• RUB:
    5.18
  • USD:
    515.25
  • EUR:
    535.91
Басты сайтқа өту
Кино 18 Қараша, 2024

Биыл «Еуразия» кинофестиваліне 15-тен астам ел қатысады

85 рет
көрсетілді

Қарашаның 24–30 аралығында Алматыда өтетін Орталық Азиядағы ең ірі XVII Халықаралық «Еуразия» кинофестивалінде әлемнің түкпір-түкпірінен режиссерлер, актерлер, сценаристер мен киноөнер жанкүйерлері бас қосады, деп хабарлайды Egemen.kz.

«Еуразия» өзінің іргетасы қаланған күннен бастап қарапайым кинофестивальден әлдеқайда ауқымды іс-шараға айналды. Бұл – Шығыс пен Батыстың тоғысқан орны. Онда ұлы мәдени мұра заманауи үрдістермен үйлесім табады, ол жарыс қана емес, диалог, шабыт, кино әлеміндегі жаңа есімдерді ашу алаңы.

Биылғы фестивальдің ауқымы ерекше болмақ:

Оған 15-тен астам ел қатысады; Үш құрлықтың фильмдері көрсетіледі; Екі конкурстық бағдарламада әрқайсысы ерекше әрі бірегей 22 фильм ұсынылады.

Биылғы фестивальге қатысатын елдердің кинематографиялық дәстүрлері де сан алуан. Қатысушылар қатарында Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Түркия, Иран, Беларусь, Әзербайжан, Ресей бар.

Фильмдерде миграция мен жеке тұлғалық ізденіс тақырыптары қозғалады. Сонымен қатар кейінгі жылдары өз ерекшелігімен таңғалдырып жүрген Якутия да бар.

Мұндай әртүрлілік көрермендерге мәдени дәстүрлер палитрасын және баяндау тәсілдерінің бірегейлігін көруге мүмкіндік береді. Халықаралық конкурс жаһандық мәселелерді қамтиды: экология, теңдік, жеке және қоғамдық дағдарыстар.

Орталық Азия және түркі әлемі елдерінің конкурсы – режиссерлердің ұлттық бірегейлікті, қазіргі әлемнің сын-қатерлерін қалай ашып көрсететінін танудың бірегей мүмкіндігі.

Сонымен қатар фестивальде келесі бағдарламалар болады:

«Әлемдік панорама» – Канн, Венеция, Берлин секілді ірі фестивальдерден үздік фильмдер; «Жаңа отандық кино» – Қазақстан кинематографиясындағы жаңа көкжиектерді ашқан жас таланттардың платформасы; Ретроспективалар мен арнайы көрсетілімдер – үлкен экрандарда сирек көрсетілетін фильмдер.

Фестивальдің басты бөлігі – режиссерлермен, актерлермен және продюсерлермен кездесулер. Бұл – жас кинематографистер үшін шеберлерге сұрақ қойып, тәжірибе алмасып, киноиндустрия құпияларымен танысуға тамаша мүмкіндік.

Сонымен қатар продюсерлік, сценарий жазу және операторлық бойынша шеберлік сабақтары өтеді. Олар қатысушылар мен көрермендерге киноға басқа қырынан қарауға көмектеседі.

«Еуразия» фестиваліне алғаш келген кез келген адам мұндағы ерекше атмосфераны бірден байқайды. Бұл – көрермендер мен фильм авторлары арасындағы шекара жойылатын жер.

Еске салайық, дәстүрлі фестивальдің негізін қалаушы және ұйымдастырушы – ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі. Ал тікелей ұйымдастыру Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» ұлттық киностудиясына жүктелген.

Айта кетейік, іс-шараға Bazis-A халықаралық құрылыс компаниясы, KAZ Minerals кен өндіру компаниясы, Sarens Kazakhstan, Salem Entertainment, Kinopark Theatres кинотеатрлар желісі және Astana Motors демеушілік етті.