Алматыда 2026 жылы француз тілінде оқытатын мектеп ашылады. Екі ел басшысы келісімі аясында жүзеге асатын жобаға «EPG» адами капиталды дамыту қоры 12,6 миллион доллар инвестиция салмақшы.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Францияға, Эммануэль Макронның Қазақстанға жасаған мемлекеттік сапары аясында стратегиялық мәселелермен қатар, мәдени байланыстарды дамытудың маңызы атап өтілгені белгілі. Осы келісімдерге орай Астана мен Алматы қалаларында француз мектептерін ашу туралы үкіметаралық келісім жасалған болатын.
Үкіметаралық келісімді іске асыру мақсатында «EPG» қоры мен шетелдегі француз білім беру жүйесін дамыту «AEFE» агенттігі Алматыда мектеп салу жобасын іске асыру жөніндегі келісімге қол қойды.
Алматыда ашылатын мектептің халықаралық үлгідегі аттестат, техникалық пәндер бойынша жоғары сапалы білім беру, француз, ағылшын, қазақ, орыс тілдерінде оқыту, балаларды үш жастан бастап қабылдау, шетелдік, оның ішінде француз жоғары оқу орындарына түсу мүмкіндігін қарастыратын бірқатар артықшылығы бар.
«EPG Education» қоры қадағалау кеңесінің төрағасы Балтабек Мұқашевтың айтуынша, жоба біздің ел балаларына халықаралық білім әлеміне жол ашады. Алматыдағы мектептің құрылысы AEFE – Францияның шетелдегі француз білімін дамыту мен қолдауға жауапты мемлекеттік ұйымының бақылауымен және қатысуымен жүзеге асады. Бұл агенттік Францияның Еуропа және сыртқы істер министрлігінің қарамағында, әлемнің 139 еліндегі 580 мектепті қамтитын француз оқу орындары желісін басқарады. Онда 392 мыңнан астам оқушы білім алып жатыр. AEFE Франция Білім министрлігінің талаптарына сай жоғары білім стандарттарын қамтамасыз етумен қатар мұғалімдердің біліктілігін арттыруға ерекше мән беретін болады.
Қазіргі таңда «EPG» адами капиталды дамыту қоры Алматы қаласында «Prometheus School» және «Fiztech» бағытындағы мектептерді басқарып отыр.
АЛМАТЫ