғай коммунистік рухта тәрбиеленген жастардың ұлттық-патриоттық санасын оятып, оларды өз маңайына топтастыра білді».
Бүркіт Ысқақов абақтыда және айдауда жүргенде де ақиқат үшін, азаттық үшін арпалысумен болды. «Үзілмей жібі үміттің» атты ұзақ өлеңдер топтамасын жазып шықты. Академик Мұхамеджан Қаратаев былай деп пікір білдірген: «Бүркіт Ысқақовтың «Тас еденнің ызғары» атты өлеңдер топтамасының қазақ поэзиясынан алатын орны ерекше. Оның бұл өлеңдерінен Сәкеннің сыры, Бейімбеттің мұңы, Ілиястың үні естілгендей болады». Оның бұл өлеңдерінде көркем поэзияның табиғатына тән ең ғажап қасиеттер сақталған. Б.Ысқақовтың «Тас еденнің ызғары...» атты өлеңдер циклі оның абақтыда отырып, айдауда жүрген кезінде жазылған. Отыз жылдан кейін «Үзілмей жібі үміттің...» деген атпен «Қазақ әдебиеті» газетінде (1987,25.ХІІ) бірнеше өлеңі жарық көрді.
Профессор Р.Бердібаев: «Б.Ысқақов бұл өлеңдерімен қазақ совет поэзиясында бұрын болмаған «Тұтқын жыры», «Лагерь өлеңдері» деп аталатын поэзияның жаңа түрін, жаңа жанрын бастады. Сондықтан бұл өлеңдер қазақ совет поэзиясына қосылған жаңа бет болып табылады», – деп бағалады. Шынында, «Душар боп бейнет сорыма...», «Кіршік жоқ бірақ ойымда...», «Жамбасыма сыз батып», «Артымда бар ел-жұртым», «Қош, Алматым!», «Шыққанда жаңа жарқ етіп...», «Жумассың қалай өлеңмен?» өлеңдері ақынның нала көңілінің сырын шертеді:
Қош, Алматым, алтын тулы астанам
Аттандым мен алыс ауыр сапарға
Қайда жүрсем сені есімнен тастаман,
Қосылармын я қосылман қатарға, – деп үміт пен күдік алмасқан жыр шумақтарымен қатар әділеттің салтанат құратынына нық сеніммен айтқан жолдар да кездеседі:
Ақырғы әділ үкім айтып елім,
Паш етер ақтығымды әлі-ақ менің
Берілер сазайларың сендердің де
Көз жастар нахақ аққан кетпес тегін.
Мұнда ақынның өршіл рухы, арман-мақсаты, сыр-сезімі, пейіл-көңілі, ел мен жерге деген ұлпадай ілтипаты жан толқытарлық ыстық леппен суреттеледі.
Бұл туралы ғалымның досы Махмет Темірұлы былай дейді:
«Мектепте оқып жүрген кездерінің өзінде – ақ көкейінде мықтап орнаған асыл арманы үшін кеңес үкіметінің абақтылары мен лагерьлерінде болып, жан төзбес азап шекті. Торға түскен қырандай қанатын кең жая алмай, бойға біткен дарынын толық ашып көрсете алмай, бостандыққа шыққанмен де үнемі МХК жендеттерінің бақылауында болып, өз көзімен көрген өмір шындығын айқындап ашып жаза алмай қапаста тұншығып өтті», – деп жазады.
Бүркіт Ысқақовтың өз отанына, ұлтына деген сүйіспеншілігі оның жырларынан да айқын байқалады.
Аз болғандай бір менің
Басыма тұтқын бұғауы.
Әйнегіне түрменің
Түсіпті қыстың қырауы.
Соқса қарлы мұздарын
Сыртта боран талмастан.
Тас еденнің ызғары
Өтеді және жамбастан.
Батса да ызғар денеме,
Соқса да боран долдана.
Ойламаймын дәнеңе
Жасымаймын сонда да.
немесе:
Елінің білмей ерлерін,
Шырқамаған ата әнін
Сүйеді деме өз елін,
Сүйеді деме Отанын.
немесе:
Отан – тарих, Отан – тіл,
Жасаған елің, ер халқың
Отан - өлең, Отан – жыр,
Көтерген көкке ел даңқын, – деп Отанға деген өзінің кіршіксіз махаббатын паш етеді.
