• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Ауыл 19 Қараша, 2024

Шаруасы – далада, саудасы – қалада

167 рет
көрсетілді

Азамат Шадиев Жаңаарқа ауданы Түгіскен ауылындағы «Азат» шаруа қожалығына же­тек­шілік етеді. Оның бұл кәсіппен айналысқанына он бес жылдай уақыт болды. 2007 жылы қолда бар мал басын көбейтуді, сөйтіп, шаруашылық құруды алғаш рет ойлас­­тырды. «Осындай ойым бар, сіздерден көмек, жәрдем бола ма?» деп кеңселерді де жаға­лаған жоқ. Өз-өзін сынап көргісі келеді. Жай-күйін жасап еді, мал басы да көбейіп шыға келді.

Айталық, Азаматтың шаруа қожалығынан 200-дей сиыр, 300-ден аса жылқы, 500 бас қой биыл қысқа түсіп отыр. Кейінгі бірер жылда ол ақбас сиыр өсіруді қолға алды. Қазір қорасында 90 ақбас сиыры бар. Мемлекет асыл тұқымды мал басына субсидия береді. «Мал өсіремін» десең, мемлекеттің де осындай қамқорлығы бар. Шаруашылыққа қандай техникалар қажет, Азаматта соның бәрі де бар. Қысқа керекті деген 600 тонна шөбін ерте күзде дайындап та қойды. Ол алдағы уақытта мал бордақылаумен айналысуды көздеп отыр. Бұған қажетті қора-қопсы, шөпке қоса жемі де дайын. Тұрақты түрде еңбек ететін 3-4 жұмыскері де бар. Ісіне тиянақты шаруа осындай болса керек-ті.

Өсірген малдың өнімін де тиімді пайдалана білу керек. Оның сүті де, еті де елдің кәдесіне жарап жатса, міне, шаруашылықтың пайдасы деген сол. Азамат осыдан бірер жыл күре жолдың бойынан «Азат» дәмханасын ашқан болатын. Дәмхана қызметіне өткен-кеткен жолаушылар дән риза. Қолдың сүті, қаймағы, майы мен құрты, т.т. дастарқан мәзірінен қысы-жазы үзіл­мейді. Әрі бағасы да қал­таға күш түсіре қоймайды. Әрине, сосын жолаушылар риза бол­ма­ғанда қайтеді?

Азамат Шадиев жақында облыс орталығы Жезқазған қаласынан сау­да павильонын ашты. «Ұлытау» әлеуметтік-кәсіпкерлік кор­порациясы» АҚ Жезқазған қала­сын­дағы бұрынғы «Uly dala» сауда павильон­дарын фермерлерге беруді ойластырып, олар­ға ұсыныс жасаған еді. Бұл ұсы­ныс­ты Азамат қуана қабыл алды.

– Өйткені ұсыныстың өте тиімді екенін байқадық. Комму­нал­дық шығындарды ғана төлей­ді екенбіз. Әлеуметтік бағыт ұстан­ғандықтан, әрине, баға нарықтан төмен болады. Бірақ бұдан ұтылмаймыз. Баға арзан болса алушы көп болады. Мұнда біз өзіміздің өнімдерімізді, сондай-ақ халық­тың күнделікті тұтынуына қажетті азық-түліктің барлық түрін сатамыз. Өзім ауылда шаруа­шы­лықтың басы-қасын­да боламын, ал мұндағы сауданы балаларым жүргізеді, – дейді Азамат.

– Ауылды көтеру туралы жиі айтамыз. Соның бір жолы – сол ауылдағы шаруа қожалықтарына өнімдерін өздері сатуға жағдай жасау. Бұл екі жаққа да пайдалы, тиімді. Сондықтан  Жез­қазған қаласындағы бос тұрған сауда павильондарын фер­мерлерге берудің жолдарын қарастырдық. Тиісті талаптарын бекіттік. Шаруа­шылықтың жағдайын, жыл­дық табыстың көлемін, т.б. сараптап, тексереміз. Ұсыны­сы­мызды қабылдап, талапқа сәйкес кел­гендердің бірі «Азат» шаруа қожалығы болды. Ол қазір өз өнім­деріне қоса облыс­тық тұрақ­тандыру қоры­ның әлеуметтік маңызы бар азық-түлік түрлерін де халыққа ұсынып жатыр, – дейді «Ұлытау» әлеуметтік-кәсіп­­керлік корпорациясы» АҚ басқарма төрағасы А.Жөкебаев.

Кәсіп­керліктің аясын ұл­ғай­та түсу арқылы шаруа­сын одан әрі шалқытуды көзде­ген Азамат бұрын Жеңіс ауылынан шағын дәмхана ашқан болса, енді сондай бір дәмхананы Жезқазған қаласынан да ашуды мақсат етіп, қараусыз қалған ғимараттардың бірін сатып алып, жөндеу жұмыс­та­рын жүргізуде. Көпке бармай фер­мердің бұл дәмханасы да халық­қа қызмет көрсететін болады.

Шаруашылығы шалқып, кәсібі өрге басқан кәсіпкер-фермер қайы­рымдылық шараларынан да шет қалмай, жоқ-жітік жан­дар­ға әрқашан жәрдемдесіп тұрады. Мысалы, ол Жезқазған қаласындағы сауда павильонынан аптасына 50 бөлке нанды тегін таратып отыр. Бұл оның қайырымды шаруаларының біреуі ғана.

 

Ұлытау облысы