• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Шымкент 20 Қараша, 2024

Халықтың рухын ұштаған

127 рет
көрсетілді

Абай атындағы Шымкент қалалық орталықтандырылған көпшілік кітапханалар жүйесінің іргесі қаланғанына биыл 70 жыл толды. Кітапхана тарихы сонау 1947 жылдан басталады. Сол кезеңде қала тұрғындары теміржол клубына кітаптар апарып өткізе бастаған екен. Кейін клуб 1951 жылы Чапаев поселкесіне көшіріледі. 1954 жылы Шымкент қалалық атқару комитетінің шешімімен кірпіш зауытында №7, текс­тиль фабрикасында №8 өндірістік кітапханалар ашылады. Оларға орыстың жазушы-публицисі М.Горький мен жазушы А.Чехов есімдері беріледі. 1964 жылы Горький кітапханасы қазіргі Б.Момышұлы көшесіндегі жиырмасыншы үйдің бірінші қабатына орналасады. Содан кейін кітапхана бөлімшесінің саны отызға дейін көбейеді. Өткен ғасырдың 70-80 жылдары халықтың кітапқа деген қызығушылығы артады.

2005 жылы Үкімет қаулысымен кітапханаға Абай Құнанбайұлы есімі беріледі. Бұл шын мәнінде үлкен тарихи оқиға болды. 2009 жылы қала әкімдігінің қаулысымен орталық кітапхана көпшілік кітапханалар және балалар кітапханалар жүйесі болып екіге бөлінді. Бүгінгі таңда орталықтандырылған кітапханалар жүйесінде 23 бөлімше бар. Олардың бірнешеуі мегаполис­ке кейін қосылған елді мекендерде орналасқан. Сайрам, Шапырашты, Базарқақпа, Жыланбұзған, Қызылжар, Тоғыз тұрғын алаптарындағы мәдениет үйлерінде Абай кітапханасының бөлімшелері жұмыс істейді. Сонымен бірге төрт қоғамдық ұйымда жылжымалы кітап беру пунктері қызмет көрсетеді. Атап айтқанда, олар – «Amanat» партиясының қалалық филиалы, «Тең қоғам» әлеуметтік қолдау орталығы, «Ізетті зейнеткер» мекемесі мен №2 Оқушылар сарайы.

«Орталықтандырылған кітапханалар жүйесі жылына 103 мың адамға қызметін ұсынады. Келуші оқырмандар саны 580 мыңға жуықтады. Кітап қоры 554 мыңнан асса, 180 мыңға жуығы қазақ тіліндегі кітаптар. Мұнда құнды әдеби жәдігерлер, танымал тұлғалардың өмірі мен шығармашылығын қамтитын кітаптардың «Ал­тын қоры» сақталған. Осы қордан мәселен ең көне басылым Алексей Мерзляковтың 1830 жылы Мәскеудің баспасынан шыққан «Песни и романсы» кітабын, Федор Достоевскийдің 1895 жылы басылған «Дневник писателя» еңбегі мен Николай Гогольдің 1901 жылғы шығармалар жинағының 7-томын табасыз. «Бүгінгі заманда кітапсыз, сондай-ақ кітапханасыз адамның ойдағыдай дамуы мүмкін емес. Бүкіл әлемдегі кітапханалар – білім мен мәдениеттің ошағы, жаңа ойлар мен тың пікірлердің мекені» деп Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтпақшы, бүгінде мемлекет тарапынан мәдениет саласына өте көп көңіл бөлініп жатыр. Соның нәтижесінде соңғы екі жылда орталықтандырылған кітапханалар жүйе­сінің жеті ғимараты заман талабына сай жаңартылды, материалдық-техникалық базасы күшейтілді. Оқырмандар саны да жыл санап көбейіп келеді. Кітапхана қызметін жақсарту – халықтың рухания­тына жасалған қамқорлық. Ол әрдайым адамға рухани азық сыйлайтын киелі орын болып қала береді» деді Абай атындағы орталықтандырылған көпшілік кітапханалар жүйесінің директоры Нүрила Жұманова.

Мәдениет ошағы тұрғындарды кітап оқуға қы­зықтыру, оқырман қатарын көбейту мақсатында түрлі іс-шаралар мен жобаларды қолға алып ке­леді. Мәселен «Кітап оқитын Шымқала» буккроссинг көше сөрелері жобасы. 2021 жылдан қолға алынған бастама аясында қоғамдық орындарға, аулаларға кітап сөресі қойылып, оқырмандар сол жерден бір-бірімен кітап алмасып тұрады. Яғни оқырман оқыған кітабын сөреге қойып, басқа оқырманның оқып бітірген кітабын алып кетеді. Бұл жобаны «кітапқа екінші өмір сыйла», деп те атауға болады.

 

ШЫМКЕНТ