Қазақстан халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Сафуан Шаймерденов «Ғасыр асуы алдында...» деген мақаласында Бүркіт Ысқақов туралы мынандай пікір айтқан: «Албасты да қас-қабаққа қарап басады. Қарын ашқан кезде күштісі әлсізін, әкесі баласын жеп қоятын акула секілді бір-бірімізге шоқпар сілтей берсек, келешегіміз күмәнді. Тірі жанның бетіне тіке қарамаған ғалым – жазушы Бүкеңе, Бүркіт Ысқақовқа кезінде жала жауып, айдатып жіберген жазушысымақтар бүгін арамызда мұртынан күліп жүр. Мұны әсте естен шығаруға болмайды».
Ал, бұл жайында Б.Ысқақов:
Қылмыс теріп Қиқымов,
Қыр соңымнан қалмады
Аңдып жүріп Сиқымов
Ақырында қармады.
Жоқтан бар қып Жамауов,
Бір пәлені байлады.
Үкім етіп Танауов,
Жиырма беске айдады.
Айтсам егер шындықты,
Ей, ағайын, туысқан.
Көрдім қорлық сұмдықты,
Өзіміздің туыстан! – деп жазады.
Бүркіттің айдауда жазған өлеңдерінен оның қапалы мұң-шері айқын көрініп тұрады. Ол қанша жерден тауқымет тартса да күндердің күнінде әділдік туы желбірейтініне кәміл сенген.
Жеке басқа табынудың кезеңінде жазықсыз қудалауға ұшыраған халқымыздың аяулы перзенттері туралы жазылған мақалалар мен естеліктер енгізілген «Зауал» деп аталатын кітапта Армиял Тасымбеков «Елу сегіздің оны» деп аталатын мақаласында: «Көпке дейін жеке басқа табынушылық кезеңіндегі көптеген сорақылықтар мен бассыздықтарды жасырып келдік. Халықта «Ауруын жасырған өледі, дауды жасырған төлейді» деген мақал бар. Ендеше, біздің де ауруымызды жасырмауымыз, дауымызды бастырмауымыз керек. Олай етпеген күнде өткен күннің қателіктері қайталанып, қара күндердің қайта тууы ғажап емес. Алайда ақиқат пен шындықты айту үшін де асқан адалдық пен шынайы сезім керек. Бұған да әркімнің батылы барып, жүрегі дауалай бермейді. Ал Бүркіт – ақын адам, сондықтан оның ақиқатты айтуы – парыз. Ол ұзақ ойланып, толғанып отырып, сөзін әзер бастады:
– Мен бұл сөздерді, кейбіреулердің ойлағанындай, атымды шығару үшін немесе біреулермен есеп айыру үшін айтып отырған жоқпын. Кейінгілерге, келешек ұрпақтарға сабақ болсын, олар ата-бабаларының, әке-шешелерінің, оның ішінде мына біздердің қателіктерімізді қайталамасын деп айтып отырмын, – деді.
Кейбіреулер менен: «Осындай ауыр жағдайда жүріп, өлеңді қалай жаздыңыз?» деп сұрайды. Мен оларға былай деймін: «Маған мұндай сұрақты қоймас бұрын әуелі Юлиус Фучик, Мұса Жалил, Назым Хикметтердің фашизмнің тас түрмесінде отырып қалай шығарма жазғанын еске түсіріңіздерші. Ал оларға қарағанда менің жағдайым жеңілірек болды ғой.
Біріншіден, мен өз елімде, өз жерімде, өз халқымның арасында болдым ғой. Мені Америкаға немесе Жапонияға айдап жіберген жоқ. Ал өз елің қандай жағдайда және қай уақытта болсын, ол – алтын бесік.
Екіншіден, менің елім – Совет Одағы, дүние жүзіндегі ең демократиялық және гуманистік елден саналады. Басқалар фашизмнің тас түрмесінде отырып шығарма жазғанда , мен өз елімде, өз жерімде, өз халқымның арасында отырып өлең жаза алмасам, осындай мүмкіндікті пайдалана алмасам, онда менің кім болғаным?
Үшіншіден, адамдардың бәрі бірдей аң емес, жұрттың бәрі бірдей жыртқыш емес. Олардың арасында да ақылы бар, ары бар, адамгершілігі бар адамдар көптеп табылады. Мен прокурор З.Қажыбековты, шахта участогінің бастығы Ә.Бөпеевті, лагерь басшылары Н.Кибенко мен С.Әбуевтерді осы күнге дейін ізгі сезіммен еске аламын. Міне осындай жақсы адамдардың арқасында тірі қалдық, еркіндікке шықтық. Сондай жақсы адамдардың арқасында өлең де жаздым, өзімді де, өлеңімді де аман сақтап қалдым», – деп жазады.
