Азамат Шадиев Жаңаарқа ауданы Түгіскен ауылындағы «Азат» шаруа қожалығына жетекшілік етеді. Оның бұл кәсіппен айналысқанына он бес жылдай уақыт болды. 2007 жылы қолда бар мал басын көбейтуді, сөйтіп, шаруашылық құруды алғаш рет ойластырды. «Осындай ойым бар, сіздерден көмек, жәрдем бола ма?» деп кеңселерді де жағалаған жоқ. Өз-өзін сынап көргісі келеді. Жай-күйін жасап еді, мал басы да көбейіп шыға келді.
Айталық, Азаматтың шаруа қожалығынан 200-дей сиыр, 300-ден аса жылқы, 500 бас қой биыл қысқа түсіп отыр. Кейінгі бірер жылда ол ақбас сиыр өсіруді қолға алды. Қазір қорасында 90 ақбас сиыры бар. Мемлекет асыл тұқымды мал басына субсидия береді. «Мал өсіремін» десең, мемлекеттің де осындай қамқорлығы бар. Шаруашылыққа қандай техникалар қажет, Азаматта соның бәрі де бар. Қысқа керекті деген 600 тонна шөбін ерте күзде дайындап та қойды. Ол алдағы уақытта мал бордақылаумен айналысуды көздеп отыр. Бұған қажетті қора-қопсы, шөпке қоса жемі де дайын. Тұрақты түрде еңбек ететін 3-4 жұмыскері де бар. Ісіне тиянақты шаруа осындай болса керек-ті.
Өсірген малдың өнімін де тиімді пайдалана білу керек. Оның сүті де, еті де елдің кәдесіне жарап жатса, міне, шаруашылықтың пайдасы деген сол. Азамат осыдан бірер жыл күре жолдың бойынан «Азат» дәмханасын ашқан болатын. Дәмхана қызметіне өткен-кеткен жолаушылар дән риза. Қолдың сүті, қаймағы, майы мен құрты, т.т. дастарқан мәзірінен қысы-жазы үзілмейді. Әрі бағасы да қалтаға күш түсіре қоймайды. Әрине, сосын жолаушылар риза болмағанда қайтеді?
Азамат Шадиев жақында облыс орталығы Жезқазған қаласынан сауда павильонын ашты. «Ұлытау» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ Жезқазған қаласындағы бұрынғы «Uly dala» сауда павильондарын фермерлерге беруді ойластырып, оларға ұсыныс жасаған еді. Бұл ұсынысты Азамат қуана қабыл алды.
– Өйткені ұсыныстың өте тиімді екенін байқадық. Коммуналдық шығындарды ғана төлейді екенбіз. Әлеуметтік бағыт ұстанғандықтан, әрине, баға нарықтан төмен болады. Бірақ бұдан ұтылмаймыз. Баға арзан болса алушы көп болады. Мұнда біз өзіміздің өнімдерімізді, сондай-ақ халықтың күнделікті тұтынуына қажетті азық-түліктің барлық түрін сатамыз. Өзім ауылда шаруашылықтың басы-қасында боламын, ал мұндағы сауданы балаларым жүргізеді, – дейді Азамат.
– Ауылды көтеру туралы жиі айтамыз. Соның бір жолы – сол ауылдағы шаруа қожалықтарына өнімдерін өздері сатуға жағдай жасау. Бұл екі жаққа да пайдалы, тиімді. Сондықтан Жезқазған қаласындағы бос тұрған сауда павильондарын фермерлерге берудің жолдарын қарастырдық. Тиісті талаптарын бекіттік. Шаруашылықтың жағдайын, жылдық табыстың көлемін, т.б. сараптап, тексереміз. Ұсынысымызды қабылдап, талапқа сәйкес келгендердің бірі «Азат» шаруа қожалығы болды. Ол қазір өз өнімдеріне қоса облыстық тұрақтандыру қорының әлеуметтік маңызы бар азық-түлік түрлерін де халыққа ұсынып жатыр, – дейді «Ұлытау» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ басқарма төрағасы А.Жөкебаев.
Кәсіпкерліктің аясын ұлғайта түсу арқылы шаруасын одан әрі шалқытуды көздеген Азамат бұрын Жеңіс ауылынан шағын дәмхана ашқан болса, енді сондай бір дәмхананы Жезқазған қаласынан да ашуды мақсат етіп, қараусыз қалған ғимараттардың бірін сатып алып, жөндеу жұмыстарын жүргізуде. Көпке бармай фермердің бұл дәмханасы да халыққа қызмет көрсететін болады.
Шаруашылығы шалқып, кәсібі өрге басқан кәсіпкер-фермер қайырымдылық шараларынан да шет қалмай, жоқ-жітік жандарға әрқашан жәрдемдесіп тұрады. Мысалы, ол Жезқазған қаласындағы сауда павильонынан аптасына 50 бөлке нанды тегін таратып отыр. Бұл оның қайырымды шаруаларының біреуі ғана.
Ұлытау облысы