Б.Ысқақовтың жазған өлеңдерінің бір арналы саласы – арнау өлеңдері. Ол өлеңдерінің негізгі кейіпкерлері – замандастары, туыс-жақындары, бір сөзбен айтсақ өз ортасы. Б.Ысқақов та қазақ поэзиясындағы жақсы дәстүрді жалғастыра отырып арнау өлеңдер жазған.
«Ол кіргенде лаваға» өлеңін кенші Әбдіраман Бөпеевке арнайды. «Бұл кеншімен мен Бүркіт айдауда жүргенде "Алмарасан" демалыс үйінде таныс болдым. Бүркіт соның қарамағындағы учаскеде кен қазады екен, сенің атыңды атап, «тірі екенімді білдіріп, сәлем айтыңыз», – деп еді.
Кезіккеніміз қандай жақсы болды! «Шахтадағы тұтқындардың жағдайы ауыр: Бүркітке үйден қойныма тығып, тамақ әкеліп беріп жүремін», – деді. Сөйтіп, сырлас болдық. Бүркіт ақталып келгеннен кейін Әбдіраман сөзінің растығын, тіпті Алматыдан оралған соң, ол лагерь бастығынан бір күнге рұқсат алып, үйіне апарып қонақ қылғанына дейін әңгімелеп берді. «Сондай да қазақтың ер-азаматы болады!» деп таң қалып жүрді. Бірақ осы кенші көп ұзамай қайтыс болды. Жоғарыдағы өлең қиын күндерде жанашырлық білдірген, нағыз азаматқа ескерткіш іспетті. Өлеңнің «Ол кіргенде лаваға, шахта ішіне жан біткен» деп басталуында осындай сыр бар» деп ой өрбітеді Өмірбектің Жаппары. Тарихы осылай өрілген өлеңді оқып көрейік:
Ол кіргенде лаваға
Асқан қайрат, сеніммен
Дала айналып қалаға
Тау орнаған көмірден
Қала алмаймын толғанбай,
Қараған сайын көмірге.
Жалын беріп тұрғандай,
Біздің байтақ өмірге, – деп қайраттанады.
«Бүркіт Ысқақов ағамыз мейлінше қарапайым, иі жұмсақ, кішіпейіл, адамгершілік мәдениеті жоғары, мінезге бай, өнегелі, үлгілі, қадірлі жан еді. Көп білуші еді, білгенін мүдіртпей, жатқа заулататын-ды. Ағалы-інідей сыйлас, пікірлес болдым. Біздерді жақындастырған Доскей, Шашубай, Қайып, Нарманбет сынды ақындардың шығармашылығы болатын. Доскей Әлімбаевтың әдеби мұрасын бірлесіп, жеке жинақ етіп шығардық. Бүркіт аға 1991 жылдың басында дүниеден озды. Асыл ағаның әдеби-көркем және ғылыми шығармашылығы бір кісі үшін аздық етпейді. Атап айтқанда, ақындығын ғалымдығы көріктендірген. Тәуелсіздік тұсында Бүркіт Ысқақовтың шығармашылық еңбегінің үстіне азаматтық тұлғасы, қайраткерлік болмысы айрықша жарқырап көрінеді. Ол – «ЕСЕП» партиясының көсемі. Ол – қазақ елінің рухани түлеуін көксеген ардагер. Ол – жастарды жалынды істерге баулыған тәлімгер. Өзі уылжыған уыздай жас болса да, ұлтының тағдыр-талайына көкірегі қарс айрылған, жүрегіне қасиет ұялаған оғылан»,– деп жазады филология ғалымдарының докторы, профессор Серік Негимов.
Ғалымның азаматтық болмысы оның өлеңдерінен де, ғылыми еңбектерінен де жарқырап көрінеді.
Бүркіт Ысқақовтың азаматтық-қайраткерлік қырлары: ұлт мұратына адалдықтан айқын аңғарылады, қоғамдық-кезеңдік құбылыстарға сергек қарап, азаматтық көзқарасын ашық білдіреді, өз жұртын бар асылдан да жоғары қояды. Сондықтан:
Жою мені, жігітім,
Түспес, сірә, тегінге
Артымда бар ел – жұртым
Жоқтайтұғын менің де, – деп қайраттанған.
Ел тәуелсіздігі жолындағы алаш ардақтыларының арманын жалғай білген, бүгін де туғанына ғасыр толып отырған Бүркіт Ысқақовтың азаматтық ісі – кейінгіге үлгі болмақ.
Алмагүл Умбетова,
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық
университетінің аға оқытушысы,
филология ғылымдарының кандидаты